Аймақтар • 07 Маусым, 2021

Жандарбек Бекшин: Коронавирус субұрқақтар арқылы да жұғуы мүмкін

1296 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін, 7 маусымда Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-баспасөз конференциясы барысында Алматының мемлекеттік Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин субұрқақтар арқылы да коронавирус инфекциясын жұқтыруы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жандарбек Бекшин: Коронавирус субұрқақтар арқылы да жұғуы мүмкін

Саябақтарда, адам көп жиналатын орындар мен базарлардың кіреберістеріне бетперде режимін бақылау күшейтілді. Бұл жерлерге бетпердесіз кіруге болмайды. Сонымен қатар, тұрғындар радиобайланыс арқылы саябақтар мен қоғамдық орындарда коронавирустың алдын алу және одна қорғану шаралары туралы хабарланды. Қалада көрнекі үгіт жаңартылып, қорғану тәсілдері, санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтау туралы ескерту жасалады. Саябақтарда санитарлық патрульдер жұмыс жасайды, мониторингтік топтардың жұмысы өзгерді.

Ж. Бекшиннің айтуынша, субұрқақтар арқылы тек коронавирусты ғана емес, басқа да ауруларды жұқтыру мүмкін екен. Ол субұрқақтарда шомылу салдарынан қалада паразиттік аурулардың өршуі тіркелген жағдайды еске салды. 

«Субұрқақтарда шомылуға болмайды. Субұрқақтарда шомылу адамдардың денсаулығына зиян. Тұман тәрізді әсері бар субұрқақтар ерекше қауіп төндіреді. Пандемия кезінде олардың жұмысы тоқтатылады», деді Ж. Бекшин.

Алматының мемлекеттік Бас санитарлық дәрігері қалалық Жасыл экономика басқармасының субұрқақтар жанына шомылуға тыйым салатын белгілер орнататынын айтты. Субұрқақтар күнде дезинфекцияланады.

Субұрқақтардың  жұмысын санитарлық дәрігерлер де, жергілікті атқарушы органдар да бақылауға алды. Кәсіпкерлер саналы азаматтық ұстанымдарын көрсетті. Мәселен, Алматыдағы Достық пен Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы жеке тұман тәрізді субұрқақ адамдардың көп жиналуына байланысты жабылды.