Әлем • 08 Маусым, 2021

Көпұлтты корпорацияларға салық салынады

257 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Үлкен жетілік» (G7) елдері көпұлтты кор­порацияларға салық салу жөніндегі тарихи келісімге қол жеткізді. Лондонда өткен кездесуде эко­номикасы дамыған елдердің қаржы министр­лері халықаралық корпорациялар тіркелген елдерінде емес, табыс табатын елдерінде салық төлеуі тиіс екеніне келісті.

Көпұлтты корпорацияларға салық салынады

Сондай-ақ ең төменгі корпоративтік салық 15 пайыз деңгейінде болмақ. Бұл жекелеген елдердің салық мөлшерлемесін азайту арқылы корпорацияларды өздеріне шақыруын тоқтату үшін қажет.

Жаңа ережелер Amazon және Google секілді алпауыт корпорацияларға қолданылады. Мәселен, Microsoft компаниясының Ирландиядағы филиалы былтыр 315 млрд доллар табыс тапты. Алайда аталған елдің үкіметіне бір тиын салық төлемеген. Өйткені компания Бермуд аралдарында тіркелген.

Салық келісімі АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Канада, Италия және ЕО елдері арасында орнатылды. Салық жүйесін біріздендіру туралы келісімге көп жыл талқылаудан кейін қол жеткізілді.

Құжат басқа елдерге, соның ішінде «Үлкен жиыр­малық» (G20) елдеріне қысым жасауға қолда­нылуы мүмкін. G20 жиыны келесі айда өткізіледі.

Көптеген елдердің үкіметтері трансұлттық кор­по­ра­цияларды бұрыннан бері сол елде түскен табы­сынан салық төлеуге мәжбүрлемек болған. Алайда алпауыт компаниялар филиалын бизнес жүр­гіз­ген елде емес, салығы аз елдерде тіркеп, тапқан табы­сы­ның барлығын сол жерде декларациялаған. Бұл – жаңа пайда болған проблема емес. Бірақ соң­ғы он­жылдықта Google және Facebook сияқты техноло­гия­­лық алпауыттар құрылғаннан кейін өзекті бола түсті.

 

Дайындаған

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»