Қазақстан • 07 Маусым, 2021

Ashyq – қауіпсіздік кепілі

205 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Пандемияның салдарынан кәсіптері тұралап қалған бизнес субъектілерінің қызметін жандандыру үшін елімізде Ashyq жобасы енгізілгені мәлім. Осы арқылы Үкімет коронадағдарыстан зардап шеккен қызмет көрсету секторын сауықтыруға көшіп, эпидемиялық ахуалды тұрақтандыруды қолға алды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өткен аптадағы есеп беру брифингінде аталған қосымшаға қатысты сұрақтарға да жауап берді.

Ashyq – қауіпсіздік кепілі

Келушілерді кім тексеріп жатыр?

Бұл мобильді қосымшаның аза­мат­тардың мәртебесін қызыл, сары, көк, жасылға бөлуге тиісті техно­логиялық қызметіне көңіл көнши бермейтін кездер аз болмайды. Бү­гінде Ashyq бағдарламасы минис­тр­ліктің қарамағына өтіп, оны «Ұлт­тық ақпараттық технологиялар» АҚ сүйе­мелдейді. Демек аталған бағдар­лама толықтай мемлекеттің қолы­на өтті. Министрдің айтуынша, қо­сымшаның қауіпсіздік және басқа да технологиялық мәселесіне «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ жа­уап береді. Ведомство басшысы қазір Ashyq-тың қызметтері eGov mobile қосымшасына енгізілгенін жеткізді.

«Яғни eGov mobile қосымшасы бар азаматтар Ashyq бағдарламасын жүктемей-ақ, оның көмегімен Ashyq-ты пайдалана алады. Екіншіден, көпшіліктің сұранысына сәйкес біз мультиплатформалық бағытта жұмыс істейтінімізді айтқан едік. Сондықтан Kaspi.kz қосымшасында да Ashyq қолжетімді. Осы бағытта Halyk Bank-пен де жұмыс істеп жатырмыз. Олардың қосымшасында да Ashyq жобасын пайдаланудың мүмкіндіктері қарастырылады. Басқа қаржы инс­титуттары мен кәсіпкерлер осыған байланысты өз ұсыныстарын айтып жатыр. Тұтастай айтқанда, қазір 10 мыңға жуық бизнес субъектісі Ashyq арқылы өз қызметтерін жалғастырып, экономикаға өз пайдасын әкеліп жатыр. Бұл күніне 100 мыңнан астам адам QR кодты сканерлеу арқылы түрлі қызметті пайдаланып жатқанын аңғартады. Мұның өзі үлкен жетістік деп ойлаймыз. Өйткені көптеген кәсіпкерлік субъектісі жұмыстарын жүргізе алмай жатқаны бізге мәлім. Қазір осы пандемияға қарамастан аталған бағдарлама арқылы іскер азаматтар өз кәсібін жалғастыруға мүмкіндік алып отыр», деді Б.Мусин.

 

2 млн адам электронды қосымшаны пайдаланды

Министр eGov mobile-да бүгінде 15 цифрлы құжатты алуға болатынын, сондай-ақ нотариустың қызметіне осы қосымша арқылы жеке куәлікті көрсетіп, жүгінуге болатынын айтты.

«Мысалы, Kaspi.kz қосымшасы арқылы eGov mobile-ды пайдаланып, мемлекеттік қызмет түрлерін алуға жағдай жасалғанын айта кеткім келеді. Қазір бұл қызметті 2 млн-нан аса адам пайдаланғанын көріп отырмыз. Сондықтан осы цифрлы құжатты алу тетігін дамыту үшін қазір басқа да мемлекеттік органдармен жұмыс істеп, алдағы уақытта олардың да қызметін eGov mobile-ға интеграция­лау жоспарлануда. Айталық, Нұр-Сұлтан – Алматы бағытындағы әуе рейсімен қатынап жүрген азаматтар мемлекеттік платформаны пайдаланып, оның тиімділігін байқап келеді. Осы бағытта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр­лігімен келісіп, басқа әуе рейстеріне енгізу қарастырылып жатыр», деді Цифр­лық даму министрі.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин айтқандай, биыл 5 айда 28 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның шамамен 20%-ы eGov mobile арқылы ұсынылды. Оның мәліметіне сәйкес 1 млн-нан астам азамат осы мобильді қосымшаның белсенді пайдаланушысы саналады.

«Соңғы кейстердің бірі ретінде індетке қарсы екпе алған 250 мыңнан астам азаматтың вакциналау пас­портын айтуға болады. Бұдан басқа, қазір Халыққа қызмет көрсету орта­лықтарында пойыз арқылы қатынау барысында цифрлы құжаттар қабыл­данып жатыр. Жоғарыда айтылғандай, әуе тасымалы бойынша қанатқақты жо­ба іске қосылды. Осы арқылы мау­сымда 5 әуежай мен басқа авиа­компанияларды қамту көзделіп отыр. Ashyq қосымшасына тоқталсақ, оның қарамағымызға өтуіне байланыс­ты қызметтердің бір бөлігі заманауи мәнерге ауыстыры­лып, сервер­лік жабдықтау тетігі енгі­зілді. Бұл бағыттағы жұмысты Денсау­лық сақ­тау министрлігі де жүргі­зіп, аза­мат­­тардың ПТР нәтижелері ведом­ствоның рұқсатымен қосымшаға жолданып жатыр», деді Р.Коняшкин.

 

Кезек мәселесін шешуге уәде етті

Тағы бір өзекті мәселе, маман­дандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезекке алдын ала жазылуға байланысты. Өйткені онсыз да ұзын-сонар кезек толастамайтын қызмет көрсету орындарына кірудің өзі мұң. Ал Ashyq арқылы кіру бұл кезекті одан сайын ұзартып жібере ме деген қауіп жоқ емес. Әйтсе де салалық министрлік бұл тәртіп өзгеріссіз қалатынын, керісінше оның оң тұсы көп екенін жеткізді.

«Бұл сервис 5-7 жыл бұрын енгі­зіліп, оң нәтиже берді және тоқта­тыл­майды. Қызмет көрсету орталығына келіп, анықтама алуға, бір минутқа кеңес сұрауға келетін адамдар бар. Әр өтінішке 15-30 минут уақыт белгіленеді. Егер осы 15-30 минутты барлық халыққа қыз­мет көрсету орталығына бөлсек, Қазақ­станның барлық азаматының санына байланысты терезе мен кезек бере алмай­мыз. Сондықтан Ashyq-ты қол­­дану арқылы осы мәселені шешу­дің амалы қарастырылуда», деді Б.Мусин.

Министр электронды үкіметті пайдаланатын резиденттер анықта­ма­ларды дағдыланған форматта ала беретінін айтты.

 

Туристік нысандарда байланыс қашан орнатылады?

Таяуда еліміздің ұлттық паркі мен туристік орындарында болған қай­ғылы жағдай байланысы нашар жерлерде дабыл хабарламасын жі­беруге мүмкіндік беретін арнайы құ­рылғыларды орнатудың уақыты кел­генін көрсетті. Ведомство басшысының айтуынша, мұндай құрылғыларды орнатудың еш қиын­дығы жоқ. Мәселенің барлығы қара­жат бөлуге тіреліп тұр.

«Ұлттық парктерде және туристік жолдарда ұялы байланыс сигналын тарату үшін базалық стансалар қажет. Бұл үшін антенналы-мачталық қондыр­ғылар орнатылуы тиіс. Оны орнату аса қиын емес. Тек сонау шалғай жерге энергетиканы тарту оңай шаруа емес. Сондықтан бұл мәселеге байланысты тиісті есептеулер жасалып, Үкіметке бұған қанша қара­жат қажет екенін жеткіземіз. Осыдан кейін салаға жауапты ведомство осыған қажетті ақшаны тартудың көзін қарастырады. Түсінесіз бе, байланыс операторларына далалы аймақтарға, таулы жерлерге сым тарту адам ойлағандай оңай емес. Біз әлі 1200 ауылды 4G және тағы басқа байланыс желілерімен қамтып үлгере алмай жатырмыз. Сондықтан туристік орындарда байланыс нүктелері болуы үшін уәкілетті орган нақты қаражат бөлуі керек. Қазір Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, бұл мә­се­лені шешу үшін қаражат тарту жағы пысықталып жатыр», деді министр.

Цифрлық даму министрлігінің ақ­паратына сәйкес бір айдың ішінде са­ла­лық ведомстводан өтінімдер қабыл­­данып, тиісті нүктелер таң­далады.