Алғашқы болып өз жанкүйерлерін 55 кило салмақта өнер көрсеткен Абылай Әуелханов қуантты. Былтыр Перу астанасы Лимада ұйымдастырылған Әлем кубогында топ жарып, биыл ересектер арасындағы ел чемпионатының бас жүлдесі мен Азия біріншілігінің күміс медалін иеленген жас өреніміздің Ташкенттегі табысы да толағай болды. Қоссайыс қорытындысы бойынша 248 (108+140) килолық зілтемірді көтерген қазақтың алтын асықтай ұлы қарсыластарының барлығынан қара үзіп кетті. Абылай екінші орынға табан тіреген өзбекстандық Оғабек Нафазовтан бақандай 15 кило артық салмақты еңсерді.
61 және 67 кило салмақ дәрежелерінде сынға түскен Алексей Дроздов пен Ақмолда Сайрамкез күміс медальды мойындарына ілді. Алексейдің нәтижесі – 282 (128+154) кило. Ол италиялық Сержио Массидадан қалып қойды. Апеннин түбегінен келген тастүлектің көрсеткіші – 285 (129+156) кило. Ал Ақмолданың басты бәсекелесі тым мықты болды. Қанша талпынғанымен, қандасымыз Фуркан Мұхаммед Өзбектен оза алмады. Түркияның тастүлегі 317 (141+176) килолық батпан темірді тік көтерсе, біздің жігіт 308 (132+176) киломен шектелді.
102 кило салмақта күш сынасқан Рахат Бекболатқа айрықша сенім артылғаны белгілі. 2019 жылы ол жасөспірімдердің әлем және Азия біріншіліктерінде алтын тұғырға көтерілсе, былтыр Әлем кубогында дара шығып қана қоймай, рекордты да жаңартты. Сол жарыстардың бірінде соған дейін Илья Ильин көрсеткен нәтижеден асып түскен қазақтың нар тұлғасы ұлы көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Биыл ересектердің Азия чемпионатында да Рахат алдына жан салмады. Бұл жолы да қандасымыз өзіне артылған сенімді толығымен ақтады. Қоссайыс қорытындысы бойынша 377 (175+202) килоны еңсерген Бекболат бас жүлдені қанжығасына байлады. Сыр бойының сайыпқыраны екінші орынды иеленген болгариялық Василь Мариновтан жеті кило артық салмақ көтерді. Үшінші орынға табан тіреген грузиялық Заза Ломтадзенің көрсеткіші – 351 кило.
Қыздар арасында Гүлнұр Ыбырай (64 кило) мен Айсамал Сансызбаева (+87 кило) өнер көрсетті. Гүлнұр румыниялық Ларуча-Андреа Олару мен италиялық Джулия Мисерендинодан қалып қойып, қола медальді қанағат тұтты. Ал Айсамал алтыннан алқа тақты. Бұған дейін де өз құрбылары арасында өткен талай дүбірлі додада дараланған қазақ қызы қоссайыс қорытындысы бойынша 258 (113+145) килолық зілтемірді еңсеріп, бас жүлдені олжалады. Екінші орынға табан тіреген Ресей спортшысы Виктория Орлова одан бақандай 23 кило кем көтерді.
Осылайша, төрт медальға (2 алтын, 2 күміс) иелік еткен Қазақстанның ұлдар құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды олжалады. Екі жүлдені (1 алтын, 1 қола) қоржынға салған қыздарымыз алтыншы орынға табан тіреді. Ал бөріктілер мен бұрымдылардың нәтижелерін қоса алғанда, төрткүл дүниеде біздің өрендерге тең келер ешкім табылмады.
Әлем біріншілігінің жеңімпаздары
Ұлдар: 55 кило – Абылай Әуелханов (Қазақстан), 61 кило – Сержио Массида (Италия), 67 кило – Фуркан Мұхаммед Өзбек (Түркия), 73 кило – Ризки Джунинсях (Индонезия), 81 кило – Мұхаммадқадыр Тоштемиров (Өзбекстан), 89 кило – Тудор Брату (Молдова), 96 кило – Гарик Карапетян (Армения), 102 кило – Рахат Бекболат (Қазақстан), 109 кило – Христо Христов (Болгария) және +109 кило – Энзо Кофи Куврог (Нидерланд).
Қыздар: 45 кило – Кансу Бектас (Түркия), 49 кило – Кантика Винди Айсах (Индонезия), 55 кило – Камила Конотоп (Украина), 59 кило – Гофран Белхир (Түркия), 64 кило – Ларуча-Андреа Олару (Румыния), 71 кило – Люнн Оливиа Реверс (АҚШ), 76 кило – Лана Сотиева (Ресей), 81 кило – Лиана Гюрджян (Армения).