Өнер • 06 Маусым, 2021

Оралда «ASSYL DOMBYRA» айтысының үшінші кезеңі өтті

372 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласында ақын Жүрсін Ерманның 70 жылдық мерейтойына арналған «ASSYL DOMBYRA» республикалық айтысының үшінші іріктеу кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оралда «ASSYL DOMBYRA» айтысының үшінші кезеңі өтті

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында және ақын Жүрсін Ерманның 70 жылдық мерейтойына арналған «ASSYL DOMBYRA» республикалық айтысының іріктеу кезеңдері бұған дейін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында ұйымдастырылған болатын. Соңғы, үшінші іріктеу кезеңі Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында өтті. Оны Батыс Қазақстан облысы әкімдігі Мәдениет басқармасының қолдауымен аталмыш орталық пен «ASSYLTAS» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Оралда өткен айтысқа 14 ақын қатысты. Қазылар алқасының шешімімен 10 ақын жыл соңында Шығыс Қазақстан облысы, Ақсуат ауылында өтетін финалдық сайыстың жолдама алды. Олар – Бауыржан Ширмединұлы (Батыс Қазақстан облысы), Абзал Мақаш (Қарағанды облысы), Нұрзат Қару (Қызылорда облысы), Еркебұлан Қайназаров (Нұр-Сұлтан қаласы), Қанат Мырзахан (Жамбыл облысы), Ершат Қайболдин (Ақтөбе облысы), Айтбай Жұмағұлов (Қарағанды облысы), Ринат Зайтов (Алматы қаласы), Серік Қуанған (Шығыс Қазақстан облысы), Тілеген Әділов (Қарағанды облысы).

Осы салтанат кезінде ақын Жүрсін Ерман, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов және айтыс жанашыры, меценат Дулат Тастекей «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Төсбелгіні «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ БҚО филиалының төрағасы Айдар Батырханов кәсіподақ атынан табыс етті.

 айтыс