Қоғам • 03 Маусым, 2021

Жеңгелер деген қандай-ды?!

1508 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Уақыттың бір орнында тұрмайтыны тәрізді, қоғам өмірінің де үнемі өзгеріп, жаңарып, жаңғырып отыратыны ақиқат. Сол жаңғырған жолда кейде өкінішке қалып опынып, кейде мұратқа жетіп жетілу де заңды. Әйтсе де...

Жеңгелер деген қандай-ды?!

Қоғамға айтар ойымен ерекшеленетін журналист Айша Тұрмағанбетова Фейсбукте «Жеңге» клубын ашу туралы идеясымен бөлісіпті. Онда ол: «Қыз барлық сырын жеңгесіне айтқан. Болашақ тағдырын айқындайтын көп сұрағына жауапты жеңгесінің ақыл-кеңесінен тапқан. Қыздарымыздың алғашқы лап етпе сезімнің құрығына түспеуіне жеңгелер үлкен ықпал еткен. Бүгінде жас қыздардың ерте жүктілігін, баласынан жеріп тастап кететіндердің, жезөкшелік секілді ұрпақ өмірін улап жатқан жүгенсіздіктердің көбеюін осы жеңгелер институтының жоғалуынан деп білемін. Жалпы, жеңгелер қоғамдағы, оның ішінде қыз бала тәрбиесінде өз орнын алуы керек. Осы тұрғыда не істей аламыз деген ой көптен мазалап жүрген еді. Ойымды сүйікті қайынсіңілім, PhD Сайра Шамахаймен бөлісіп, «Жеңге» клубын ашу туралы идеям­ды айтып едім, ол бірден құптады. Сөйтіп, дүниеге осындай ұйым келді. Клубқа жазылып, қыз бала тәрбиесіне атсалысамыз, қайынсіңлі мен жеңге қарым-қатынасының қыр-сырын үйренеміз, жеңгелік қадір-қасиетті бойымызға сіңіреміз, көмектесеміз, кеңес аламыз деген барша қыз-келіншек, аналар, жеңгелер қауымын осы топқа бірігуге ша­қы­рамын», деп жазыпты.

Иә, өзгерген өмір көшінде жоғалтқанымыз­дың бірі осы жеңгелер институты екені анық. «Қалмады баста тарақ, белде белбеу, жеңгесін қызды ауылдың сыйлай-сыйлай» деп әнге қосылған, қайынсіңлісінің сырласы да, мұңдасы да, ақыл айтар кеңесшісі де, өмірі атын атамай, «Көзжақсым», «Қалқажан», «Айнажан», «Сұлуым», «Бойжеткен» дегендей небір ән болып төгілердей әдемі де әсем есіммен тергеп, қадірлес болған жеңгенің ізін басып келе жатқан қайынсіңлісіне берері көп еді. Бағдаршамдай бет түзетіп, шалыс бас­тырмай, жанашырлығымен қатар тәрбиесіне анасымен бірге атсалысатын жеңгелер инс­титутын шынымен жандандыру қажет-ақ. Алайда біздің қоғам жан-жақты ізгіленген, бір-біріне жанашырлығы мол, ұлттық ұлағаттың қайнарынан сусындап, мейірі қанып, саясы маңайына мол түсер саламатты да салиқалы ұрпақтың тәрбиесімен шындап айналысуымыз керек десе, тек қана жеңгелер, келіндер мектебін ғана емес, енелердің, аталардың, балалар мен немерелердің, әкелер мен жезделердің, күйеу балалардың, ұл мен қыздың да білік жинап, бағыт түзейтін ортасын түзуі керек тәрізді.

Ежелден қазақ баласын қоғам болып тәрбиелеген. Оны «Ұлға 30 үйден, қызға 40 үйден, қала берді қара құлдан тыйым» дегендей мәтелдің өзі дәлелдейді. Телісі мен тентегін ауылдың ақсақалы мен үлкендері тезге салып, елден шыққан жүгенсіз, көргенсіздің көп болып бетіне түкірген. Ол ұрпақтан-ұрпаққа кетіп, бетіне ел түкіргеннің ұрпағымен ешкімнің құда да болғысы келмеген. Осылайша, «Шошай қазақ» атанудан қаймыққан қазақ баласы көп күстаналар кісәпірлікке, кері іске бармайтын. Көргенсіз атанудан артық жаман сөз жоқ-тын. Өйткені ол әке-шешең, өскен ұяң, ұшқан ортаң, ағайын-туыс, дос-жарыңның, жүрген жеріңнің бәрі тәрбиесіз, көрген жақсысы жоқ, үйреніп бойы­на жұқтыратыны, ілетіні жоқ көргенсіздің көгенінен шыққансың дегенді білдіретін.

Көргенді ұрпағын көппен тәрбиелеп отырған осы бір ұлттық қалыпты жандандыруды тұтас қоғам, мемлекет болып қолға алудың уақыты жетті, тіпті асып бара жатқандай. Қазір не көп, Үкімет қоғамға қажетті іспен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарды, қоғамдық бірлестіктерді материалдық тұрғыда қолдаудың көптеген тетігін іске қосқан. Сол үшін арнайы гранттар бөлініп, қаржылық қолдаудың нәтижесінде біраз жұмыс атқарылып жүр. Алайда осының барлығында мақсатты түрде біріккен, ұйымдастыра біліп, жұмылдыратын бірізділік жағы тапшы. Ана жерден бір, мына жерден бір қоғамдық ұйым шығып, бірді-екілі шаралар өткізіп, игерілген қаржының есебін тапсырумен шектеліп жүргендей. Әр облыстағы бірен-саран қоғамдық ұйымның елдік ауқымдағы үлкен жүкті көтеруге шамасы қайдан келсін. Кейбірі энтузиазммен бас­тап, артынан үнемі жалғыз шабудан алқынып, бәйгенің айналымынан шығып қалып жатады. Оларды кінәлауға ауыз да, ой да бармайды.

Тұтас қоғамның бағыт-бағдарын түзеу – үлкен күш. Сол жолда асыл мұратқа негіз­делген мақсатты жұмыс мемлекет тарапынан нақты жүйеге түсірілсе қайтер еді? Ғылыми негізі мен практикалық маңызы сараланып, қоғамның тіршілігіне, заманның қажеттілігіне лайықталып, мемлекеттік ма­ңызы бар келелі іс деп қарау ғана біздің қо­ғам­­ның бетін түзейтіндей. Әйтпегенде, ұр­пағы­ның тәрбиесін бетімен кетіріп, опынып, бармақ шайнарымыз хақ.