Аймақтар • 07 Маусым, 2021

Адасқан балықшы аман табылды

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының орталығына жақын орналасқан Бескөл ауылының 70 жасар тұрғыны Сергей Косенко туыстарына қайда баратынын ескертпей, күн құлан иектене бастағанда балық аулау үшін көлігімен көлге кетіп қалған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Адасқан балықшы аман табылды

Оның қай көлге кеткенін ешкім білмей қалған. Тек кешке жақын зейнеткер туыстарына телефон арқылы хабарласып, қайықпен көлдің ортасына кетіп қалып, бағытынан адасып кеткенін айтқан. Ол немересіне тек су қоймасының Аққайың ауданы Дайындық ауылына жақын екенін айтып үлгерген, осыдан кейін телефонының қуаты таусылып, байланыс үзіліп қалған. Оның үстіне басталған жаңбыр мен қатты жел туыстарын қатты әбігерге салған. Іздеуге шыққан балықшының немерелері 112 арнасына хабарласып, көмек сұрайды.

Көмекке Аққайың ауданының учаскелік полиция инспекторы мен ТЖД қызметкерлері жетіп, адасып кеткен балықшыны іздеуге кіріседі.

«Қас қарайып, жаңбыр жауып тұрса да, ешкімде де іздеуді тоқтату туралы ой болмады. Арнаулы қызмет өкілдері бізді қолдап, сенімділік ұялатып, сабырға шақырды», дейді қарттың жақыны, Бескөл кентінің тұрғыны Наталья Салмина.

Учаскелік полиция инспекторы Әди Мұғжанов пен іздеуге қатысқан өзге адамдар «Нива» автокөлігімен көл жағасын сүзіп жүріп, балықшының көлігін табапқан. Іздеушілер осы жерден жарықтарын жағып, белгі береді. 5 сағат бойы жағаға шыға алмай адасқан зейнеткер қамыс арасынан көрінген фардың жарығын байқап, жағалауға қарай бет алады. Қатты жел қайықты алған бағытынан ауытқыта берсе де ескекті қалай есуді жақсы меңгерген қарт жолынан таймай, жарықтың тұсына аман жетеді. Бұл жерде оны жақын адамдары қарсы алады. Сөйтіп ақсақал қатты тоңып, әбден ашықса да бір ажалдан қалып, өзінің туыстарына аман қосылды. Қарттың барлық туыстары өздеріне қол ұшын беріп, жақын жандарын ажалдан алып қалуға көмектескен полиция мен ТЖД қызметкерлеріне алғыстарын жаудырды.

Солтүстік Қазақстан облысы