The Guardian басылымының хабарлауынша, Лондонда жұмыс істейтін Fazze деп аталатын пиар агенттік блогерлер мен инфлюенсерлерге Германия мен Францияда екпе алғандардың жағдайы нашарлап, жүздеген адамның қайтыс болғаны туралы хабар таратуды ұсынған.
Компания блогерлерді арнайы таңдаған. Олардың көбі ғылым, денсаулық сақтау саласына маманданғандар екен. Бір қызығы, оларға хабарласқан агенттердің ағылшыншасы онша жақсы болмаған. Құрылым AstraZeneca вакцинасын алғандарға қарағанда Pfizer екпесін ектіргендер арасында өлімнің көп екені туралы айтқаны үшін қомақты қаржы беруге уәде берген.
Вакцина қаупі туралы жазылған Le Monde басылымы мен Reddit пен Ethical Hacker агенттіктеріне сілтеме беруді де талаптар қатарына қосыпты. Агенттік берген сілтемелерде бұл басылымдар вакцинаның зарары туралы мақала жариялапты-мыс.
The Guardian зерттеуінде француз басылымы Еуропа дәрі-дәрмек агенттігі дайындаған статистика туралы мақала жазыпты дейді. Мақалада қолданылған деректі ресейлік хакерлер ұрлап сатқан деп көрсеткен. Дегенмен, бұл мақалада өлім деңгейі туралы нақты ақпарат жоқ. Ал жоғарыда айтылған екі ақпарат агенттігі вакцина туралы мақалаларды өшіріп үлгерген.
Франциядағы белгілі блогерлердің бірі Лео Грассе әлеуметтік желілердегі парақшаларында Fazze агенттігінен келген хабарламалардың көшірмесін жариялайды. Компания өкілі блогерге қомақты қаржы барын, төлем бойынша еш қиындық тумайтынын айтып, сендірген. Бірақ бұған дейін нақты кандай компаниялармен, блогерлермен жұмыс істегенін айтудан жалтарыпты.
Германиялық блогер Мирко Дрочман да дәл осы компания жіберген ұсынысты халық назарына ұсынды.
The Guardian бұл агенттік туралы ақпарат іздейді. Компания мен жеке тұлғалардың жұмыс өтілі мен тәжірибесінен хабар беретін LinkedIn әлеуметтік желісінде Fazze агенттігінің басшылары Мәскеуден екені жазылған. Бұған дейін де Ресейде негізі қаланған пиар компанияда қызмет етіпті.
Бір қызығы, блогерлер шарт бойынша, векторлы вакцинаның тиімділігін атап көрсетуі керек. Ал бәріміз білетіндей «Спутник V» де AstraZeneca секілді векторлы вакцина. Олар берген ақпаратта «Спутник V», AstraZeneca сияқты векторлы вакциналар коронавируске қарсы күресте зиянсыз әрі тиімді» деп жазылған.
Тексеріс барысында пиар агенттіктің ғимараты Лондонда Percy көшесінде орналасқаны анықталды. Дегенмен, журналистер іс жүзінде олардың онда жұмыс істемейтінін айтады. Оған қоса, мамырдың соңында олар өз сайттарын жауып, әлеуметтік желідегі парақшаларын көпшілікке көрінбейтін етіпті.
Жалпы, ғаламторда вакцинаның теріс әсері туралы жалған ақпарат толып жүр. Екпе алғандар арасындағы өлім туралы нақты сандар көрсетілмегенімен, қауіптің артқаны, денсаулыққа зақым келгені туралы жазғандар аз емес.
28 сәуірде Еуропа сыртқы саясат қызметі де вакцинаға қатысты ақпарат жариялады. Мұны Ресей өз пайдасына қолданып үлгерді. Мақаладағы вакцина туралы деректерді алып, Батыста дайындалған вакцина ресейлік өнімге қарағанда тиімсіз деген ой салуға тырысты.
Халық арасында «пфайзер» атанып кеткен BioNTech/Pfizer вакцинасына күмәнмен қарауға компанияның негізін қалағандар – гастарбайтерлердің ұрпағы деген де себеп бар. Расымен, BioNTech компаниясының негізін 2008 жылы профессор Уур Шахин мен әйелі Өзлем Түреджі қалаған. Шахиннің әкесі Германияға Ford зауытында жұмыс істеу үшін көшіп келген. Ал Түреджілер отбасы – Германияға жұмыс іздеп келген дәрігерлер. Құрылым әуел баста онкологиялық және басқа да қауіпті ауруларға ем іздеумен айналысқан. Қазір Майнце қаласында жұмыс істейтін Уур Шахин Қытайда вирус пайда болғанын ести сала вакцина жасауға кірісіп кеткенін басылымдарға бірнеше рет айтқан.
2020 жылы 17 наурызда америкалық Pfizer корпорациясымен стратегиялық альянс құруға уағдаласып, індетке қарсы вакцина әзірлеуде бірлесетінін мәлімдеді. Фармацевтика саласында әлемдегі үштікке кіретін Pfizer компаниясының негізін қалағандар да бір кезде АҚШ-қа көшіп келген германиялық ғалымдар.
Бұл құрылым дайындап шығарған вакцинаның тиімділігі туралы зерттеулер көп. Германия үкіметі де мақұлдап, тіпті еңбегі үшін марапаттап үлгерді. Биыл ГФР президенті Вальтер Штайнмайердің қолынан Уур Шахин мен Өзлем Түреджі «Крест» орденімен марапатталды.
Блогерлер агенттік ұсынысын қабылдамаған. Өйткені олар өздерін делдал деп таныстырып, ал негізгі тапсырыс берушіні ашық айтуға болмайды деген. Еуропа Одағында блогерлер жарнама жасағанда ақысы алынғанын және оның нақты жарнама екенін айтуға міндетті.
Берлиннің «Ғылым және саясат» қорының қызметкері Янис Клуге бұл істе Ресейдің үлесі бар деген күдікпен келіседі. Өйткені «Спутник V» Twitter-дегі парақшасында батыстық әріптестеріне қатысты теріс көзқарас тудыруға тырысты. Батыста вакцина ектіргендердің қатты ауырып, тіпті өлім саны артқанын бірнеше рет жазды.
Әзірге лондондық компанияның ұсынысын қанша блогер қабылдағаны беймәлім.
Блогерлердің қазіргі кезде үлкен күшке айналғанын жоққа шығаруға болмайды. Сарапшылар кейде жарнама роликтерін түсіріп, арнайы контент дайындағаннан гөрі блогерлерге қолқа салған тиімдірек екенін әуелден айтып жүр. Ал Қазақстанда өндірілген вакцинаны блогерлер арқылы жарнамалатып, дәріптеу қарастырылмаған. Бізде әр азамат елдегі QazVac, «Спутник V», HayatVax вакциналарының қайсысын ектірерін өзі біледі.
Вакцина салдыруды ел арасында дәріптеу мақсатында Индонезия үкіметі блогерлерді вакцина алушылардың алғашқы легіне қосты. Биліктегілер инфлюенсерлерге екпе салу халықтың вакцинаға қатысты көзқарасын өзгертеді деп сенеді. Ең алғашқы болып екпені 50 млн оқырманы бар Раффи Ахмад есімді блогер салдырды. Ендігі кезекте әншілер мен музыканттарға екпе салынбақшы.
«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, үкімет бүгінгі тенденцияларды саясатта да қолдануда. Мұндай жаңа тәсілдер кейде сәтті нәтиже беріп те жатады. Дегенмен, біз сөз еткен лондондық компанияның әрекеті үлкен сынға алынды. Оның вакцина туралы теріс көзқарас тудырамын деген ойы іске аспады. Өйткені бүгінде үкімет те, жеке блогерлер де вакцинаның тиімділігін, оның коронавируске қарсы күресте бірден-бір әсерлі құрал екенін жазып жатыр.