Қазақ халқының әндері әлімсақтан көрген зейнеті, кешкен бейнеті арпалысты заманның өзек жарып өкінткен де, аза тұттырып өксіткен де кездерін сұлу сазға қосып ел жүрегіне жеткізіп келеді. «Кіргенде дүние есігін ашады өлең», – деп данышпан Абай айтқандай шыр етіп жарық дүниені көргенде де, ес кіріп, елең қағып жан-жаққа таңдана қарай бастаған шақта да өмір есігін өлеңмен аштық. Әннің қазақ баласының тіліне, дініне, діліне шапағатын тигізіп, рухани азық болғаны да аян. Сырымбеттің етегінде туғаннан ба, бала кезімнен Ақан серінің «Сырымбет», «Қараторғай», «Құлагер» атты өлеңдері ән-күйге құштар етті. «Келеді қара торғай қанат қағып, астына қанатының маржан тағып», – деген сөз сарасын кейін түсінсек, сұлу қыздың мойнындағы әсемдіктің маржаны емес, серінің «Қараторғай» атты алғыр қыранын соңғы рет құсқа салғанда аспанға қалықтап шықса да қартайған шағы жеңіп, жерге қайта қона алмай шыбын жаны қысылғанда, қанатының астынан тамған тердің ақ моншақтай тамшылары екен. Батар күннің ашық сәулесі қос қанатының астынан түскен ащы тердің үзімдерін Ақан сері ақындықтың асыл үлгісіндей етіп сипаттапты. Біз ол кезде мұны терең «Құлагерге» үйір болдық. «Зәурешті» алғаш естігенде де оның авторы Мұхит екенін де білмедік. Бір азалы ағайынның көкірек жарған қайғысы ғой деп ойлайтынбыз.
Біздер мектепте оқып жүрген кезде, “халық жауы” атанып тоталитарлық заманның қуғын-сүргініне ұшырап, атылып кеткен Алаштың асыл ұлдары Ахмет, Әлихан, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек, Ораз, Халел, Ілияс, Бейімбет сияқты арыстар жайлы еш мағлұмат ести алмадық. Ал тап солардай азап шегіп атылып кеткен Сәкен Сейфуллиннің, Ыбырай Сандыбаевтың кей әндерін атам үйреткен жасырын түрде білетін едім. Сырымбеттің түбіндегі Айыртау ауданының Казгородок қазақ орта мектебінде оқып жүрген кезімізде мектептің жанындағы пансионда жататынбыз. Жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы сыныптардың ер балалары бір қабаттағы екі бөлмеде едік. Оныншы сыныпта Тұрсынбай Кәкімов әрі әнші, әрі ақын өнерпаз ағай бар, тоғызыншы сыныпта халық ақыны Молдақмет Тырбиевтің ұлы Сүният, жетінші сыныпта Ұлан Айтымақұлы Ементаев бар, тағы осындай өнерпаз балалар басымыз жиі қосылғыш, дәм-тұз асымыз ортақ болатын. Қыстың ұзақ түнінде балалар қараңғыда жатып алып түрлі-түрлі хикаяларды кезек-кезек айтысып ақыры әнге басатынбыз. Түн ортасы ауған кездегі жасырын кәсібіміз: Сәкен Сейфуллиннің “Көкшетауын” шырқайтынбыз. Ұзақ поэманың жалпы желісімен негізінен бірінші тарауын айтатынбыз. Ұмытып қалған жерлерін жалғастырып жіберіп, қажымай-талмай қайталай беретінбіз, сондағы білетініміз көп болса он шумақ-ау шамасы. Қайран әннің құдіреті-ай, егер Сәкен аға композитор болмаса оны да білмес пе едік. Қалың көрпені сыпырып тастап, төсағаштың үстінде отырып ап “Көкшетаудың” әнін ғана екі-үш домбыраның қоңыр күмбіріне қосушы едік. Осылай, сонау кеңестік идеологияның содыр кезінде де ән арқылы ұлттық намысымызды қорғаппыз. Сәкен дегенде періштедей көрініп, аңсарым “Көкшетауына” ауа беретін.
Ілияс Жансүгіровтің кім екенін білмеуші едім, 1950 жылы онжылдықты бітіріп, Мәскеудегі Түсті металл және алтын институтының тау-кен факультетінде оқып жүргенде бізден бір жыл бұрын келген Саят Ілиясұлы Жансүгіровпен таныстым. Мен Мәскеуге домбырамды алып барғанмын. Бірде шекітіп қағып домбыра тартып отыр едім жылы жүзді, қыран мұрынды, орташа бойлы жігіт есік қағып кіріп келді. Сол жерде танысқанда айтқаны: “Ғафу ет інішек, домбыраңның күмбірі кірмеске шыдатпады, коридорда өтіп бара жатып біраз тұрдым да, өзіміздің қазақ қой деп кіріп келдім”, – деді. Домбыра қолына тиюі мұң екен еркін толқытып “Балбырауынға” бүлкілдеп баса жөнелді, “Серперді” де жақсы тартты. Мен таңдандым да қуандым, Саят содан кейін жиі-жиі келіп тұратын болды, оны магниттей тартатын құдірет домбыра ғой. Кейін Жезқазғанға келіп, кеншілік қызмет атқарып жүргенде қайтадан ара қатынасымызды жалғастыра бергенде Саят отбасымен Алматыға көшіп кетті. “Әкесі Жансүгіров Ілияс ақталды”, – деп естідік, кетерінде жап-жақсы думандатып Жезқазғанмен қоштасты. Әне, содан былай кімнің баласымен дос болғанымды біле бастадым. Домбырашы досым алтынның тұяғы, теперіш көрген тектінің тұқымы екен.
Қолыма Сәкен ағаның алты томдығы түскенде, алтауын толық алдым да, қазақтың тарихы бар алтыншы томның бесеуін қоса алып, достарыма тараттым. Ілекеңнің “Күйші”, “Дала”, “Құлагер” атты поэмалары ерекше таңдандырды. Жезқазғанда жүргенде Сәкенді оқымасам кей өлеңдерім тумас та еді. Ілекеңнің “Құлагері” Ақан серінің басынан өткен тарихи трагедияның бар көрінісін ашып берді, сыртқы жау емес, ішкі даудың құрбаны болған Құлагердің өлімін ел түсінді. “Дала” деген поэмамның туғанына Ілекеңнің әсері толық тиді. Тіл байлығына келсек, әсіресе өсімдіктер мен табиғат атауларының білгірі дер едім.
Жезқазғанда он жыл кеншілік, он жыл партия қызметін атқардым. 1975 жылы СОКП Орталық комитетіне инспекторлық қызметке алындым. Алғашқы жылдары жауаптылығы бей-жай қалдырмайтын жұмыстың қызуы жеңіп кетті. Бес жылдан аса бір орында қызмет істеген соң “ЦК” болса да елге сағынышым үдей берді. “Қайтқан құстар барады Еділдетіп Оралмен, Елге жетіп қалар ма ем, ере кетіп солармен”, – деген сөздері бар “Аңсау” және көптеген сағыныш жайлы өлеңдер де сол кезде туып еді. Елден келген жігіттер кездесіп тұратын, құдайдың бір бергені шабытым суыған жоқ, елдегі газет-журналдарда басылып тұрды, көптеген әндер де туып жатты. Сол кездегі ерекше көзге көрініп менің сөзіме жазылған “Ғашық кез” деген әні бар жас композитор Мұратхан Егінбаев Мәскеуге бір жұмыспен келетіндігін білдірді. Келгеннен кейін қабылдасам орта бойлы, күлімдеп тұрған өңі жылы, көзі өткір, қараторы жігіт екен. Ол “Ғашық кез” деген әннің сөзін менің “Аққу мен ару” атты поэмамнан алыпты. Бұл жаңалықты өзінен бұрын маған Игілік Омаров деген әнші, тамаша домбырашы Мұратханның досы Ыстықкөлде демалыста жүргенде айтып беріп еді. Әннің: “Шіркін-ай, деймін есіме түсіп өткен күн, Адамдар неге айнымас ғашық болмайды?” – деген жерлері жүректі жұлып алардай өте әсерлі де, әдемі шығыпты. Махаббат мұңын шеккен ән тез тарап кетті. Оның ең үлкен таратушысы Қазақстанның халық әртісі, бұл күндегі әйгілі әншіміз Қайрат Байбосынов болды.
Міне, сол өзім бір көріп, рахмет айтуға ынтығып жүрген Мұратхан да кездесті. Ілияс Жансүгіров ағамызға Талдықорған облысындағы Ақсу ауданының орталығы, Жансүгіров қалашығында қойылатын ескерткішті қоладан жасату үшін одақтық комиссиядан өткізіп қайтуға келген екен. Орталық комитеттің Мәдениет бөлімінде нұсқаушы Цветков Анатолий Васильевич деген досым бар еді. Ол қатты қолдап, комиссияның жұмысына қатынасыпты, келесі күні қорытынды отырыстарына мен де бардым. Істің сәті түсті, әйтеуір көңілді болдық, елден келген інімнің жұмысын өз жұмысымдай көріп,
Алматыдағы Саятпен қуаныш бөлістім. Отырыстан шыққаннан кейін Мұратханнан: “Алматыда не жаңалық бар”, – деп едім: “Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің туғандарына 90 жыл толуына байланысты тойға дайындық жүріп жатыр”, – деді. “Қанша боласың?” – дегенімде: “Мүсінді құйдыратын Мытищеводағы зауытпен келісуім керек екен. Бір жұмадай уақытсыз кетпейтін шығармын”, – дегенді айтты.
Бұл сөзіне ішім жылып кетті. Сәкен, Ілияс, Бейімбетке арнап өлең шығару ойға оралды. Ендеше ертең жұмыстан кейін жатқан жеріңе соғып үйге алып кетемін, орныңда бол деп келістім. Сол күні кешке басталып түн ортасында аяқталған “Үш арыс” деген өлең дүниеге келді.
Кең даланың кемеңгер перзенттері,
Аңыз-дастан атқарған міндеттері.
Үш сұңқарын, үш тұлпар, үш арысын,
Ғаламат қой туған ел құрметтеуі – деп басталғанда қазақтың үш арысы, үш алыбы, үш ұлы перзенттерінің бір жылда туып, ерен еңбек етіп, арттарына өшпес із қалдырғаны және сталиндік зомбылықтың қасіретті зардабын кешіп бір күндері атылып кеткендері есіме түскенде жан толқуы ерекше еді. Қайран асыл ағаларым-ай, даналарым-ай деп тебіренген мезеттер де көз алдымнан өтті. Ұлттың үздік қайраткерлерін тарлан тарихтың қайтарып бергені жан жылытып, өлең төгіле бастады:
Ақсұңқарын, дауылпаз бұлан ерін,
Күйші дала құс қанат Құлагерін,
Үш арысын қайтарып құшағына,
Ардақтайды салтанат құрады елім, - деген шумақ туды. Ол кезде Сәкен, Ілияс, Бейімбет үшеуінің де еңбектеріне қанық болғанмын, олардың ел өмірінде, қазақ әдебиетінде алатын орындарын айтарда Алла аузыма сөз салды, дүлдүл ағаларымның аруақтары жебеді-ау:
Тар кезеңде бірлесіп,
Бар қатерді бір кешіп,
Еңіреп туған елім деп,
Қазақтың ірілері –
Абайдың інілері
Сәкен, Ілияс, Бейімбет –
деген әннің қайырмасы туғанда көзімнен бір тамшы ыстық жас ыршып түсті. Ақынға берген тағдырдың қуанышты сәті де осы шығар. “Қазақтың ірілері, Абайдың інілері”, – дегенім кейін қанатты сөзге айналды. Ол жайлы кейінде “Егемен Қазақстан” газетінде де сөз болды.
Ертеңіне елден келген жас композитор мейманымды үйге қонаққа алып келдім. Өзгелерден әндерін тыңдап, өзін көруге асыққаным ақталды. Домбыраны өте келістіріп тартты, жинақы да сымбатты тірі жандай сөйлегіш қоңыр күмбірді құлаққа өте жағымды етіп жеткізуінде еш мін жоқ. Және де, өзі ән салғанда жанданып, қанаттанып, арқаланып кетеді екен. Әннің әр үзімін, сөздің әр буынына дәлме-дәл келтіру, үйлестіру, бауыр бастыру жағына өле беріліп, жан-жүрегімен тебіренетін шебер екен. Саусақтары да домбыра үшін туғандай жүйрік желіске әбден машықтанып алыпты.
“Ғашық кез мезет, мезгілі жетіп нәр алдық, саналы пенде ғашық кез жебеп жаралдық”, деп бастап, өзімді де басқа қонақтарымды да әбден сүйсіндірді. Әншіл әуен, күйшіл күмбір шырқау шегіне жетіп, құмарымыз тарқаған кезде, жаңа жазылған, кеше ғана жазылған “Үш арысты” оқыдым. Мұратхан көп ойланбастан: “Аға, бұл өлеңді басқа біреуге беріп қоймай, маған беріңіз”, – деп інілік ілтипатпен қолқа салды. Олай демесе де беремін деп отыр едім. Маған өжеттігі мен жылдамдығы ұнады, бір үзім ой толғантты ма деп қалдым. Кеш тәмамдалып, шығарып саларда қонақ үйге домбырамды да сұрап ала кетті. Әрі қарай қалай толғанғанын өзі біледі, екі күннен кейін: “Аға, жұмысымды да сәтті тындырдым, Ілекеңнің мүсіні шамалы уақытта құйылады, “Үш арысқа” ән де туды, бүгін кешке келіп тыңдап кетіңіз”, – деп қатты қуантты. Өтінішін орындап “Россия” қонақ үйіне барып тыңдап қайттым. Сағынған жандар бауыр басқандай жаңа ән өлең сөзіне етене үйлесімділік пен үндестік тауыпты. Өзінің жаңаша сарыны да, ырғағы да, өз желісі де, өз болмысының бөлектігі де көңіл көншітті. Бөтен ағысы жоқ жаңа табысқа дән разы болдым.
“Үш арыс” әлбетте, “Қазақ әдебиеті” газетінде басылды және бір зор бағаның белгісі шығар, лездемеде өлеңге жақсы баға беріліпті. Келесі жылы, яғни 1984 жылы Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің 90 жылдық мерейтойын атағанда Жазушылар одағының басқармасының сол кездегі төрағасы, ақиық ақынымыз Олжас Сүлейменов: “Мәскеудегі ақын ағамыз айтқандай қазақтың ірілері, Абайдың інілері Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің 90 жылдық салтанатты тойы құтты болсын!” – деп бастапты.
“Үш арыс” елдің аңсап күткен әніндей тарап кетті, сахналарды жайлап алды, радиодан жиі еститін болдық, бір деректі фильмге де кірді деген қуаныш келіп жатты.
1994 жылы мамырда Ілияс Жансүгіровтің туғанына 100 жыл толуына байланысты Талдықорған облысында естен кетпес ұлан-ғайыр той өтті. Қайғыны басар, көңіл жайлауын ашар бұл тойдың кезінде туған тебіреніс ретінде Ілекеңе арналған “Дүлдүлдердің дүбірі” атты поэмам дүниеге келді.
Шарықтап ақын Ілияс жүз жылдығы,
Ақсудың етек-жеңі жүз құбылды.
Қоқтының жасыл астау жазығында,
Паш еттік құс қанатты жыр ғұмырды, – деппін. Тап осы жолы тұңғыш рет Мұратхан Егінбаевтың “Үш арыс” атты әнінің құдіретіне сендім. Бұл әннің сәті түсіп, керек кезінде бұдан он жыл бұрын туғанына да қуандым, қайда барсақ та осынау әннің әсем ырғағы бірде ойлы, бірде тойлы әуендермен алдымыздан жиі шықты. Қоқтының жасыл астау жазығы дегенім де той алаңының өзі еді. Кең астаудай жасыл алқаптың батыс жағында ресми қонақтар үшін үлкен шатырлы трибуна құрылыпты, оның алдына, жан-жағына қонақтар жайғасатын орындар сәнді бітімімен көз тартады. Ол кездегі Талдықорған облысының әкімі Серік Ақымбеков той салтанатын театрландырылған тарихи көріністен бастады. Кең жазықтың бергі бөлігінде тамаша сахна орнатылыпты, әне, соның алдында Ілияс Жансүгіровтің өміріне арналған дала спектаклі жүріп жатты. Ең басында ұлан-ғайыр оркестрдің сүйемелдеуімен “Үш арыс” орындалды, содан кейінгі көріністердің бәрінде де бұл ән лейтмотив болып, әр айшықты тұста адам жанын баурап, сахналық қойылымның сәттілігіне сеп берді. Сценарий бойынша Ілиястың туған тойы, жастық шағы, оқудағы шағы, ақын болып аты шығып даңқы асқан кездері бейнеленді. Одан кейін Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің кер заманның алапат қырсығына ұшырап аяусыз азап шеккендерін көрсетті. Құр сүлделері қалған дүлдүлдерімізді атып жатты.
Үш оқтың үрейді алды жаңғырығы,
Үш мәрте қайталанды жан дірілі.
Үзілді үш ғажайып таза ғұмыр,
Зар жылап қайғы жұтты азалы қыр, – деппін. Үш арыстың алдымызда аяусыз атылғанын көргенде мың-мың адам үнсіз қалды. Алдымен Сәкен бес адым ілгері жерде, содан кейін Ілияс пен Бейімбет қатарынан атылды. Оның себебі, Сәкен шындығында да бір күн бұрын 1938 жылы 25 ақпанда атылыпты. “Үш арыс” әнінің әуезін ауыр толғаныс, ойлы толғау, мұңлы сарынмен оркестр орындап жатты, әртістер тобы азалы үндерін сыңсып қосып тұрды. Бұл кезде “Үш арыстың” ырғақтары Дмитрий Шостаковичтің жетінші симфониясына ұқсап кетті. Дүние дүр сілкінді, бізден ес кетті.
Ол ауыр мезеттер де өтті. Бір кезде музыка өзгерді, Сәкен, Ілияс, Бейімбет ақталды, оларға тағылар кінә жоқ деп табылды деген хабардың дүбірі бүкіл аймақты толғандырып, Алатаудың ажарын аша түскендей болды. Қоқтының арғы жақ жарқабағы етегінде үш ақбоз ат көз ұшында көрініп тұрып еді, енді ол ақбоз ат мінгендер бермен қарай бізге Сәкен, Ілияс, Бейімбет болып жылжып келе жатты. Көзден жас сорғалап, шыдай алмай босаңсып жан-жағыма қарасам, ел абызы Бәйкен Әшімов ақсақал да, әкім Серік, академик Зейнолла Қабдолов та көздерін сүртіп жатыр екен. Бұл қуанышта шыққан көз жасының қосылуымен айтылған “Үш арысты” бүкіл қонақтар әртістермен қостап кетті. “Үш арыс” сағынышты құшағына бөлегендей адам жанын бір серпілтіп, көңіл көшін көкжиектен асырғандай тебірентті.
Екі көзден шаттық оты тамшылап,
Қуаныштан әрең тұрдық жан шыдап.
Үш ақбоз ат шауып жетті ортаға,
Үш арысым үш тұлпарын қамшылап.
Үш ақбоз ат тізгіндерін тартып тұр,
Айтты бізге жанарлары сарқып сыр.
Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің жарқ еткен,
Мәртебесі еренғайып артып тұр.
“Үш арысты” бүкіл дала айтып тұр, – деп өлеңдеткен екенмін. Мұратхан Егінбаев 1939 жылы Алматы облысы, Алакөл ауданы, Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. Ол мектепте оқып жүргенде-ақ Мұқағали Мақатаевтың “Сағындым” атты өлеңіне ән шығарыпты. Сол оқушы бала кезінде бір күй, төрт әннің авторы, сахнаға бір жеткен соң қанаттанып кетіпті. Сазгерлік өнері ана сүтімен келсе, өмірдегі құлай беріліп құштар болған жан серігі домбырамен де ерте достасыпты. Ал, оның негізгі мамандығы сәулетшілік, қазіргі Сәкен Сейфуллин атындағы Целиноград ауыл шаруашылығы институтының архитектура факультетін 1964 жылы аяқтапты. Мұратхан Ақсу ауданының бас сәулетшісі болып табаны күректей 25 жыл қызмет атқарып, туған жерінің дәулетіне сәулеті сай болуын армандады. Ол жоғарыда айтылған Ілияс Жансүгіровтің мүсінін жасағанда оның сәулетшісі болыпты. Ал мүсінді жасаушы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Хакімжан Наурызбаев ағамыз екен.
Мұратхан менің сөздеріме барлығы 41 ән шығарыпты, олардың бәрі де осал емес дүниелер. “Сағыныш сазы”, “Дүние”, “Домбыра”, “Абайым”, “Жамбыл ата”, “Туған елім, туған жерім”, “Жетісу мен Көкшедей”, “Бір кездестім” атты әндері қазақтың барлық жерлерінде кеңінен тарады. Оның барлығы 200-ден астам әндері болса, оның тең жарымы Қазақ радиосының “Алтын қорына” жазылды. “Үш арыс”, “Абайым”, “Жамбыл ата”, “Жетісу” атты әндері зор жетістікке жеткізіп өнер сайыстарындағы ең жоғары бағаларын бұйыртты. Заманбек Нұрқаділов демеуші болып, қазылар алқасын КСРО халық әртісі, атақты композиторымыз Еркеғали Рахмадиев басқарған 2000 жылғы Алматыда өткен республикалық “Жаңа ғасырға жаңа ән” байқауында бес әні әртүрлі номинацияларда жеңімпаз атанды. “Абылай” атты Темірхан Медетбековтің өлеңіне жазылған әні осы зор байқаудың “Гран при” бәйгесін жеңіп алды. Қазақ тілін насихаттау және үйрену мақсатында шығарылған “Қазақша караоке” жинағына М.Егінбаевтың 35-тей әні енгізілді. Бұл да зор жетістіктің айғағы емес пе?
Мұратханның бір тамаша мінезі: қандай әнін болсын өріссіз тастамайды, баққан малындай барлап қиядан көз салып отырады. Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Дәлел Уашев, Рамазан Стамғазиев, Махмұт Тойкенов, Майра Нұркенова, Айткүл мен Қанат Құдайбергеновтер Алатауды дүбірлетіп Мұратханның әнін таратуға үлкен үлестерін тигізсе, Талдықорғанда һәм республикамыздың қай түкпіріне барсаңыз да “Үш арысты” да, Мұратханды да білмейтін адам кемде-кем, әсіресе, жас әншілердің досы болып кетті. Елімізде Алаш рухты күш алған, ұлттық болмысымыздың бағы жанған тәуелсіздіктің өрге ұмтылған адуынды шағы ғой. Сталиндік репрессиядан адам сенгісіз зомбылыққа ұшырап жазықсыз атылып кеткен ағаларымызды, даналарымызды ұлттың алтын шоқтығын Сәкен, Ілияс, Бейімбет қана емес, өзге де тап солардай тағдырды бастан кешкен арыстарды ел қайта көтерді. Мұратхан барлық әндерін құрастырып, нотасымен жақсылап шығарған кітабының атын “Әнім менің Алашым” деп атапты. “Үш арыс” туғалы ширек ғасырдан астам уақыт өтті, оның жалғасын композитор Алаштың көптеген арыстарына жеткізді. Кітабындағы басты бағыт, негізгі арқауы да патриоттық рух деп ұқтым. Бұл үлкен сазгер, елім деп еңіреп туған өнерпаздың ісі, ойшыл композитордың ақылмандығы.
Мұратханның “Үш арыс” атты бір әнінің тарихының қырын, сырын айтқанда оның бүкіл шығармашылық жолын талдаудан аулақпын. Тек қана әннің де, композитордың да тума тарихын сипай қамшылап айта кетіп жатқаным ғой. Негізінде “Үш арыс” Мұратханның ғана емес, өткен ғасырдағы қазақ әндерінің айтулы асылдарының бірі болып, қазақ ән тарихынан елеулі орнын алды, қажеттілігі, сұранысы мол дүние туды.
Кейіпкеріміз: “Аққудың көркі көлімен, ақынның көркі елімен”, дегендей, Ілияс Жансүгіров тақырыбын жерлестігінің арқасында, дүлдүлдің баласындай болып кеткен бауырмалдығымен кеңейтті. Әлі де кеңейте берер деп сенемін. Нұрғиса Тілендиев жайлы бір әңгіме қозғалып кеткенде өзбек халқының асыл перзенті, ардақты көсемі Шараф Рашидов ағамыздың: “Адам мен адамды қоса білген адам жақсы кісі, ел мен елді қоса білген дана кісі”, – деп еді. Ілияс ағамыздың “Құлагері” Көкшетау мен Жетісуді мәңгілікке жетердей қосып кетті. Сол ойымды жеткізер “Жетісу мен Көкшедей” деген өлеңімде:
“Тойлы ауыл Сырымбеттің саласында,
Көз салсаң оза тартқан қарасынға.
Құлагер шауып жүрген секілденер,
Көкше мен Жетісудің арасында” – деген едім. Бұл өлеңді де Мұратхан “Үш арыстың” жалғасындай етіп тамаша әнге қосты. Бір естіген жан есіне ұмытпастай сақтап кетер ән болған соң көкшетаулықтар да, талдықорғандықтар да, алматылықтар да бұл әнді бабына келтіре шырқап, жастарға үзілмес үлгі көрсетті. Қазіргі егемен еліміздің, дербес мемлекетіміздің басты мақсаты, ішкі даудан, сыртқы жаудан халықтардың достығы, мызғымас бірлігі арқылы өркениет жолында өрлей беру болса, Мұратхан әндерінің де бұл үрдіске қосқан еңбегі аз емес.
Талантты композитор бүкіл ұлттық ұран болған сахараны сақтап қалған даналарымызды, көшпелі күннен бүгінгі күнге дейінгі айтулы арыстарымызды ұлағаттап келеді. “Абылай”, “Қаракерей Қабанбай”, “Райымбек баба”, “Махамбет”, “Алаштың асыл ұлдары”, “Желтоқсан таңы” әндері сұлу саздан жасалған музыкалық ұлттық сериал десек те артықшылығы болмас.
Жоғарғы айтқандарымызға Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билерге, Абайға, Шоқанға арнаған әндерін қоссақ, артық мақтағаным болмас. “Біз қазақпыз, азатпыз” атты әнінің:
Түркі тектес тіліміз,
Алты Алаштың біріміз.
Тайталасқан тағдырмен,
Жетті әлемге үніміз,
Әлқисса, біз қазақпыз,
Біз қазақпыз, азатпыз! — деген қайырмасын шырқағанда өзі де құлшынып кетеді, басқа айтушылар да аламан бәйгедегі сәйгүлікше жұлқынып ерен тебіреніспен құлшынады. “Мына пәлекет досың тауып кеткен екен”, – деп Нұрғиса ағамыз да мақтағанда: “Сізге тартқан ғой, шапшаңдығы да, керекті сарынды тауып, таң қалдыруы да ұқсап тұр”, – дегенім бар. Ол кезде Мұратхан шын мәнінде де қай сайысқа түссе де шаң жұтпай озып шығар дәрежеге жеткен болатын. “Үш арысты” Нұрағаң да қатты ұнататын.
Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, «Батырлар жыры» байқауының жеңімпазы атанған, қазақ тілін дамытуда әнмен қосқан үлесімен озық төрге шыққан Мұратхан Егінбаевқа осыдан ширек ғасыр бұрын туған «Үш арыс» әні шабытына шабыт қосты. «Қазақтың ірілері, Абайдың інілері: Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің» аруақтары жебеді деп білемін.
Кәкімбек САЛЫҚОВ.