Аймақтар • 01 Маусым, 2021

Ауыл балалары бос уақытын қалай өткізеді?

442 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты «Ауыл отбасының әлеуметтік портреті» тақырыбына әлеуметтік зерттеу жүргізді. Зерттеу аясында 54 ауылдық елді мекеннен 1200 респонденттен жауап алынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауыл балалары бос уақытын қалай өткізеді?

Ауылдық отбасылардағы басты құндылықтардың үштігіне «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» ұстанымы (63,9%), дәстүрлер мен әдет ғұрыптарды сақтау (41%) және өзара сүйіспеншілік пен мейірбандық (37,4%) кіреді.

«Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?» деген сұраққа ауыл тұрғындарының 64%-ы отбасына, туыстарымен және достарына уақыт бөлгісі келетінін айтқан. 38,2%-ы уақытын теледидар мен интернетке жұмсайды. Ал 19,3%-ы өз шаруаларымен айналысады.

Сонымен қатар сауалнама балалар арасында да жүргізілген. Ауыл балаларының 50,8%-ы уақытын таза ауада, далада өткізгенді ұнатады. 36%-ы уақытын кино мен мультфильмге жұмсайды. 26,9%-ы үй шаруашылығына көмектеседі.

Бұдан бөлек бос уақытында ауыл балаларының 22,7%-ы мобильдік құрылғыларда отырса, 16,2%-ы әлеуметтік желілерге жұмсайды.

Зерттеу барысы көрсеткендей, ауыл тұрғындарының 74,2%-ы бала тәрбиесінде күш қолданғанды дұрыс көрмейді.

Айта кету керек, респонденттердің 88,2%-ы өз денсаулығын жақсы және қанағаттанарлық деп бағалаған. Сауалнамаға қатысқан ауыл тұрғындарының 41,2%-нда денсаулығына байланысты ешқандай проблема жоқ. Ал 46,6%-ы салауатты өмір салтын ұстанады.

Жалпы ауыл тұрғындарының 72,1%-ы қалаға көшуге ниеті жоқтығын айтыпты. Қалған 27,4%-ы балаларының сапалы білім алуы, жақсы жұмысқа орналасу және басқа да перспективалар үшін қалаға көшкісі келетіндігін жасырмаған.

Сондай-ақ ауылдық тұрғындар бала туғанда берілетін жәрдемақы, көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы сынды барлық мемлекеттік қолдау бағдарламаларынан жақсы хабардар екендіктерін айтқан.