Еңбек ресурстарын дамыту орталығының хабарлауынша, әсіресе білім беру саласы жыл санап кадр тапшылығын сезінуде.
«Болжамның негізгі сценарийінде жалдамалы жұмыс күшіне деген жалпы сұраныс 2021-2025 жылдарға 1038,4 мың адамды құрайды деп күтілуде. Оптимистік сценарий бойынша сұраныс көлемі 1 177,4 мың адамды құрайды, ал пессимистік – 792,9 мың адамды құрайды. Салалық бөліністе жұмыс күшіне деген негізгі сұраныс білім беру саласында қалыптасады деп күтілуде, ол сценарийге байланысты жалпы көлемнің 16-18 пайызын құрайды. Одан кейінгі орындарда ауыл шаруашылығы саласы мен өңдеу саласы тұр» делінген орталық хабарламасында.
Оптимистік сценарий бойынша 2025 жылға қарай жұмыс күші 9 млн 409 мың адамды, жұмысшылар саны – 8 млн 967 мың адамды, қызметкерлер саны – 7 млн 864 мың адамды, басқа жұмыспен қамтылғандар саны – 1 млн 103 мың адамды құрауы мүмкін. Пессимистік сценарий бойынша 2025 жылға қарай жұмыс күші 9 млн 266 мың адамға дейін өседі, ал жұмысшылар саны – 8 млн 830 мың адам, қызметкерлер саны – 7 млн 480 мың адам, басқа жұмыспен қамтылғандар саны
1 млн 351 мың адам болмақ.
2020 жылдың қорытындысы бойынша жұмыс күшінің жалпы саны 0,4 пайызға азайып, 9,18 млн адамды құрапты. Өзін өзі жұмыспен қамтыған адамдар санының азаюы негізгі көрсеткішке әсер еткен. Бұған әрине, пандемия да ерекше «үлес қосты». Сонымен қатар карантиндік шектеу шараларына байланысты өндіріс көлемінің төмендеуі байқалған салаларда жұмыспен қамтылу деңгейі де құлдыраған.
«Ең көп төмендеу көлік (-3,2 пайыз), өнер және ойын-сауық (-2,5 пайыз), әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету (-2,3 пайыз) салаларында, сондай-ақ тұру және тамақтану бойынша қызметтер саласында (-1,7 пайыз) байқалып отыр. 2020 жылы қызмет көрсету және сату саласы қызметкерлерінің жұмыспен қамтылуына пандемияның ерекше теріс әсеріне қарамастан, жылдық қорытындылар бойынша және 2019 жылмен салыстырғанда небәрі 0,02 пайызға немесе 310 адамға азайды. Яғни қабылданған шаралардың тікелей шектеу әсеріне қарамастан, қызмет көрсету және сату саласындағы қызметкерлер арасында жұмыспен қамтуды қалпына келтіру қарқыны неғұрлым икемді және бейімделгіш болып табылады» делінеді орталық зерттеуінде.
Нарыққа жаңа технологиялардың қарқынды енгізіле бастауы, өндірістің цифрлануы тағы біршама адамның жұмыссыз қалуына әсер етуі ықтимал. Қазіргі таңда өндірістің жаппай автоматтандырылуы алдағы он жылдықта 2,6 млн-нан астам жұмыс орнының қысқаруына алып келмек. Oxford Economics дерегі бойынша соңғы 20 жылда бүкіл әлемде пайдаланылатын робот саны 3 есе өсіп, 2,25 млн-ға жеткен. 2030 жылға қарай оның жаһандық қоры 20 млн-ға дейін көбейеді деп күтіліп отыр.
PwC болжамынша 2030 жылға таман көлік, өңдеу өнеркәсібі және сақтау саласы ең белсенді түрде автоматтандырылады.
«Алайда автоматтандыру белгілі бір кәсіп түрлерінде адам еңбегін ығыстыруды ғана емес, сонымен қатар жоғары және төмен білікті жұмысшылар арасындағы жұмыспен қамту деңгейіндегі алшақтықты күшейтуге ықпал ететінін есте ұстаған жөн. Автоматтандыру күнделікті еңбек функциялары бар кәсіптерді ығыстыратындықтан, біліктілігі төмен және орта деңгейдегі жұмысшыларда (жүргізуші, кассир, кеңсе қызметкерлері және т.б.) табыстың төмендеуі мен нарыққа қажетсіз болып қалу қаупі бар» дейді еңбек ресурстары орталығы.