Білім • 07 Маусым, 2021

Вице-министр оқушылар олимпиадаларына қатысты пікір білдірді

187 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Білім министрлігі ұйымдастыратын олимпиадалар оқушылар үшін ақысыз негізде болады. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Вице-министр оқушылар олимпиадаларына қатысты пікір білдірді

«Балалардың дарындылығын қолдау – зияткерлік олимпиадалар, жалпы білім беретін пәндер бойынша ғылыми жобалар, конкурстар, кәсіби шеберлік конкурстары және спорттық жарыстар өткізу арқылы бірнеше бағытта жүзеге асырылады. Білім және ғылым министрлігі өткізетін зияткерлік олимпиадалар мен конкурстарды «Дарын» республикалық орталығы, шығармашылық және көркемдік бағыттарды Республикалық қосымша білім беру орталығы, сондай-ақ спорттық бағытта Республикалық дене шынықтыру және спорт орталығы үйлестіреді. Айта кету керек, Білім және ғылым министрлігі өткізетін барлық жарыстар, оның ішінде зияткерлік олимпиадалар да, шығырмашылық әрі спорттық жарыстар да бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі», деді Ш.Каринова Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол бұл жарыстар оқушылар үшін тегін екенін нақтылады.

«Олимпиадалар мен жарыстардың қорытындылары бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге тиісті деңгейдегі дипломдар және барлық қатысушыға сертификаттар беріледі. Олар өте маңызды. Өйткені дарындылықты дамыту, қолдау, сондай-ақ оларды ынталандыру әр дарынды оқушыны ары қарай жігерлендіруге әсер етеді. Дипломдар мен сертификаттарды беру де тегін түрде жүргізіледі», деді вице-министр.