Әлем • 07 Маусым, 2021

Португалияның солтүстігінде Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

302 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні португал ұлтының «бесігі» деп аталатын Гимараеш қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығының ашылуы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Португалияның солтүстігінде Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

Іс-шарада Қазақстанның Португалиядағы Елшісі Дәулет Батырашев, Гимараеш қаласының мэрі Домингуш Браганса, Құрметті консулдықтың округіне кіретін өңірлердің басшылары, академиялық, қоғамдық-саяси және іскер топтарының, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты. Қазақстанның Құрметті консулы Жиль Виейра, «Resumeferico» компаниясының басшысы Брага, Виана-ду-Каштелу, Вила-Реал, Браганса, Порту, Авейру, Визеу, Гуарда, Коимбра и Каштелу-Бранку өңірлерінде өзінің қызметін жүргізеді.

Салтанатты рәсімде Елші Қазақстанның Құрметті консулдығының құрылуы - бұл екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ықпал ете отырып, қазақ-португал достығы дамуының айқын дәлелі екенін баса айтты. Отандық дипломат Гимараеш қаласының басшылығына көрсеткен қолдауы үшін алғысын білдіріп, Ж.Виейраға Құрметті консулының қызметінде пайдалану үшін мемлекеттік рәміздерін тапсырды.

Португалияның солтүстік аймақтарының басшылары Құрметті консулдықтың ашылуымен құттықтай отырып, ол өңіраралық екіжақты ынтымақтастығының дамытуына ықпал ететініне сенім білдірді. Өз тарапынан, Гимараеш қаласының мэрі Домингуш Браганса Қазақстанмен өзара тиімді қарым-қатынастарды кеңейтуге қызығушылығын білдіріп, екі ел өңірлері арасындағы өзара әрекеттестікті одан әрі дамыту үшін ұсына алатын қаланың кең мүмкіндіктерін атап өтті. Осы орайда, Д. Браганса туыстық қатынастар орнату және екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібін жан-жақты талқылау мақсатында Түркістан қаласына жақын уақытта баруға ниеттілігін білдірді.

Өз қызметіне кіріскен Құрметті консул Қазақстан Үкіметіне сенім білдіргені үшін алғысын білдіріп, Құрметті консулдықтың біздің мемлекет азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы, сондай-ақ екі елдің өзара әрекеттесуінің барлық салаларында және елдер арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастығының дамуындағы маңызды рөлін атап өтті.

ҚР Құрметті консулдығының ашылуымен бірге, өңірдің іскерлік пен өндірістік әлеуетін ескере отырып, Гимараеш қаласында қазақ-португал тікелей іскерлік байланыстарды дамытуға бағытталған «Qazaq Sauda» іскерлік ассоциациясының жұмысы ресми түрде басталған болатын. Португалдық кәсіпкерлерінің бастауымен құрылған қауымдастық серіктестік пен кооперациялық байланыстарын орнатуға көмектесудің, сондай-ақ экономиканың басым салаларда бірлескен жобаларды іске асыру бойынша бизнеске қажетті кеңесулер берудің тиімді құралына айналуға бағытталған.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойына арналған бірқатар іс-шаралар аясында, Португалияның танымал орындаушылары Лара Алейшу мен Нуно де Камара Перейраның қатысуымен салтанатты концерт өтті. Олар басқа шығармалармен қатар, танымал «Дударай» және «Ұмытылмас күн» қазақ әндерін орындады. Сондай-ақ, көптеген қонақтар, Гимараеш қаласының барлық тұрғындарына екі аптаға ашылған Қазақстан туралы фотокөрмесі аясында еліміздің бай мәдениетімен, өнерімен және табиғатымен танысу мүмкіндігіне ие болды.