Осыдан екі апта бұрын ғана Қазақ ұлттық аграрлық университеті (ҚазҰАУ) негізінде құрылған аталған команда Мәскеудің дәл іргесінде орналасқан Зеленоград қаласында КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Кильчевскийді еске түсіруге арналған турнирде топ жарғаны жайында жазған едік. Міне, енді олар тағы да атой салды. Нева жағалауында өткен жарыста «Алматының» сапында Игорь Чекрусков, Бақытжан Байтөре, Владимир Банников, Рустам Мәсімов, Шохрат Арзиев, Александр Тарасов, Вячеслав Козуб, Амра Шалбарбаев және Елдар Газизулин сынды ойыншылар өнер көрсетті. Бастапқы бәсекелердің барлығын өз пайдасына шешкен жерлестеріміз ақтық сында Кострома облысының өкілдерімен кездесті. Ал бұл команда кезінде ардагерлер Олимпиадасында топ жарып, әлем чемпионы атанған. Осындай азулы қарсыластарынан еш қаймықпаған қазақстандық волейболшылар 2:0 есебімен басым түсіп, бас жүлдені олжалады.