Сұйытылған табиғи газдың (СТГ) әлемдік нарықтағы үлесі жедел қарқынмен өсіп келе жатқаны мәлім. Болжамға сәйкес, 2035 жылға қарай СТГ-ны тұтыну мен оның өндіріс көлемі екі есеге өседі. Еліміздегі алғашқы криогенді жанармай құю стансасының ашылуы өңірдегі көлік жүк тасымалының дамуына жаңа серпін береді деп күтілуде. Себебі қазір әлем бойынша тауарлар мен жүктерді жеткізудің жылдам әрі арзан қызметтері сұранысқа ие. Мамандардың айтуынша, бұл халықаралық жоба көлік инфрақұрылымын дамытып, Жібек жолының тамырына қайта қан жүгіртеді. Жаңа нысан сұйытылған табиғи газды пайдаланатын көліктерге арналған. Аталған өнім – жанармайдың қауіпсіз және экологиялық таза түрі, оның құны да бензиннен әлдеқайда арзан.
Модульдік криогенді жанармай құю стансасы сорғылармен жарақталған СТГ блогынан, тығыздалған газ блогынан және сыйымдылығы 17 мың тоннаны құрайтын криогенді танк-контейнері мен басқару блогынан тұрады. Стансаның қуаттылығы сағатына 12 жүк көлігіне дейін қызмет көрсетуге қауқарлы. Оның іске қосылуы жүк тасымалының уақытын екі есеге қысқартуға мүмкіндік береді.
«Газды сұйылту, тасымалдау және сақтау индустриясы қарқынды дамып келеді. Жанармайдың бұл түрі – энергияға қанық және нарықта кеңінен таралған отын. Оны қолданудың артықшылығы көп. Бағасында да айырмашылық үлкен, табиғи газ 50%-ға арзан», деді «Газпром СТГ Технологиялары» ЖШҚ директорлар кеңесінің төрағасы Алексей Кахидзе.
Аталған жанармай экологиялық тиімділігі жағынан ғана емес, жұмыс өнімділігін арттыруда да септігі мол, дейді мамандар.
«Биыл бірқатар басымдыққа ие 3 мыңға жуық техниканы әкелуді жоспарлап отырмыз. Сұйылту кезінде газды тазартудың озық тәсілі қолданылады, ол дизель отынымен салыстырғанда зиянды заттарды 40%-ға дейін азайтады. Бұдан бөлек, қозғалтқыштың жұмыс ресурсын 15%-ға арттырады», деді «Гефест» ЖШҚ коммерциялық директоры Александр Товпеко.