Білім • 07 Маусым, 2021

Білім және ғылым министрлігінің ақылы жарыстарға қатысы бар ма?

202 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрлігі өткізетін барлық жарыстар, оның ішінде зияткерлік, шығармашылық, спорттық жарыстар бюджет қаражаты есебінен өткізіледі. Олардың барлығы оқушылар үшін тегін. Бұл туралы Орталық комуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Білім және ғылым министрлігінің ақылы жарыстарға қатысы бар ма?

Олимпиадалар мен жарыстардың қорытындысы бойынша жүлдегерлер мен жеңімпаздарға тиісті дипломдар, қатысушыларға сертификаттар тегін беріледі. Бұл ынталандыру мақсатында жасалады.

«Сонымен қатар білім беру қызметтері нарығында жеке ұйымдар жұмыс істейді, олар балаларға, мектептерге, мұғалімдерге, ата-аналарға әртүрлі ақпарат көздері арқылы өз қызметтерін ұсынады. Бұл қызмет көрсету саласы лицензияланбайды, ҚР БҒМ тарапынан ресми рұқсаттарды талап етпейді. Олардың қызметтері ақылы, оларға қатысу үшін ата-аналар өз қаражаттарын салады немесе басқа көздер тартылады. Айта кетейік, бұл жарыстардың деңгейі әр түрлі, олардың ішінде өте нашар ұйымдастырылатынын мұғалімдер де, мектептер де, ата-аналар да айтады. Сонымен қатар балаларды дамыту тұрғысынан қызықты және танымдық олимпиадалар да жоқ емес. Көбінесе бұл ұйымдар олимпиадалардың атауын министрліктің олимпиадаларының тізбесіндегідей етіп алады. Бірақ Білім және ғылым министрлігінің бұл ақылы жарыстарға ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан балалар мен олардың ата-аналары, мұғалімдер мен мектептер әртүрлі олимпиадалар мен конкурстарға балалардың қатысуын таңдағанда мұқият болуы керек. Өз қаржы қаражатын жұмсамас бұрын, ұйымдастырушының кім екенін, балаларды дамытуда қандай тәжірибесі бар, балалардың оларға не үшін қатысуы, қандай да бір конкурс немесе олимпиада оқушының дамуына не беретінін, олардың қандай дағдылар мен құзыреттерді дамытатынын және т.б. анықтау қажет», деп ескертті вице-министр.

Білім және ғылым министрлігі өткізетін зияткерлік олимпиадалар мен конкурстарды «Дарын» республикалық орталығы, шығармашылық және көркемдік бағыттарды Республикалық қосымша білім беру орталығы, спорттық бағыттарды Республикалық дене шынықтыру және спорт орталығы үйлестіреді.

Жалпы, олимпиадалар мен байқауларға қатысу ерікті түрде жүргізіледі. Әр ата-ананың өзі баласының ақылы жарыстарға қатысуын немесе қатыспауын өзі анықтайды. Бұл ретте мұғалімдердің де, мектеп әкімшіліктерінің де, әдістемелік қызметтердің де ақылы іс-шараларды ұйымдастыруға, ақылы түрде қатысуға мәжбүрлеуге құқығы жоқ. Егер мәжбүрлеу фактілері болса, білім беру сапасын қамтамасыз ету Комитетінің аумақтық департаменттеріне жүгіну қажет.