Медицина • 01 Маусым, 2021

Қарағанды облыстық ауруханасына медициналық аппараттар берілді

434 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасына терапиялық гипотермия мен электроэнцефалографияға арналған аппараттар жеткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағанды облыстық ауруханасына медициналық аппараттар берілді

Олар босану кезіндегі асфиксияның ауыр түрлеріне байланысты жаңа туған нәрестелердің өлімін азайтуға көмектеседі. Заманауи реанимациялық құрал-жабдықтарды сатып алуда Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ұйытқы болды.

«Аталған жоба аясында электрэнцефалография мониторы мен автоматты басқарылатын гипотермия аппараты, сондай-ақ науқастың мониторы сатып алынды. Мұның бәрі сәбилер өлімі деңгейін төмендетуге, сондай-ақ жаңа туған нәрестелерде асфиксияға ұшырау нәтижесінде мүгедектіктің ауыр түрлерінің дамуының алдын алуға бағытталған. Біз денсаулық сақтау саласында бірқатар жобаны жүзеге асырудамыз, соның арқасында жыл сайын мүгедектігі бар 7 мыңнан астам бала заманауи орталықтарда тегін оңалтудан өте алады, Қазақстанда емделмейтін диагнозы бар шамамен 100 бала шетелдік клиникаларда емделеді, 600-ден астам «ерекше» бала бейімделген спортпен айналысады, ал 10,5 мың бала түзету кабинеттері мен инклюзивті орталықтарда мамандардан көмек ала алды», деп атап өтті қордың ресми өкілі Мирас Іргебаев.      

Ол сондай-ақ қор Қарағанды облысында бұқаралық және бейімделген спорт түрлерін дамыту, отбасы институтын қолдау, Covid-19 қарсы күрес аясында медициналық мекемелерді жабдықтармен қамтамасыз ету сияқты бірқатар маңызды әлеуметтік жобаларды іске асыратынын атап өтті.

Жыл сайын Қарағанды облысында 19 мың бала дүниеге келеді, оның 7%-ы – мерзімінен ерте туғандар. Оларға негізгі көмекті 6 перинаталдық орталық көрсетеді. Олардың бірі облыстық клиникалық аурухана базасында жұмыс істейді және жыл сайын 5000-ға жуық босануды қабылдайды. Былтыр мұнда орта және ауыр дәрежелі асфиксиямен 100-ге жуық сәби дүниеге келді. Олардың барлығы терапевтік гипотермия жүргізуді қажет етті. Алайда бұл үшін ауруханада арнайы құрал-жабдықтар болмады, сондықтан қолда бар құралдармен жұмыс жасауға тура келді.

Терапиялық гипотермияны алғашқы 6 сағатта, тіпті жаңа туған нәрестенің өмірінің алғашқы минуттарында қолдану қажет. Сонда ми жасушаларының жұмысын қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Егер мұндай аппарат ауруханада болмаса, бала орталық жүйке жүйесінің ауыр функционалдық зақымдануымен өмір сүруіне тура келеді, кейде тіпті қайтыс болуы мүмкін. Гипотермия аппараты жаңа туған нәрестенің барлық денесін немесе оның бөлігін ұқыпты салқындатады, осылайша нүктелі температуралық әсерлер қан ағынын түзетуге және сол арқылы нәрестелердің бас миының жасушаларының немесе зақымданған бөліктерінің қалпына келуін бақылауға мүмкіндік береді.