Әлем • 07 Маусым, 2021

Еуроодақ Беларусь ұшақтарына тыйым салды

240 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еуропалық Одақ Беларуське тие­сілі әуе компанияларының қарт құрлықтағы барлық әуе кеңістігі мен әуежайын пайдалануға тыйым салды. Бұған ресми Минскінің Ryanair компаниясына тиесілі ұшақты бортта бомба бар деген желеумен қондырып, оппозиция белсендісі Раман Пратасевичті тұтқындауы себеп болды.

Еуроодақ Беларусь ұшақтарына тыйым салды

Еуропалық одақ елшілері өткен жұмада осы мәселеге қатысты кездесіп, ортақ ұйғарымға келген екен. Соған сәйкес бұдан былай Беларусь әуе компанияларының ұшақтарының қонуы мен ұшуына рұқсат берілмейді. Сондай-ақ сенбіден бастап 27 мүше мемлекеттің аумағынан ұшып өте алмайды.

Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі (EASA) Еуропалық Одақ елдеріне тиесілі ұшақтардың Беларусь әуе кеңістігінде ұшуын немесе оның аумағына қонуын шектеп отыр.

Естеріңізде болса, Раман Прата­севич­тің тұтқындалуын халықара­лық қоғамдастық қатты сынға алған еді. Өз кезегінде Еуропалық Одақ бұған қатысты шара қабылдайтынын жеткізген-ді.

British Airways бұрынғы атқарушы директоры, қазіргі таңда Халық­аралық әуе көлігі қауымдастығының (Iata) бас директоры Вилли Уолш әуе саяхатының саясат құралына айналғанына алаңдау­шылық білдірді.

«Еуропалық әуе кемелеріне Беларусь әуе кеңістігін пайдалануға ты­йым салу да – авиациялық қауіпсіздікті саясат­тан­дырудың көрінісі. Бұл әуе қатынасы саласын дамытпайды. EASA тыйым салуды алып тастап, әуе компанияларының әдеттегідей жолаушы тасымалдауына мүмкіндік беруі тиіс», дейді ол.

Өткен айда ЕО басшылары оқиғаға қатысы бар адамдарға эконо­микалық санкция салу жөнінде шешім қабылдаған. Енді Брюссельдегі дипломаттар келесі аптада шенеуніктер мен ұйымдардың тізімін нақтыламақ.