Теннис • 08 Маусым, 2021

Әйгілі америкалық спортшыны жеңді

302 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Теннистен Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Парижде өтіп жатқан «Үлкен дулыға» санатына енетін Ролан Гаррос турнирінде әлемге әйгілі америкалық теннисші Серена Уильямсты жеңіп, карьерасында алғаш рет Ролан Гарростың 1/4 финалына жолдама алды.

Әйгілі америкалық спортшыны жеңді

Әлемдік рейтингте 22-орын­да тұрған Е.Рыбакина халық­аралық жарыстың төртін­ші айналымында «Үлкен ду­лыға» турнирлерінің 23 дүркін жеңімпазы, қазіргі кезде рейтингте 8-сатыда тұрған 39 жас­тағы Серена Уильямспен кортқа шықты. Бұл екі теннисшінің арасындағы алғашқы кездесуі еді. Ал америкалық теннисші бұ­ған дейін қазақстандық спортшылармен 14 мәрте шеберлік байқасып, бәрінде жеңіске жеткен. Сөйтіп Елена Рыбакина Серена Уильямсты жеңген тұңғыш қазақстандық спортшы атанды.

Матчты қарқынды бастаған қазақстандық теннисші бі­рін­ші сетте 4:1 есебімен алға шыққан еді. Бірақ кейіннен аме­ри­калық спортшы екі геймде же­ңіске жетіп, есепті 4:3-ке дейін қысқартуға мүмкіндік алға­нымен, Рыбакина кейінгі екі геймде өз мүмкіндігін жібермеді – 6:3.

Екінші партияны отандасымыз брейкпен бастағанымен, тәжірибелі қарсыласы таразы басын теңестіріп үлгерді. Есеп 3:3 болған мезетте қазақ­стандық теннисші брейк жасап, қайта алға шықты. Бірақ өз гей­мінде қателікке жол берді – 4:4. Дегенмен есеп 5:5 бол­ғанда, тағы бір брейкке қол жет­кізді – 6:5. Содан кейін бірін­ші матчболын пайдалана білді – 7:5. Бәсеке 1 сағат 18 минутта аяқталып үлгерді. Осылайша қазақстандық теннисші өз спорттық жолында алғаш рет Ролан Гаррос турнирінің ширек финалына шығып отыр. Осы табысы үшін Елена Рыбакина WTA рейтингіндегі қоржынына 430 ұпай салса, қалтасын 255 500 еуроға қалыңдатты.

Енді жерлесіміз жарты­лай финалға шығу үшін әлем­нің 32-ракеткасы, ресейлік Анастасия Павлюченковамен таласады. Ол төртінші айналымда Беларусь өкілі Вик­тория Азаренконы 5:7, 6:3, 6:2 есебімен ұтты. Бір қызы­ғы, Е.Рыбакина А.Павлю­чен­ковамен бірге Франция ашық чемпионатында жұптық сында да табысты өнер көрсетуде, олар үшінші айналымға өткен болатын.