Аймақтар • 02 Маусым, 2021

Қажымұқанның жолын қуған

734 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақта «Күш атасын танымас» деген сөз бар. Ұлы даламызда егеулі найза қолға алып жауға шапқан батырлар да, алысқанын алып жыққан балуандар да өткен. Сол тектілердің жалғасындай болған азаматтар арамызда бүгін де бар. Қазіргі заманның Қажымұқаны деуге тұрарлық Айбар Ержанов бұл күнде ауыр жүк көліктерін жалғыз өзі сүйреп, көпті таңдандыруда. Ол әуелі жол талғамайтын жапондық үш «Джип» автокөлігін қатарынан жалғыз тартып көптің ықыласына бөленсе, жуырда салмағы 15 тонна болатын ауыр жүк көлігін тағы да жалғыз сүйреп ерекше қабілетін танытты.

Қажымұқанның жолын қуған

Әрине, Айбардың бұл әрекетін қолдаушылар да, оны бағалаушылар да көп болды. Әуелгі қол­даушылары әкесі Тұрғанбай Ержанов пен анасы Күнбала Ермекова екен. «Анам менің наға­шыларымның өте мықты кісілер болғанын айтады. Әкем де, анам да еңбекқор адамдар. Әкем қара күш жағынан мықты кісі», дейді спортшының өзі.

  Дейтұрғанмен, Айбар бірінші кезекте мұны мақтаныш немесе елге танылу үшін емес, қазақтың қайсарлығын насихаттау үшін қолға алыпты. Әрі биыл әйгілі Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 150 жыл толуына орай  көлік тартуды ұйымдастыруда. Сарысу ауданы Саудакент ауылында қарапайым отбасында тәрбиеленген Айбар бала күнінен спортшы болуды армандапты. Уақыт өте келе ол белестерді бағындырып, спорт әле­мінде бірқатар жетістікке жеткен. Жерлесіміз пауэрлифтингтің 8 түрінен спорт шебері атанған. Мәселен, 2017 жылы «Классикалық жатып сы­ғым­­даудан Қазақстан Республикасының спорт шебері», 2018 жылы «Қазақстан Республикасының спорт шебері», 2019 жылы «Әскери жатып сығым­даудан Қазақстан Республикасының спорт ше­бері» атақтарына және өзге де марапаттарға қол жеткізген. «Қазіргі уақытта бұл спорт түрі шет мемлекеттерде көп таралған. Біздің елімізде санаулы жігіттер ғана ауыр жүк көліктерін тартып жүр. Осы­дан екі жыл бұрын көлік сүйреу туралы ойыма кел­ген. Алайда әлемді жайлаған індетке байланыс­ты біраз дайындықтар шегеріліп қалды. Бірақ бұл шаруаға физикалық тұрғыдан дайын едім. Осы жылдың басында қайтадан дайындала бастадым», дейді Айбар Ержанов. Нәтижесінде, салмағы ондаған тонна болатын ауыр көліктерді кедергісіз тартып, күш-қуатын тағы да дәлелдеді.

Қазақ жастарын отансүйгіштікке баулу мақ­са­тында ауыр спорт түрімен айналысып жүрген Айбар бүгінде жанына шәкірт жинап, білгенімен бөлісіп келеді. Жанындағы Бауыржан Камалиев, Ержан Жақаев, Серік Сеңгірбаев сияқты жігіттермен бірге әлі талай жетістіктерге жетуді жоспарлауда. Жол тал­ғамайтын көліктерді де, ауыр жүк көлігін де жал­ғыз сүйреген Айбар енді алдағы уақытта по­­йыз ва­гонын тартуды да көздеп отыр. Бұл да уа­қытында көпшіліктің таңданысын тудырып, қызы­ғу­шылығын арттыратын оқиға болатыны сөзсіз.

 

Жамбыл облысы