Аймақтар • 08 Маусым, 2021

Босаңсуға әлі ерте

314 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы пандемия деңгейі жөнінен «сары аймаққа» өткенімен, күн сайын вирус жұқтырушылар саны өткен жылғы ең қиын кезеңмен бірдей болып тұр. Сондықтан күзге қарай жағдай күрделене түсуі мүмкін.

Босаңсуға әлі ерте

– Биыл өңірде дәрі-дәрмекпен қамту жолға қойылды, керекті құ­рал-жабдық та бар. Жаңадан модульді инфекциялық аурухана іске қосылды. Осы шаралардың нәтижесінде біз коронавируспен жедел әрі нәтижелі күресіп отырмыз. Бірақ жағдай жақсы емес. Егер халық санына шағатын бол­сақ, біздегі ахуал Нұр-Сұлтан мен Алматы секілді ірі мегаполи­с­­тармен салыстырғанда жақсы емес. Ауыр науқастар, қайтыс бол­­ғандар саны азаймай отыр. Сон­дықтан босаңсуға әлі ерте, – деді өңір басшысы Ғали Есқалиев коронавирусқа қарсы құрылған штаб отырысында.

Маусымның 6-сы күнгі мәлі­метке қарағанда, Батыс Қазақстан облысында індет басталғалы бері 23 010 адамнан коронави­рус та­был­ған екен. Соның ішінде 341 адам қайтыс болды. Дәрігерлер 17 978 адамның жазылып, қатарға қосыл­ғанын айтады.

– Ауруханаға түскен нау­қас­­тардың 61%-ында дерт асқын­ған формада өтті. Биылғы ауру­дың ең күшейген кезі мамыр айы­на сәй­кес келді. Қайтыс бол­ған­­дардың 2 пайызы ғана нақ­ты коронавирус­тан көз жұм­са, қал­­ғаны бұрыннан келе жат­қан созылмалы дерттерінің ас­қы­нуы­нан дүние салды, – дейді об­­лыстық жұқпалы аурулар ауру­ха­насының директоры Нәдия Ах­ме­това.

Мамандар сырқаттардың көбіне үйден емделіп, дәрігерге дер кезінде қаралмай, ауруын ас­қындырып алатынын айтады. Соңғы күндері covid-19-дың аса қауіпті жаңа түрі көршілес Ресейдің Самара мен Саратов облыстарынан да шыға бастаған. Үндістанда көп адамның өліміне себепкер болып, «қара күйе» атал­­ған коронавирустың бұл түрі өте қауіпті.

Өңірдің бас мемлекеттік са­ни­тарлық дәрігері Мұхамғали Арыс­паевтың «Батыс Қазақстан облысы аумағындағы карантиндік шектеу шаралары және Ashyq жобасын енгізу туралы» жаңа қаулысы 2 маусымнан бастап күшіне енген болатын. Жаңа қаулыға сәйкес, өңірдегі Ashyq жобасына қаты­сатын әлеуметтік-экономикалық нысандардың жаңаша жұмыс кестесі бекітілді. Мәселен, қоғамдық тамақтану орындары, жазғы алаңдар, банкет залдары енді таңғы 07.00-ден түнгі 02.00-ге дейін ашық болады. Тек ондағы адам саны «қызыл», «сары» немесе «жасыл аймақ» болғанына байланысты 50, 60 және 70 адамға дейін өзгеріп отырады. Бұрынғыша ойын-сауық, ұжымдық, отбасылық, естелік іс-шараларды, оның ішін­­де жеке үйде банкет, үйлену тойы, мерейтой се­кілді адам көп жи­налатын өзге де іс-шараларды өткізуге және оларға қатысуға тыйым са­лынған.

Санитар дәрігер мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметкер­ле­рінің және жеке кәсіпкерлік қызметкерлерінің ке­мінде 50%-ын қашықтан жұ­мыс істеуге ауыстыруды ұсы­нып отыр. Бірақ CОVID-19-ға қарсы вак­­цинаның толық курсын алған және соңғы 6 ай ішінде COVID-19-бен ауырып жазылған барлық қыз­меткер қалыпты режімде жұ­мыс істей береді.

Өңірде Ashyq жобасымен жұмыс істеуші мекеме-кәсіп­орын­дар кө­бейіп келеді. Соңғы дерек бойынша 6 кинотеатр, 18 фитнес-клуб, 5 концерт залы, 19 сауна мен бассейн, көптеген ком­пьютерлік клубтар, барлығы 481 нысан осындай жұмыс режі­міне көшкен.

– Ashyq жобасымен жұ­мыс­ істеп жатқан нысандар кө­бей­­ді. Бі­рақ келушілерді қа­таң қадағалап, санитарлық талапт­ардың сақталуына назар аудару керек. Мәселен, «қызыл» жә­не «сары» дәрежесі бар, яғни көп­шіліктен оқшаулануы тиіс 185 адамның қоғамдық орындарда жүргені анықталды. Орал қа­ласында вирус таратушы 72 адам, Ақсай қаласында 9 адам емін-еркін қыдырып жүрген, – дейді бас санитар дәрігер.

Санитарлық-эпидемио­логия­лық талаптарды бұзған адамдарға әкім­шілік шара қолданылады.

Өңірде коронавирусқа қарсы вак­циналау ісі де жүйелі жүріп жатыр. Жақында облысқа ресейлік «Спутник V» вакцинасының 27 500 дозасы жеткізілді. Осы кезге дейін 69 387 батысқазақстандық бұл екпенің бірінші бөлігін алып үлгерген. Ал толық компонент алған адам саны 33 мыңға жуықтаған. Жалпы облысқа осы кезге дейін 173 060 доза вакцина жеткізілген.

 

Батыс Қазақстан облысы