Жақында Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты отбасы және балалар мәселесіне қатысты жүргізген әлеуметтік сауалдамасының қорытысындысын жария етті. Республика көлемінде жүргізілген бұл зерттеуге 18 және одан жоғары жастағы 6 800 қазақстандық қатысқан. Олардың 82,3%-ы – отбасылы адам, яғни жұбайымен бірге тұрады немесе бұрын тұрғандар. Ал үйленбеген, бойдақ респонденттердің үлесі 17,7%-ды құрады.
Сауалдамаға қатысқандардың 76,6%-ы ата-аналар екен. Бұл ретте олардың 58,7%-ында кәмелетке толмаған балалары бар, ал 17,9%-ының балалары кәмелетке толған. Респонденттердің 12,8%-ының төрт және одан да көп баласы бар, яғни көпбалалы отбасылар.
Сауалдама барысында азаматтарға «Сіз өмірде бақытты отбасын құрып, жақсы балаларды тәрбиелей алдыңыз ба?» деген сұрақ қойылған. Респонденттердің басым көпшілігі бұл сұраққа оң жауап беріпті. Сонымен қатар қатысушылардың 67,7%-ы бақытты отбасын құрып үлгерген және респонденттердің 24,1%-ы бақытты отбасы құра алатынына сенімді.
Ал баланың тәрбиесіне қатысты көзқарасқа келсек, респонденттердің 61%-ы балаларын жақсы тәрбиелеп отырмыз деген пікір білдірген. Тағы 31,7%-ы өз балаларын жақсы тәрбиелей алатынына сенімді.
Жалпы, бала тәрбиелеуде ақыл айтқанмен қатар, ісіңмен де үлгі көрсету маңызды. Осы орайда баласының үлгеріміне келгенде мұғаліміне үнемі мін тағатын ата-аналардың да жиі кездесетіні белгілі. Алайда сол ата-аналардың көбі үйінде кітап оқи бермейді. Аталған институт осы мәселеге қатысты да әлеуметтік сауалдама жүргізіп, некеде тұрған әрбір екінші азаматтың кітап оқымайтынын көрсетіпті. Үйленген респонденттердің тек 5%-ы ғана күн сайын кітап оқиды екен.
Сондай-ақ кішкентай және ересек балалары бар, ешқашан кітап оқымайтын респонденттердің үлесі өте жоғары екен. Атап айтқанда, отбасыларында төрт және одан көп баласы барлардың – 43,7%-ы, бір баласы барлардың 53,7%-ы, ал кәмелетке толған балалары бар респонденттердің 56,3%-ы кітап оқымайды.