Аймақтар • 04 Маусым, 2021

Маңғыстаудағы жаңа құс фабрикасы өнім шығара бастады

577 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысындағы бройлер тауықтарды өндіретін жалғыз ірі құс фабрикасы – «Ақтау Агро» биыл көктемде жұмысын бастаған. Жоспар бойынша құс фабрикасы облыстың тауыққа деген қажеттіліктің жартысын қамтамасыз етеді. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz

Маңғыстаудағы жаңа құс фабрикасы өнім шығара бастады

Маңғыстау облысы жылына орта есеппен 11,5 мың тонна тауық етін тұтынады, ал осы уақытқа дейін бұл өнім импортқа тәуелді болып келген.

Жаңа құс фабрикасының қуаттылығы жылына 5 мың тоннаға жуық тауық етін шығаратын болады.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, ағымдағы жылдың сәуір айының басында 38,5 мың көлеміндегі жұмыртқаның бірінші партиясы құс фабрикасындағы инкубаторға салынды. Дәл осындай көлемдегі екінші партия 16 күннен кейін қойылды. Бройлер балапандарын алғаш рет сәуір айының соңында шығарды, ал мамыр айының соңында құс фабрикасында құстарды сойып, дүкендерге өткізе бастады.

Ақтау Агро кешені 3 үлкен алаңнан тұрады, олар: инкубатор, 30 мың басқа арналған 16 құс қорасы, онда сағатына 2 мың бас тауық сояды. Барлық дүкендерде бройлерлер тауық етін ұстауға және сатуға қажетті жабдықтар қойылған, оның ішінде ғылыми зертхана мен ветеринарлық пост бар.

Мұнайлы ауданында құс фабрикасын салумен қатар, қуаттылығы сағатына 10 мың тонна жем шығаратын жем зауыты іске қосылды. Құс фабрикасынан бөлек, жергілікті мал өсіретін фермалар да жем-шөппен қамтамасыз етіледі.