Экономика • 06 Маусым, 2021

Қытай вакцинасы, Иран мұнайы және қазақ теңгесі. Үштіктің тағдыры неге бір-бірімен байланысты?

1939 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) мүшелері мен ұйымға кірмейтін мемлекеттер (ОПЕК+) мұнай өндірісін арттыруға келіскен сыңайлы. Нарықтағы сұраныстың өсе бастауы өндірісті ұлғайтуға себеп болып отыр.

Қытай вакцинасы, Иран мұнайы және қазақ теңгесі. Үштіктің тағдыры неге бір-бірімен байланысты?

 Мұнай таусылды. Мұнай керек.

Биылғы 2 маусымдағы жағдай бо­йынша Лондон биржасында Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 71,14 доллар болды. Бұл алдыңғы сессияның жабылу бағасынан 1,82 доллар, яғни 2,63 пайызға жоғары. Ал Нью-Йорк биржасында саудаланатын WTI мұнайы барреліне 68,62 долларға бағаланады. Бұл марка да алдыңғы сессияның қорытынды құнынан 2,3 долларға (3,47 пайыз) жоғары. «Қара алтын» құнының барреліне 70 доллардан асуы – екі жылдан бері алғаш рет орнап отыр­ған көрсеткіш.

Сондай-ақ Иранның да 2015 жылғы ядро­лық келісімді қайта жаңғырту бо­йын­ша әлемдік алты державамен келіс­сөз жүргізіп жатқаны хабарланады. Атал­­ған келісімнің қайтадан күшіне мінуі ха­лық­аралық нарықтағы «қара алтын» өн­дірісінің күрт артуына әсер етпек. Бұған дейін ОПЕК бас хатшысы Мұхаммад Баркиндо Иран тарапынан мұнай жеткізу көлемінің артуы алаңдаушылыққа себеп болады дегенге сенбейтінін айтқан. Сарапшылардың айтуынша, ядролық келісім 2021 жылдың III тоқсанында қалпына келуі мүмкін. WTRG Economics энергетика бойынша экономисі Джеймс Уильямс АҚШ ресми Тегераннан санкцияларды алып тастайтын болса, нарыққа күніне қосымша 700 мың баррель мұнай келіп түсетінін айтады.

Бұдан былай мұнай бағасының құлды­рауы неғайбыл. Swissquote швейца­рия­лық банкінің бас сарапшысы Илек Озкар­деская пандемия уақытында жиналып қалған мұнай қоры таусылып бітуге тая­ды дейді.

«Қазіргі кезде пандемия кезеңінде жиналған мұнай қоры таусылуға жақын. ОПЕК-тің соңғы болжамына сәйкес жылдың екінші жартысында мұнай қоры күрт қысқаруы ықтимал. Бұл төмендеу 2021 жылдың орташа көрсеткішін арттырып, қосымша өндіріс қажеттілігін тудырады. Сонымен қатар әлем елдерінің COVID-19-ға қарсы қарқынды күрес жүргізе бастауы, экономикалық, іскерлік белсенділіктің қалпына келуі және карантин шектеулерінің алынып тасталуы және жолаушылар тасымалының біртіндеп қалыпқа келе бастауы мұнайға деген жаһандық сұранысты арттырады», дейді И.Озкардеская.

«CNBC ақпараты бойынша, ОПЕК+ өз жоспарын өзгерткен жоқ және мамыр мен шілде аралығында өндірісті тәулігіне 2,1 млн баррельге дейін ұлғайтатынын растады. Шілдеден кейін өндіріс саясатының қа­лай болары әлі анықталған жоқ. Эконо­ми­каны біртіндеп қалпына келтіру және тең­герімді ОПЕК+ саясаты аясында биыл мұнай бағасы 30 пайыздан астамға өсті. Дегенмен басты мәселе – Иранның на­рық­­қа шығуы. Бұл өз кезегінде өндіріс кө­­ле­мі­н­ің өсуіне алып келеді», деп мә­лім­­де­йді Қазақстан қаржыгерлер қауым­дастығы.

М.Баркиндоның айтуынша, 2021 жыл­дың төртінші тоқсанында мұнайға деген әлемдік сұраныс күніне 99 млн баррельге жетеді деп болжайды. Мұндай көрсеткіш нарыққа пандемияға дейінгі диапазонды қайта алып келмек. Осыған дейін Goldman Sachs мамыр айында Brent мұнайының бағасы барреліне 80 долларға жетеді деп болжаған. Әрине, бұл болжам орындалған жоқ. Бірақ қазіргі қарқынына қарап, инвестициялық банк пайымының жақын екі айда жүзеге асып қалуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз.

 

Иран келісімі деген не?

Әлемді арагідік ядролық қарумен қорқытып қоятын үрейлі үш ел болса, соның бірі – Иран. АҚШ-тың Иранды санкциямен тұсап ұстауы – сонау тоқ­санын­шы жылдардан келе жат­қан созылмалы процесс. Оның жігін тар­қатар болсақ тым тереңге кетеміз әрі айтқалы отыр­ған ойымыздан ауытқимыз. Қысқасы, 2012 жылы Иран Батыс ел­деріне, 2013 жылдан бастап Еуроодақ ел­деріне мұнай сатуды сап тыйған. Арада екі жыл өт­кенде, 2015 жылдың шіл­десінде алты ел (АҚШ, Франция, Ұлы­британия, Германия, Қытай және Ресей) Иранмен келісім («Бірлескен іс-қимыл жоспары») жасасты. Келісім бо­йын­ша Иран өзінің ядролық нысандарына МАГАТЭ инспекторларын кіргізеді, ал Батыс елдері біртіндеп Ираннан санкция­ларды алып тастайды.

Осыдан кейін Иран мен АҚШ арасында аздаған жылымық орнады. 2016 жылы Құрама Штаттар 59 жеке тұлға (Иран және өзге де ел азаматтары), 385 кәсіпорын, 77 ұшақ және 227 кемеден (оның ішінде мұнай танкерлері де бар) санкцияны алып тастады. Алайда 2017 жылдың басында Дональд Трамп әкімшілігі Иран тарапына жаңа санкция­лар салды. Бірнеше компания санкция тұзағына ілікті. Санкциялар Иранның автомобиль және энергетика секторына бағыттал­ды. Осы арада ЕО пен АҚШ арасында салқындық туындады. ЕО Вашингтонның қатаң шешімдеріне реніш білдірді. Ал Тегеран болса, ЕО Вашингтонның санкцияларынан келетін шығындарды өтеп берсе ғана, ядролық келісім талаптарын сақтаймыз деді. Алайда АҚШ алған бетінен қайтқан жоқ. Иранды банкаралық SWIFT жүйесінен айырып, санкцияларды үсті-үстіне төпелеумен болды.

2020 жылдың 3 қаңтарында АҚШ  Бағдад халықаралық әуежайына әуе­ден соққы жасап, соның нәтижесінде иран­дық генерал Қасем Сүлейманидің опат болуы екі ел арасындағы жағдайды мүлдем ушықтырып жіберді. Иран да қарап қалған жоқ. Бес күннен соң Иракта орналасқан АҚШ әскери базаларын зымыранмен атқылады.

Қазіргі таңда АҚШ Иранмен жасалған «Бірлескен іс-қимыл жоспарына» қайта оралуға ниетті. Бұл жоспардан Трамп 2018 жылы біржақты түрде шығып кеткен болатын. Иран президенті Хасан Руханидің айтуынша, ядролық келі­сімді сақтап тұрудың жалғыз жолы – Вашингтонның санкцияларды алып тастауы ғана. Ал АҚШ болса, ядролық келісім ережелеріне қайшы келетін шектеулерді ғана жоюды ұсынып отыр. Өз кезегінде Франция мен Германия үкіметі АҚШ бастамасын қолдаған. Бұл мәселе бойынша келіссөздер Венада жүргізіліп жатыр. Дипломаттардың болжауынша, келіссөз маусымның ортасы немесе шілденің басында аяқталуы тиіс.

Егер келіссөз сәтті болып, АҚШ санк­­ция­лар күрмеуін біртіндеп тарқата бас­тайтын болса, Иран нарыққа үлкен көлемді мұнай алып келуге белсеніп отыр. АҚШ біржақты түрде ядролық келісімнен шығып кеткенге дейін (2018 ж.) Иран тәулігіне 3,8 млн баррель мұнай өндіріп, оның 2 млн баррелін экспорттап отырды. Одан кейінгі екі жыл­­да америкалық санкцияның күшеюіне бай­ланысты өндіріс екі есе құлдыра­ды. Әрине, Иран мұнайы клиентсіз қалған жоқ. Қытай үлкен тәуекелге бара отырып, өз мұнай өңдеу зауыттарының өңешін иран­дық мұнаймен толтырып отырды. Сирия да сатып алды. БАӘ мен Малайзия дел­дал­дары да Иран мұнайын армансыз саудалады деген ақпарат бар.

Иран сәуірден бастап өндірісті тәу­лігіне 130 мың баррельге дейін ұлғайта бас­таған. Егер Иран нарыққа қайта оралар болса, онда тәулігіне 1-1,3 млн баррель өн­діруі мүмкін, бұл әлемдік тұтынудың 1-1,3 пайызы. Бірақ кейбір сарапшылар Иранның нарыққа келуі қазіргі барреліне 70 дол­лар болып тұрған қолайлы бағаны төмендетіп жіберуі де мүмкін дейді. Бұл, әрине, ОПЕК мүшелерінің көңіл-күйін бұзарлықтай ахуал болмақ. Бұған дейін Х.Рухани мәселенің негізінен шешілгенін, тек кейбір ұсақ-түйек шаруаларды пысықтау ғана қалғанын мәлімдеген: «Кейбір сұрақ бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Алайда мұнай, мұнай химиясы, теңіз тасымалы, сақтандыру, орталық банк және банк секторына салынған санкциялар алынатын болды», деген еді.

Нарықтың кей қатысушысы АҚШ-тың дәл бұлай жомарттыққа баруы ұсы­ныстың күрт өсіп, мұнай бағасының лез­де құлдырап кетуіне жол ашады деп қауіп­тенеді. Алайда бұл бекер қауіп секіл­ді. Себебі жылдың төртінші тоқсанында энергия тасымалдаушыға деген сұраныстың жылдам қалпына келуі мұнай бағасын 80 долларға бір-ақ жет­кізбек. Тіпті нарыққа Иран мұнайы толық кө­лемде құйылды деген күннің өзінде Brent баррелі 80 доллардан түспейді деп пайым жасайды Goldman Sachs. Иранның мұнай министрі Бижан Зангане «қазір тәулігіне 3 млн баррель өндіріп жатырмыз және жақын арада бұл көрсеткішті 6,5 млн баррельге еркін жеткізе аламыз», дейді.

 Теңгенің халі не болмақ?

Мұнай бағасының өсуімен қатар теңге де нығайды. USD KZT жұбы бойынша орташа курс 1,25 теңгеге төмендеп, бір дол­лардың бағасы 427,46 теңге болды. Сырт­қы ортадағы позитивті ахуалдың қалыптасуы ұлттық валютаның бұдан былай да нығая түсеріне сендіретіндей.

Қаржы нарығының сарапшысы Айдар Қалиасқардың айтуынша, теңгенің сәл де болса нығаюына мұнай бағасы ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның Қытайдан коронавирусқа қарсы вакцина әкелуі де әсер етті.

«Елімізге қытайлық Sinovac компания­сы өндірген CoronaVac вакцинасының 500 мың дозасының алғашқы партиясы келіп түсті. Бұл қазақстандықтар коронавирус инфекциясына қарсы қабылдайтын төртінші вакцина ретінде қолданысқа енгізілмек. Нарық қатысушылары Иран мәселесін кірпік қақпай қадағалап отыр. АҚШ-тың ядролық келісімге қайта оралуы белсенді талқыланып жатқан кезде де мұнай еш тежеусіз өсуін жалғастыруда. Жақын аралықта мұнай бағасының өсе түсуі және коронавируспен күрес шара­лары­ның тиімді болуы теңге курсын 425-426-ға дейін төмендетеді», дейді сарапшы.

Телеграмдағы Tengenomika каналы мұнай қымбаттаса, теңге неге қатты нығайып кетпейді деген сұраққа жауап беріпті. Канал авторы Ғалымжан Айтқазиннің сөзінше, мұнай бағасының динамикасынан басқа, DXY индексі түріндегі доллардың әлемдік бағасы, сауда серіктес елдердегі экономикалық жағдай, сонымен қатар геосаяси ахуал да әсерін тигізеді.

«Теңге курсына әсер ететін ішкі факторлар ретінде – төлем балансы көр­сет­кіштері мен динамикасы құрылы­мын­дағы өзгерістерді, салық апталарын, түрлі маусымдық факторларды және әр алуан экономикалық үрдістерді атаймыз. Был­тыр да, биыл да мұнай бағасы қазіргі дең­гейден төмен болған, бірақ теңгенің дол­ларға қатынасы біршама нығайған сәттер болды. Бұл 2020 жылдың мамыр-шілде аралығы: Brent бағасы барреліне 29-44 долларға, ал теңге курсы – 397-410, сон­дай-ақ биыл ақпанда мұнай бағасы бар­реліне 60-65 болған мезетте, теңге курсы 415-417-ні көрсетіп тұрды», дейді экономист.

 Қазақстан

2021 жылдың сәуірінде әлемдік тұ­ты­ну деңгейі тәулігіне 96,18 млн баррельді құраған. Ал сол уақытта әлем­дік өн­діріс тәулігіне 94 млн баррель болыпты. Яғни сұраныс өндірістің өзінен асып түскен. Finreview жобасы егер ОПЕК+ ұйы­мы­ның дәл қазіргі келісімі жыл соңына де­йін толық орындалса, онда жоғарыдай жағ­дай сақталатынын айтыпты.

«2021 жылдың төрт айында Қазақстан 24 млн тоннаға жуық мұнай өндірді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 11 пайызға аз. Ақша эквивалентінде өнім құны 3,7 трлн теңгеге жеткен. ОПЕК+ аясында Қазақстан сәуір айында тәулігіне 1,457 млн баррель өндіруі тиіс еді. Мамыр айында бұл көрсеткіш 1,463 млн баррелге дейін ұлғайды. Маусымда 1,469, ал шілдеде 1,475-ке дейін көбеюі тиіс. Мүмкін ОПЕК+ қазіргі келісімді бірнеше рет қайта қарайтын шығар. Мұндай стратегиялық шешімдерді мақұлдау нарық үшін маңызды ғана емес, сонымен бірге қазақстандық бюджет үшін де тиімді мәмілені сақтауға мүмкіндік береді. Бағаның барреліне шамамен 25 доллардан 50 долларға дейін көтерілуіне байланысты 2020 жылы елге 500 млрд теңгеден астам қосымша кіріс әкелді», деп жазады Finreview.

Биыл бізді түрлі тосын оқиға күтіп тұрған сияқты. Ұзақ жылдық үзілістен соң АҚШ-тың Ираннан ауыр санкцияларды алып тастауы, Парсы шығанағы мұнайының нарыққа қайта құйылуы экономикалық және геосаяси тұрғыда өзгеріс әкелмей қоймайды. Ядролық келісім бойынша Иранның уәдесін алған алты елдің бірі екеніне қарамастан, соңғы жылдары шығанақтан жасырын мұнай және газ импорттаған Қытайдың биылдан бастап бұл әрекетін ашық көрсете бастауы істі тіптен қоюландыра түскендей. Көптеген вакцинаның қолданысқа енгізілуі де сұраныстың артуына сеп болмақ. Әзірге Қазақстан нарықтағы басты ойыншы емес. Дәл қазір біз үшін мұнай бағасының кем дегенде 60 доллардан жоғары болып тұрғанының өзі – зор табыс. Сарапшылардың болжауынша, жыл бойы мұнай бағасының барреліне 60 доллардан төмендемеуінің өзі-ақ ел бюджетінің қажеттілігін өтеп қана қоймай, Ұлттық қор табысын 800 млрд теңгеден асырып жіберуі мүмкін.

Ал «қалың ұйқыдағы» теңгені әзірге ояту мүмкін емес секілді. Мұнай бағасы 100 дол­ларға жетсе де төл валюта «есінеп-құсынап» отыра берердей көрінеді.