Аймақтар • 02 Маусым, 2021

iKOMEK-тен көмек сұрайтындар көп

296 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда iKOMEK109 бірыңғай байланыс орталығы коммуналдық кәсіпорындардың барлық байланыс орталықтарын біріктірген және тұрғындармен байланыс орнатудың бірыңғай құралы. iKOMEK сервисін жыл сайын 600 мыңнан астам елорда тұрғыны пайдаланады. Орталық ашылған күннен бері 6 миллионға жуық өтініш қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

iKOMEK-тен көмек сұрайтындар көп

Осылайша iKOMEK орталығы:

2017 жылы – 200 мың өтініш;
2018 жылы – 1 037 мың өтініш;
2019 жылы – 1 670 мың өтініш;
2020 жылы - 2 197 мың өтініш қабылдады.

Осы жылдың бес айы ішінде 1 миллионнан астам өтініш қабылданды.

Қала тұрғындары арасындағы мынандай үш мәселе өте өзекті:

денсаулық сақтау (емханаға тіркелу, дәрігерді үйге шақыру және т.б.);

қоғамдық көлік (жұмыс режимі, бағдарлар және төлем тәсілдері бойынша сұрақтар);

коронавирус (екпені қайдан алады, симптоматика, жұмыс кестесі)

Айтып өтетін жайт, өтініштердің 86,3% «бірінші қоңыраудан», яғни хабарласқан бойда шешіледі.

«iKOMEK – үздік халықаралық практикаларды, атап айтқанда АҚШ тәжірибесін мемлекеттік басқару саласында енгізудің жарқын үлгісі. Біз қала тұрғындарымен өзара байланыс орнату және тұрғындарды қала дамуына жұмылдыру үшін ТМД-дағы бірегей жобаны жасап шығардық. АҚШ мұндай үлгіні (3-1-1 және 9-1-1) 28 жыл ішінде енгізді, ал біз бұл тәжірибені 6 ай ішінде енгіздік. Халықаралық сарапшылар біздің командамызға үш жыл қатарынан «Хрусталь гарнитура» табыстап, iKOMEK жұмысына жоғары баға берді. Дегенмен ең бастысы – тұрғындардың оң пікірі мен алғысын алдық», дейді iKOMEK қалалық орталығының басшысы Жаннат Дүбірова.

iKOMEK109-ға келіп түсетін өтініштер санының өсуі тұрғындардың елорда дамуына белсене атсалысатынын білдіреді. Әрбір қала тұрғыны iKOMEK-ке жүгінсе, кері байланыс алатынын біледі. Бастысы шет қалмау керек: суретке түсіріп, мекенжайды көрсете отырып, проблеманы жеткізсе болды. Өтініштерді атқару нәтижесінде әрбір проблема бойынша байланыс орнатылады және түрлі формада жауап (қайта қоңырау шалу, әлеуметтік желілердегі жеке парақшаға бейнесеп жолдау және т.б.) беріледі.

Сонымен қатар байланыс орталықтары саласындағы халықаралық сарапшылар үшінші жыл қатарынан iKOMEK109 қалалық орталығын ТМД-дағы үздіктердің үздігі деп мойындап отыр. 2019 жылы «iKOMEK» орталығы «Байланыс орталығын құрудың/біріктірудің үздік жобасы» аталымында байланыс орталықтары индустриясының «Оскарын» иеленді. 2020 жылы «Клиенттерді талдаудың, зерттеу мен түсінудің үздік тәжірибесі» аталымында жеңіп алды. Биыл iKOMEK байланыс орталықтары мен клиенттерге қызмет көрсету саласындағы үздік «Хрусталь Гарнитурасы» халықаралық байқауында «Цифрлық жаңғырту мен трансформациялаудың үздік бағдарламасы» аталымы бойынша марапатқа ие болды. Бұл байқаудан марапат алу  iKOMEK орталығының дәстүріне айналды.

Естеріңізге сала кетейік, iKOMEK109 бірыңғай байланыс орталығына 109 қысқа нөмірі (қалалық және мобильді телефондар үшін тегін) арқылы, сондай-ақ балама тәсілдермен жүгінуге болады:

- әкімдіктің ресми сайты astana.gov.kz;

- iKOMEK109 мобильді қосымшасы (PlayMarket/AppStore);

- Telegram чат-боты (t.me/nursultanikomek109_bot);

- Smart Astana мобильді қосымшасы (PlayMarket/AppStore);

- 109@ikomekastana.kz электрондық поштасы.