Кино • 01 Маусым, 2021

Бүгінгі киноның беталысы қалай?

5372 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Кино – кез келген ұлттың бет-бейнесін, өмір сүру салты мен ойлау жүйесін, тіпті сол халықтың өткен тарихы мен өткелек жолдарын көрсететін айна іспеттес көркем өнер.

Бүгінгі киноның беталысы қалай?

Байқасақ, кейінгі уақытта қазақ кинематографиясында жаңа фильмдер көптеп-ақ түсіріліп жүр. Мәселен, екі жыл бұрын отандық кинематография қоржынына бір жыл ішінде 36 көркем картина қосылса, оның 90-95 пайызы жекеменшік киностудиялар түсірген коммерциялық жобалар екен. Алайда экранға шығып, халыққа ұсынылып жатқан сол сансыз фильмдердің сапасы қай деңгейде? Жалпы, бүгінгі киноның кемшіліктері мен жетістіктері қандай? Отандық фильмдерді идеологиялық құрал ретінде пайдалана алып отырмыз ба?

Біз белгілі кинотанушылар мен киносыншылардың басын қосып, осы сұрақтарды ортаға салдық.

Назира РАХМАНҚЫЗЫ, кинотанушы, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры:

– Бүгінгі таңда Қазақстанда кино өндірісі саласында жүз пайыз мемлекеттің қатысуымен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы секілді екі үлкен кинокомпания, сондай-ақ анимациямен, толықметражды, қысқаметражды және тағы да басқа фильмдер өндірісімен айналысатын 300-ге жуық жеке компания жұмыс істейді. Алайда пандемия кезінде бүкіл әлем киносы секілді отандық киномыз да күрделі кезеңді өткерді. Фильм түсіру, кинопрокат процестері қиындыққа тап болды. Әсіресе карантин кезінде жұмысын тоқтатқан кинотеатрлардың шығыны бірнеше есе өсіп кеткені белгілі.

Соңғы жылдары белгілі тұлғалар, тарихи оқиғалар туралы фильмдер түсіру үрдісінің қарқынды екені байқалады. Томирис, Жәнібек хан, Керей хан, Балуан Шолақ, Жақсылық Үшкемпіров, Бекзат Саттарханов туралы фильмдердің экранға шығуы соның дәлелі. Соңғы бір жылда Болат Қалымбетовтің «Мұқағали», Қанағат Мұстафинннің «Қажымұқан» фильмдері түсірілді. Мұқағали Мақатаев, Қажымұқан Мұңайтпасовтардың да экрандық бейнесі бұған дейін деректі, телевизиялық фильмдерде кездескенімен, көркемсуретті кинода болмағаны белгілі. Сондықтан мұндай фильмдердің түсірілуінің маңызы зор.

Соңғы екі-үш жылда «Уақыт жолдары» (реж. Е.Нұрмұхамбетов), «Қап-қара адам» (реж. Ә.Ержанов), «Әлемнің мейірлі енжарлығы» (реж. Ә.Ержанов), «Тұлғалық өсу тренингі» (реж. Ф.Шәріпов), «Марьям» (реж. Ш.Оразбаева) секілді авторлық фильмдер дүниеге келді. Биыл Әділхан Ержановтың «Адемоктың оқуы», Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» фильмдері түсірілді. Екі фильмнің де өндірісі Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы арқылы қаржыландырылды. Жалпы, қазіргі уақытта Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы арқылы тек тарихи, патриоттық және имидждік фильмдерді ғана емес, сондай-ақ жастар киносын, дебюттік, анимациялық фильмдерді де қаржыландыруға назар аударылуда.

Қазіргі таңдағы ең бір өзекті мәселелердің бірі – балаларға арналған қазақ тіліндегі анимациялық, көркемсуретті фильмдердің аздығы болып отыр. Осы бағытқа мүмкіндігінше мән берілуі керек деп ойлаймын. Мәселен, 2019 жылы 60-тан астам көркемсуретті фильм түсірілді. Соның ішінде балаларға арналған, қазақ тілінде түсірілген «Каникулы оффлайн 1, 2» атты екі фильм ғана экранға шықты. Қазақ тіліндегі анимациялық фильмдердің жиі түсірілуіне де аса назар аударуымыз керек. Өйткені қазіргі ұрпақ – қаласақ та, қаламасақ та, кітаптан гөрі, экранға үңілген ұрпақ екенін біліп отырмыз. Тілі де, жаны да қазақ қаншама отбасында өсіп келе жатқан балалардың ана тілінде емес, өзге тілде сөйлейтіндеріне куә болып жүрміз. Сондықтан мемлекеттік тілді дамыту саясатын жүргізуде анимациялық және балаларға арналған фильмдердің маңызы өте зор.

Жалпы тіл мәселесі қазір киномызда тым өзекті мәселеге айналып барады. Мәселен, өткен жылғы ақпан айының соңы мен наурыз айының басында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы питчинг өткізді. Сол питчингке қатысқан 88 жобаның ең көп дегенде жеті-сегізі ғана қазақ тілінде қорғалды. Және авторлардың көпшілігі өздерінің болашақ фильмдері туралы стилі анаған, формасы мынаған, мазмұны, кейіпкері анаған ұқсайды деп белгілі шетелдік фильмдерді атап жатты. Сценарий орыс тілінде жазылса, стилі, формасы, т.б. шетелдік дүниелерге «мойын бұрып» тұрса, қандай фильм шығатыны түсінікті ғой (әрине егер өндіріске жіберілсе). Өзге мәдениеттің кодымен «сөйлейтін» (тіпті шебер «сөйлесе» де) фильмдерді көргенде үнемі әрі-сәрі күйде болатынымыздың себебі де сонда ғой. Кейіпкерінің аты, түрі қазаққа келеді, бірақ қазақтың өзі жоқ.

Кино өнері бұл тек фильмдер өндірісі емес, сонымен бірге оның насихаты да. Қазақ киносының насихаты өте қажет екеніне жиі көзіміз жетіп жүр. Уақыт өткен сайын кино операторлары мен сценаристерін, суретшілерін айтпаған күннің өзінде, Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов секілді классик режиссерлерімізбен Елубай Өмірзақов, Нұрмұхан Жантөрин, Кәукен Кенжетаев секілді көптеген дарынды актерлеріміз туралы естімеген де, танымайтын да ұрпақ өсіп келеді. Өкінішке қарай, олар тек заманауи экраннан жиі көрінетін өнер иелері (әншілер, коммерциялық фильмдер актерлері, әзіл-сықақ театрларының актерлері, т.б.) мен фильмдерді (көбіне коммерциялық фильмдер) ғана біледі. Яғни бүгінгі жас ұрпақ қазақ киносының тарихынан хабарсыз. Себеп – насихаты жеткілікті емес.

Бізде соңғы отыз жылда қазақ киносы туралы шыққан кітаптың жалпы саны – 20-дан аспайды. Оның ішінде 7-8-і ғана мемлекеттің қолдауымен шықты. Қалғандары жеке демеушілердің, түрлі шетелдік, отандық қорлардың, біразы авторлардың өздерінің жеке қаражатына шықты. Ал қазақ тіліндегі әдебиеттің саны саусақпен санарлықтай ғана, бар болғаны – 7-8 кітап. Осы бар әдебиеттің өзімен де оқырман аса таныс емес. Жоғарыда айтылған 20 шақты кітаптың кейбірі ғана еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы секілді ірі қалаларының кітапханаларының қорында (онда да барлығында емес) болғанымен, ауылдар, аудандар мен облыстар кітапханаларынан мүлдем табылмайды. Кино өнерінің белгілі шеберлерінің (сценаристер, режиссерлер, операторлар, актерлер, суретшілер т.б.) өмірі мен шығармашылығы туралы насихат тым мардымсыз. Мұндай әдебиеттің саны бар болғаны 3-4-тен аспайды. Сондықтан қазақ киносының насихаты, зерттелуі фильм өндірісімен қатар дамуы керек. Мұны бір-бірінен бөліп-жармағанымыз дұрыс.

 

Гүлажар МАШРАПОВА, кинотанушы, Қазақстан киносыншылары қауымдастығының мүшесі:

– Бүгінде жанрлық алуан түрлі дамып келеді. Қазір біз фильмдердің ішіне, әсіресе драмалар, комедиялар мен триллерлердің арасына аз-аздан харрора жанрын қосып, жұмыс істеуге тырысып жүргендерді көреміз. Бұл тәжірибе біздің киноиндустрияның өсуі мен дамуы туралы пікір қалыптастырады. Бірақ өсу әдетте, жұмыс барысындағы ауыртпалықтармен қатар жүреді. Мысалы, біз кейбір жанрлық теңгерімсіздікті байқау үстіндеміз. Біздің көрермендер арасында ең танымал әрі табыс әкелетін ең пайдалы жанр комедия болғандықтан, олардың сұранысқа сай көптігін аңғарамыз. Сәйкесінше басқа жанрлардың жетіспейтіндігі көңілге кірбің ұялатады.

Мәселен, бізге әлі де болса сапалы экшн-фильмдер, триллерлер, қорқынышты кинокартиналар ауадай қажет. Бұл тиісінше сол жанрларды дамытады. Өкінішке қарай, комедиялық фильмдерді түсірушілер көбіне тәуекелге бармайды әрі басқа бағытта тәжірибе жасауға жүрексінеді. Барлық режиссер көрермен талғамына сәйкес сюжеттік бұрылыстарды, кейіпкерлер типтерін және ұқсас әзілдерді қолдануды жөн көреді.

Егер бұрын қазақстандық кино авторлық және коммерциялық кино болып екіге бөлінген болса, қазіргі кезде біз киноның екі түрі бір-біріне қарама-қарсы қадам басып келе жатқанын көріп отырмыз. Мысалы, авторлық киноның ең танымал өкілінің бірі, кинорежиссер Әділхан Ержановты алайықшы. Оның барлық фильмі көптеген халықаралық кинофестивальге қатысқанына қарамастан жергілікті прокатқа іліне алмады. Әйтсе де соңғы екі жылда жағдай өзгерді. Ә.Ержанов коммерциялық кинода танымал болған актерлермен жұмыс істей бастады. Бұл актерлердің неғұрлым шығармаға салмақ беретінін, берілген рөлді өте шебер ойнайтынын, көрермендердің киноға деген қызығушылығын арттыратынын білдіреді. Сондықтан режиссер авторларға, үнемі жаңа идея шеңберінде жылжып, олардың стилінің интеллектуалдылығын жандандыруы, өз киносының кең аудиторияны қызықтыруы қажет.

Біз бұл тенденцияның дамуын әсіресе Әділхан Ержановтың «Қап-қара адам» фильмінен айқын көреміз. Бұл сөзсіз авторлық фильм, ең кереметі дәл осы туынды қалың көрерменге өте танымал болды. Пандемия басталғанға дейін талай биікке қол жеткізді. Бірнеше танымал ресейлік онлайн-кинотеатрға шығарылды. Сондай-ақ оны орыс халқы үлкен қошеметпен қабылдады.

Осының нәтижесінде актер Данияр Алшинов Ресей нарығында кәсіби сұранысқа ие болды. Мысалы, ол жақында сенсацияға толы ресейлік «Happy End» телехикаясына қатысты. Бұл ретте режиссер Әділхан Ержанов та ресейлік продюсерлер арасында үлкен қызығушылық тудыруда. Оның да соңғы екі фильмі ресейлік продюсерлердің қаржыландыруымен өндіріс сатысына көтерілді.

Бүгінде бізде халықаралық «А» класындағы кинофестивальдерде үлкен сұранысқа ие бірқатар режиссер бар. Олардың арасында біз сол Әділхан Ержановты, сондай-ақ Эмир Байғазинді, Фархат Шәріповті, Шәрипа Уразбаеваны, Ерлан Нұрмұхамбетовті атай аламыз. Бұл – нағыз галактика. Олар Канн, Венеция, Берлин және беделді марапатқа ие болған басқа да халықаралық кинофестивальдің конкурстық бағдарламаларына қатысқан өз саласының шеберлері. Олар сондай-ақ қазақстандық киноны әлемдік аренаға шығарған жас режиссерлер ретінде де көрермен қошеметіне ие. Бұл біздің киномыздың және тұтастай еліміздің танымал болуына ықпал етеді.

Алдағы уақытта авторлық құқық пен коммерциялық киноның бірігу тенденциясының өсуі ықтимал. Авторлармен жұмыс істейтін кинотеатрлар өзінің көркемдік құндылығын жоғалтпастан кең аудиторияға жақындай түседі. Ал коммерциялық кинотеатр уақыт өте келе өз бағасын көтеріп, сапа жағынан жоғарылауға тырысады. Екеуі де бәсекелестікке төтеп беруге ұмтылады.

 

Ержан ЖҰМАБЕКОВ, кинотанушы, Baiqonyr International Short Film Festival-інің бағдарламалық директоры:

– Бүгінгі қазақ киносының бет-бейнесі туралы айтар болсақ, ең әуелі жастар киносы турасында айтып өткеніміз дұрыс болар. Өйткені бүгінгі тәуелсіз жас кинорежиссерлер өздерінің шығармашылық әлеуеті мен көркемдік деңгейін дәлелдей отырып, Қазақстанда ғана емес шетелдік фестивальдерде топ жарып келеді. Олардың арасында талантты жастар өте көп, атап айтар болсақ, Әділхан Ержанов, Эмир Байғазин, Фархат Шәріпов, Шәрипа Оразбаева, Айжан Қасымбек сынды режиссерлер тобы дара қолтаңбасымен бірден танылды. Бұл режиссерлердің ерекшелігі сол – уақытпен бірге жүреді. Уақытты сезіне біледі. Яғни қазіргі таңда болып жатқан қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге дер кезінде өзінің пікірін, көзқарасын жеткізе білді. Мәселен, Шәрипа Оразбаеваның «Мәриям», «Қызыл анар» фильмі бүгінгі әйел бейнесін жан-жақты, шебер жеткізуімен айрықша. Сол сияқты Әділхан Ержановтың «Қап-қара адам», Фархат Шәріповтың «18 кгц» фильмдері бүгінгі қоғам шындығын өзекті, өміршең сұрақтар төңірегінде көтеріп жүр.

Киноөнер және коммерциялық мақсатта көңіл аулау үшін түсірілетін фильмдердің бағыты да, мақсаты да, мағынасы да бір-бірінен алшақ жатыр. Әсіресе көрерменнің эстетикалық һәм талғам көзқарасын қалыптастыруда киноның орны үлкен. Өкінішке қарай, қазақстандық көрермен мен кино арасында шешілмей келе жатқан мәселелер бар. Оның бірден бір себебі, тәуелсіздік алған елең-алаң шақта голливудтық, еуропалық фильмдердің қисапсыз ағылып келуі көрерменнің көңілін жаулап алып, өзіндік деңгейін қалыптастырды. Осылай біз өз көрерменімізді жоғалтып алдық деуге болады. Сондықтан біздің қазіргі міндетіміз төл көрерменіміздің зейінін өзіне, түп тамырына бұруымыз керек.

Кино өнерінің дамуына әсерін тигізетін бірден бір феномені қай заманда болмасын, ол – ұлттық негізі. Көптеген көркемдік концепциялар осы ұлттық тақырыптардан нәр ала отырып, жүзеге асты. Мәдени және қоғамдық жайттармен астасқан өзіне ғана тән мінез бен ұлттық болмысы сол елдің кинематографиясын алға жетелеп өзінше ерекшелендіріп отырады.

 

Дана ӘМІРБЕКОВА, киносыншы, Қазақстан Киносыншылар қауымдастығының мүшесі:

– Қазіргі кино негізгі үш бағытта дамып келеді. Атап айтар болсақ, киноны өнер тұрғысында қарастыратын Art cinema, киноны қаржы табу көзі ретінде пайдаланып, өнім ретінде қарастыратын Mainstream және мемлекеттің тапсырысымен түсірілетін тарихи жобалар. Посткеңестік елдердің саяси-әлеуметтік жағдайына, экономикасы мен мәдениетіне төңкеріс жасаған геосаяси апат орын алған 1990 жылдармен салыстырғанда, отандық кино саласы қарқынды түрде даму үстінде деп айтуға болады. Мысалы, осыдан отыз жыл бұрын қазақ экранына жылына бір фильм жол тартса, бүгінде жылына жарық көретін отандық фильмдеріміздің саны 60-қа жетті. Сан жағынан алып қарағанда, бұл – шын мәнінде, үлкен жетістік. Алайда сапасына үңіліп, кәсіби тұрғыда баға берер болсақ, әттеген-ай дегізетін тұстары да жоқ емес.

Art cinema, демек авторлық туындылар ұсынатын суреткерлеріміз әлемнің ең үздік фестивальдерінде үздік атанып, жалауымызды биікте желбіретіп жүр. Еуропа мен Батыстың ғасырдан астам уақыт ішінде ойлап тапқан кино түсіру әдіс-тәсілдерін жоғары деңгейде меңгерген біздің киногерлер әлемнің мен деген суреткерлерімен текетіресе алады. Десек те, бұлар қандай фильмдер? Иә, кино тілі тұрғысынан мінсіз дерсіз... Алайда туындылардың түп негізі стиль мен формаға ғана келіп тірелмейді. Кез келген өнердің тамыры неғұрлым тереңдей түссе, соғұрлым шынайы әрі мән-мағынаға толы болады. Өкінішке қарай, отандық режиссерлеріміз Еуропа мен Батыс елдерінен түсіру тәсілдерін үйренумен шектелмей, идеяларын да солардан алып жүр. Олар фильмдерінде өз мәдениеті мен әдебиетіне, діні мен діліне, өмірлік философиясына сілтеме жасайды. Ал соларға барынша ұқсағысы келіп, еліктейтін біздің киногерлер болса, өз мәдениетіміз бен дүниетанымымыздың түп негізі болып табылатын фольклорымыз бен әдеби шығармаларымызды ысырып қойып, біресе Батыс жазушыларының туындыларына, одан қалса өзге діннің қағидалары жазылған Библиясына бет бұрады. Бұдан кейін қазақтың исі аңқып тұратын «Менің атым Қожа», «Қыз жібек», «Тұлпардың ізі» сынды үздік туындылар қайдан болсын?

Бүгінгі күннің режиссерлері – индивидуалистер. Бұл авторлық, демек өнер киносы үшін жақсы, әрине. Себебі өзіне тән қолтаңбасы бар суреткер ғана авторлық туынды жасай алатыны белгілі. Бұндай фильмдерде автор өзін ойландыратын мәселелерді қайталанбас түсіру мәнері мен ерекше қолтаңбасы арқылы суреттейді. Десек те, кино – әуел бастан синтезді өнер. Осы ретте мемлекеттің тапсырысымен түсірілетін тарихи туындыларға индивидуализм кері әсерін тигізетіні хақ. Әсіресе, тарихи жанр бір адамның ғана көзқарасы арқылы түсірілмеуі керек. Мысалы, «Қыз Жібек» фильмін Сұлтанахмет Қожықовтың авторлық туындысы деуге болмайды. Бұл туындыны жарыққа шығару үшін сол замандағы мәдениет пен өнер саласының ең үздіктері жабыла жұмыс атқарған. Олардың әрқайсысы өз саласы бойынша ақыл-кеңесін ұсынып, туындының сәтті шығуына барын салған. Ал бүгінгі таңда бұндай үрдіс байқалмайтыны өкінішті.

Енді қалың көпшілікке арналған Mainstream бағытына келейік. Иә, коммерциялық фильмдеріміздің саны күн санап артуда. Әлемді дүр сілкіндіріп, өмір сүру салтына өзгеріс енгізген пандемияның алдында аптасына кем дегенде бір отандық фильмнің премьерасына баратын күнге жеткен болатынбыз. Десек те, жанрлық туындылардың 70 пайызы тек комедия жанрында түсіріледі. Голливуд пен Болливудтың таптаурын болған шаблондарына сүйеніп, әбден жауыр болған сюжеттерін қайталап, онда да өте әлсіз көшірме жасап жүрген бұл фильмдер түсетін актерлер мен оқиға өрбитін орындар, демек локациялар болмаса, қазақ дүниетанымынан, өмір сүру салтынан мүлде алшақ.

Коммерциялық фильмдердің көңілге қонымсыз болатынының бірден бір себебі кәсіби киногерлердің жанрлық киноға деген салқынқандылығында деп есептеймін. Кино саласының кәсіби мамандары қалың көпшілікке арналған фильм түсіруді өздеріне намыс көреді. Олар әлемге есімдерін танытқысы келіп, тек фестивальдерге арналған авторлық фильмдер түсіргілері келеді. Жақында Нұрлан Қоянбаевтың You Tube желісінде берген сұхбатын көрдім. Сұхбат барысында ол осы мәселені көтеріп, егер кәсіби режиссерлер жанрлық киноға бет бұрса, әуесқой режиссерлер бұл саладан бірден ысырылып қалатынын ашық айтты. Продюсердің ойымен келісемін. Естеріңізде болса, кеңес заманында авторлық кино түсірмес бұрын, кино режиссері өз біліктілігін жанрлық фильм түсіріп дәлелдеуі шарт болған. Әлемге авторлық кино режиссері ретінде танылып, есімі кино тарихында алтын әріптермен жазылып қалған Андрей Тарковскийдің өзі тырнақалды туындысын көпшілік көрерменге арнап түсірген. Сол үрдісті қайта жандандырып, қолға алуымыз керек. Сонда Mainstream бағытындағы фильмдердің де сапасы арта түсері анық. Кино – адамның сана-сезіміне, психологиясына, ой-өрісі мен дүниетанымына әсер ететін, атом бомбасынан да қатерлі қару. Дұрыс мақсатта пайдаланса, кино бүкіл адамзатты біріктіріп, әлемдегі жамандықтың азаюына, адамзаттың тазаруына септік етуге қауқарлы. Сонымен қатар ол адамзатты ақылынан адастырып, түзу жолдан тай̆дырып, зұлымдықтың орнауына да жұмыс істей алады. Кімнің және қандай мақсатта пайдалануына байланысты, әрине.

Сондай-ақ бүгінде жеткілікті дәрежеде мән берілмейтін аса маңызды сала бар. Ол – кино сыны. Елімізде кинотанушыларды оқытып, кәсіби білім беретін екі үлкен ғылым ордасы бар. Бірі – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы болса, екіншісі – Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университеті. Бұл оқу орындарынан жылына кем дегенде 10-15 түлек бітіреді. Алайда кинотанушы маман тікелей жұмыс атқаратын мекемелер жеткіліксіз болғандықтан, бірі кастинг маманы, екіншісі видео инженер, үшіншісі продюсер және т.б. болып жұмысқа орналасады. Әрине, жоғарыда аталған мамандықтарды атқаруға кинотанушының білімі де, біліктілігі де жетеді. Десек те, сыннан алшақтап кететіндіктері өкініш тудырады. Осы ретте кәсіби сыншылардың орнын журналистер атқарып жүр. Журналистердің білімі терең, тілі көркем болғанымен, кино саласының жілігін шағып, майын ішкен кинотанушылармен текетіресе алмайды. Бір күні саясатты зерттеп, екінші күні экономика тұрғысында пікір білдіріп, үшінші күні өнерге қатысты мақалалар жазатын журналистер көп жағдайда үстірт ойлар айтып, кино тіліне қарағанда театрға жақын фильмдерге жоғары баға берген мақалаларын оқимыз. Сол себепті теледидар мен газет-журналдарға бір-бір кинотанушы бекітілсе, ол маман басқа еш салаға көңіл бөлмей, алаңсыз киноны зерттеп, терең талдаулар жасап тұрса, оны оқыған көрерменнің де талғамы қалыптаса түсері анық. Ресейде кәсіби кино сынына арналған екі бірдей журнал бар. Бірі – «Искусство кино», екіншісі – «Киноведческие записки». Кинотанушылардың терең талдауларын оқып, әр жаңа фильмге қатысты кәсіби пікірлерін оқитын киноға қатысты арнайы журналдар ашылса, көрермен сүйіп көретін «Соңғы муза» (Abai tv), «Ашық көрсетілім» (Ел Арна) іспеттес бағдарламалар көптеп түсірілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ханымның киносыншылармен кездесуінде осы мәселені көтерген едім. Министр ханым ойыммен келісіп, бұл мәселені қолға алатынын айтқан болатын. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, қазақ киносының деңгейін көтеру үшін ең алдымен көрермен талғамын қалыптастыруымыз керек. Талғамды көрерменнің талабы да басқа болады. Талап басқа болғанда көрерменге ұсынылатын туындылардың сапасы да арта түседі. Ал көрерменнің талғамын қалыптастырып, жақсы мен жаманның ара-жігін ажыратуды үйрететін бірден-бір маман – сыншы.

 

Дайындағандар

Маржан ӘБІШ,

Ая ӨМІРТАЙ,

Мұхтар КҮМІСБЕК,

«Egemen Qazaqstan»