Оқиға • 04 Маусым, 2021

Қазақстанның және Ресейдің пошта қызметтері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

237 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның және Ресейдің пошта қызметтері Қазпоштаның «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА»  және «Жаркент» халықаралық пошта алмасу орнындағы бонд қоймалары арқылы транзиттік тасымал көлемін арттырмақ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанның және Ресейдің пошта қызметтері ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Тараптар тың логистикалық шешімдер негізінде халықаралық пошта жөнелтілімдерін Еуропа және ТМД елдеріне жеткізуді оңтайландыруды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде трансшекаралық электрондық коммерцияның дамуына оң ықпалын тигізеді.

Бүгін «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев және «Ресей поштасы» АҚ бас директоры Максим Акимов Петербор халықаралық экономикалық форумы аясында стратегиялық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат көршілес елдердегі пошта қызметтерінің халықаралық пошта жөнелтілімдерін сақтауға және тасымалдауға байланысты транзиттік логистикалық шешімдер саласындағы ықпалдастықты дамытуға бағытталған.

«Біз үлкен транзиттік әлеуетке және логистикалық инфрақұрылымға иеміз. Қолымыздағы қордың синергиясы басымдыққа ие бағыттарда ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашады. Оның ішінде транзиттік ағындарды арттыруға, оңтайлы логистикалық бағдарларды қолдануға, е-commerce дамуына жаңа серпін беруге мүмкіндік береді. Қазпошта «Қорғас – Шығыс бекеті» арнайы экономикалық аймағында және «Жаркент» халықаралық пошта алмасу орнында орналасқан бонд қоймаларын дамытуға баса назар аударып отыр. Біздің қуаттылықтарды барынша максималды деңгейде қолданамыз», деп атап өтті «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев.

Қазақстандық және ресейлік пошта операторлары бірлесе логистикалық өнімдерді, оның ішінде транзиттік бағдарларды дамытуға мүдделі. Серіктестер қолданыстағы Еуропадағы инфрақұрылым арқылы халықаралық пошта алмасуды жеделдетуді жоспарлап отыр. 

«Еуропадан, АҚШ-тан және Қытайдан келетін электрондық коммерцияның ағыны артып жатқанын ескерсек, ЕЭО елдерінің пошта әкімшіліктері арасында тиімді логистика құру аса маңызды. Қазпоштамен бірлесе жаңа тиімді бағдарларды қалыптастырып, жөнелтілімдерді жедел және қауіпсіз жеткізуді және біздің елдеріміздің транзиттік әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді», деп атап өтті «Почта России» АҚ бас директоры Максим Акимов.

Ынтымақтастықтың алғашқы кезеңінде транзиттің көлемі болжам бойынша бір айда кемінде 24 тонна құрайды. Оның көлемі келешекте нарықтың сұранысына байланысты еселенеді.

2020 жылы Қазақстаннан Ресейге 380 мың және кері бағытта 297 мыңға жуық халықаралық пошта жөнелтілімі жеткізілген. Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Ресейге транзит көлемі 327 тоннадан асты. Бүгінде ҚР және РФ арасындағы пошта алмасу әуе және жер үсті көліктері арқылы жүргізіледі.

Атап өткен жөн, меморандумға «Самұрық-Қазына» АҚ және оның қоржындық компания өкілдерінің жұмыс сапары барысында қол қойылды.