Коронавирус • 03 Маусым, 2021

Әлемді вакцина құтқарады

312 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Коронавирус пандемия­сына қарсы вакцинаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми түрде бекіткелі жарты жылға жуықтады. Осы мерзім ішінде бірнеше екпе жарамды деп танылды. Содан бері әлемнің көптеген елі вакцина салуға кіріскен. Қазіргі таңда мұның нәтижесі анық байқалып отыр.

Әлемді вакцина құтқарады

Әлем бойынша коронавирусқа қарсы екпе егуден Израиль көш бастап тұр. Қазіргі таңда бұл ел тұрғындарының 60 пайызға жуығы вакцина алған. Соның нәтижесі шығар, кейінгі кезде коронавирус жұқтырғандар саны күрт азайған. Мәселен, соңғы аптада науқастар саны 10-30 адам аралығында.

Бұдан бөлек Израильде 1 маусымнан бастап коронавирус пандемиясына байланысты бұрын енгізілген барлық шектеу алынып тасталды. Тек жабық жерлердегі қоғамдық орындарда бетперде кию талабы мен елге келгендерге карантин кезінде қойылатын талаптардың күші жойылған жоқ.

Жиналыстарға қатысушылардың санына қатысты да барлық шектеу алынды. Бұған қоса тұрғындардың бұдан былай бір жерге кіруі үшін вакциналау немесе коронавирустан сауыққаны туралы құжат ұсынуы қажет емес. Израиль бірқатар елдің, оның ішінде қазіргі уақыт­та эпидемиялық қауіп-қатер бойын­ша «қызыл ай­мақтағы» мемле­кеттердің азамат­тарына ел аума­ғына кіруіне салынған ты­йымды алған жоқ. Израильге кел­гендер мем­лекет аумағына кіру кезінде коро­навирусқа тест тап­сыруы, ұшудан 72 сағат бұрын жа­салған тағы бір тесттің нәтижелерін ұсынуы керек.

Вакцина салу бойынша АҚШ та жақсы көрсеткішке ие. Қазірге дейін ел халқының 41,2 пайызы, яғ­ни 295 млн адам екпе алған. Соның нәтижесінде тәулігіне вирус жұқтырғандар саны 6-7 мыңға дейін азайды.

Естеріңізде болса, наурыз-сәуір айларында күніне 50-60 мың адам қауіпті дерттің тырнағына ілігетін. Ал қаңтарда 200 мыңға дейін науқас тіркелген. Жалпы, қазірге дейін АҚШ-та 34 млн адам коронавирус жұқтырған. Соның 28 миллионы жазылып шықса, 610 мың науқас көз жұмған.

Ұлыбританияда да вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Бүгінге дейін 65 млн доза берілсе, 25,5 млн адам екі дозаны да қабылдаған. Осылайша, халықтың 38,3 пайызына екпе салынды. Сөйтіп елдегі эпидемиялық ахуал әжеп­тәуір жақсарып қалды. Қазір вирус жұқ­тырғандар саны 2-3 мыңның айна­ласында ғана. Пандемия басталғалы елде 4,5 миллион адам науқастанып, 127 мыңы қайтыс болған.

Дегенмен, босаңсуға әлі ерте. Тұманды Альбионда корона­вирустың «үндістандық» нұсқа­сының салдарынан пандемияның үшін­ші толқыны басталуы мүмкін. Кембридж университетінің клини­калық микробиология профессоры Рави Гуптаның айтуынша, Үндіс­танда алғаш рет анықталған «B.1.617.2» коронавирус мутациясы вак­циналау науқанының сәтті болуы­на және аурудың төмендеуіне қара­мастан, Ұлыбританиядағы эпи­де­мия­лық жағдайға қауіп төндіреді.

Германияда халықтың 43 пайы­зы немесе 35,75 млн адам Сovid-19-ға қарсы вакцинаның  бі­рінші компонентін алды. Тұр­ғындардың 17,7 пайызы, яғни 14,6 млн адам екпенің екі ком­понентін де салдырған. Роберт Ко­х институтының мәліметі бойынша, Германияда бір күн бұрын 270 927 адам вакцина салдырған.  Гер­ма­нияда екпе егу 2020 жылғы жел­тоқсан айының соңында басталды. Қазіргі уақытта BioNTech/Pfizer, AstraZeneca, Moderna және Johnson & Johnson вакциналары қолданыста. Нәтижесінде, елде коронавирустың таралу деңгейі төмендеп келеді. Инфекцияны жұқтырғандар көрсет­кіші­нің күнделікті өсімі 1 978 жағ­дайды құрады. Бұл бір апта бұрынғы көрсеткішке қарағанда 704 жағдайға кем. Халқының саны 84 миллионды құрайтын Германияда пандемия бас­талғаннан бері коронавирустың 3 681 126 оқиғасы анықталды. Ін­деттен 88 442 адам көз жұмды.

Сондай-ақ Германияда пандемия басталғаннан бері коронавирусты жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелмеген ауыл анықталды. Ол – ел­дің батысындағы Рейнланд-Пфальц жерінде орналасқан 400 тұрғыны бар Лиг ауылы. Бұл ауылда 14 ай бойы ко­ронавирус індеті тіркелмеген.

Франция Президенті Эммануэль Макрон да Сovid-19 вирусына қарсы екпе салдырды. Мемлекет бас­шысы отандастарын вакцина алуға шақырды. Француз лидері қандай екпе салдырғанын нақтылаған жоқ. Ол коронавирус инфекциясын 2020 жылдың желтоқсанында жұқ­­тырған болатын. 67 млн халқы бар Францияда 25,3 млн адам вакцинаның кем дегенде бір дозасын алды.

«Үш жолақты елде» вакциналау шараларына қатысты енгізілген қосымша шектеулер алынып тас­тал­ды. Дүйсенбіден бастап Фран­ция­ның кез келген ересек тұрғыны еш шектеусіз екпе алуға жазыла алады. Бұл елде тіпті әрбір дәріханада да екпе салдыруға мүмкіндік бар.

Еуропада жасөспірімдерді коро­на­вирус инфекциясына қарсы им­мундауға рұқсат етілді. Еуропа­лық одақ елдері 12 жастан асқан бала­ларды Covid-19-ға қарсы вакци­налауды бастауы мүмкін. Бұл ба­ғыт­та Biontech/Pfizer препаратын қол­дану ұсынылады. Еуропалық Комис­сия Еуропалық дәрілік заттар агент­тігінің (EMA) шешімін растап, жас­өспірімдерге екпе салуға рұқсат берді.

Испанияда халықтың 39 пайы­зы кемі бір доза екпе алса, 20 па­йызы толықтай вакцина қабыл­дады. Сондай-ақ ел билігі туристік орын­дардағы карантиндік талап­тарды жеңілдетуді бастады. Май­орка аралында 7 айға созылған ко­менданттық сағат тоқтатылды. Бұған қоса ашық ауада 15 адамға дейін, ал жабық жерлерде 10 адамға дейін кездесуге рұқсат етіледі. Ал көшеде міндетті түрде маска кию қажет. Жаңа ережелер 20 маусымға дейін күшінде болады.

Швейцария карантин талап­тарын жеңілдетті. Елде мейрамхана залдары ашылып, аудиториялардағы сту­денттер саны бойынша шектеу­лер алынып тасталды. Сон­дай-ақ шектеулер енгізілген сала­лар үшін қашықтан жұмыс істеу ре­жімі жойылды. Алайда Берн би­лігі жұмыс берушілерге қызмет­кер­лердің үйде жұмыс істеуіне мүмкін­дік беруді ұсынады. Корона­ви­русқа қарсы вакцинаны алған ел тұр­ғын­дары эпидемиялық қауіп деңгейі жоғары елдерден оралғаннан кейін оқшаулануға міндетті емес.

Түркияда карантиндік шаралар жеңілдетілді. Ел Президенті Режеп Тайып Ердоған 1 маусымнан бастап елдегі коменданттық са­ғаттың қысқарғанын жариялады. Дәмханалар мен мейрамха­налар келушілерді бүгіннен бас­тап қабылдайды. Мемлекет бас­шы­сы­ның айтуынша, коменданттық сағат жұмыс және сенбі күндері сағат 22:00-ден 05:00-ге дейін, жек­­­сен­біде тәулік бойы күшінде бо­лады.

Оңтүстік Кореяда халықтың 10,5 пайызына коронавирусқа қарсы екпе егілді. Өткен тәулікте ғана елде 163 457 адам вакцина алды.

Жапония билігі ПТР тест анық­тамасы бар жанкүйерлерді Токио­да өтетін Олимпия мен Пара­лимпиада ойындарына кіргізуге ниетті. Екпе салдырған азаматтар да тиісті құжатты ұсынуы шарт. ПТР зерттеу стадионға келгенге дейін жеті күн бұрын жасалуы керек. Стадионға кірер алдында мамандар кө­рермендердің температурасын тек­­серіп, бетперденің болуын қа­да­ға­лайды. Ал Олимпиададағы жан­­күйерлердің санын шектеуге қатыс­ты мәселе маусым айында шешілмек.

Сингапур Сovid-19 таралу қар­қынын төмендету үшін балаларды вакциналауды бастамақ. Премьер-министр Ли Сянь Луннің мәлім­деуінше, осы аптада 12 жастан асқан оқушыларға екпе салу басталды. 1 маусымнан бастап оқушылар вак­цина салдыруға алдын ала жазы­лып, 3 маусымда ала бастайды. Оқу­шыларды иммундаудан кейін вакцина 39 жасқа дейінгі басқа тұрғындарға салынбақ.

Ресми Каир карантин талап­тарын жеңілдетеді. Мысыр билігі дәм­ханалар, мейрамханалар, дүкендер мен сауда орталықтарының жұ­мысына қойылған шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады. Тамақтану орындары мен дүкендер жазғы жұмыс режіміне оралып, түнгі сағат 00:00-ге дейін жұмыс іс­тей алады. Мысырлық үкімет шектеу­лерді жеңілдетумен қатар, Хурга­да мен Шарм-эш Шейх сияқты турис­тер арасында ең танымал екі курорт­тың барлық тұрғындарын вакци­налауға ниетті екендігін хабарлады.

Қорыта айтқанда, қазірге дейін әлем халқының 10 пайызы ғана вакцинаның бір дозасын салдырса, толықтай екпе алғандар саны 5 па­йыздан аспай тұр. Өкінішке қа­рай, дамыған елдердегі жағдай жақ­сы болғанымен, дамушы мемле­кет­тердегі ахуал күрделі.