Оқиға • 06 Маусым, 2021

Арқалықта полициядан көлікпен қашқан жасөспірімге қатысты оқиғаның мән-жайы белгілі болды

348 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысы Полиция департаменті полиция қызметкерлерінен көлікпен қашқан кәмелетке толмағанға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Арқалықта полициядан көлікпен қашқан жасөспірімге қатысты оқиғаның мән-жайы белгілі болды

Арқалық қаласы патрульдік полиция взводының аға сержанты Аман Оспанов ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері қызмет етіп келеді.

Ол әріптесі Мұрат Жамалиев екеуі сол күні өрт сөндіруге қатысты оқиға орнынан келе жатқан еді. Полицейлер жол бойында Mitsubishi Pajero көлігін көріп, ондағы жүргізушінің күдікті әрекетін байқап қалады. Көлік жүргізушісі қозғалыс кезінде қайта-қайта кілт тоқтай берген көрінеді.

Куәгер Сабыржан Лекеровтің айтуынша, 31 мамыр күні Жәнібек көшесі бойында патрульдік машина жол талғамайтын көлікті қуып жетіп тоқтатуға тырысқан. Алайда джип жүргізушісі ескертулерге қарамастан, жылдамдығын түсірместен жүйтки жөнелген. Қатты жүрген көлік көше бойында жүрген адамдарға қауіп төндірген.

Полиция қызметкерінің сөзінше, бұл оқиғада басты мақсат қайғылы оқиғаға жол бермеу болды.

«Жол бойында адамдар болды және оларға қатер төнді. Сондықтан аталған көлік құралын тоқтату туралы шешім жасадық. Ескерту ретінде тапаншадан ауаға оқ аттым, алайда көлік тоқтамады. Кейіннен көліктің артқы дөңгелегін көздеп оқ аттым. Дөңгелегі жарылса да, ол 500 метр жердегі үйіне дейін жүріп барды. Сол кезде ғана көлікті жасөспірім тізгіндегенін байқадым. Көлік биік болғандықтан оны кім басқарып отырғанын алдында көрмеген едік», деді Аман Оспанов.