Әлем • 08 Маусым, 2021

Пәкістанда пойыздар соқтығысты

166 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Пәкістанда екі жүрдек по­йыз соқ­тығысып, ке­мі 30 адам қаза тауып, жүз­ден астам жолаушы жарақат алды. Millat Express және Sir Syed Express компанияларына тиесі­лі пойыздар елдің оңтүстігіндегі Синдх провин­циясы маңында соқтығысқан.

Пәкістанда пойыздар соқтығысты

Жергілікті биліктің хабарлауынша, жарақаттан­ғандар мен қаза тапқандарды үйінді астынан шығару әлі жүріп жатыр. Құтқару жұмыстарына таяу маң­дағы ауыл тұрғындары да жұмылдырылған. Апат орнына құтқару жұмыстарына қатысу үшін әскерилер де келген.

 Millat Express пойызының астында жиырма шақты жолаушы қалған. Синдх провинциясындағы Готки ауданының полиция шерифі Умар Туфайлдың айтуынша, оларды құтқару үшін ауыр техника ал­дырылмақ.

Готки комиссарының орынбасары Усман Абдул­ланың сөзіне сүйенсек, Millat Express рельстен шығып кетіп, іле оны Sir Syed Express пойызы келіп соққан. Әзірге рельстен шығып кету мен соқтығысуға не әсер еткені белгісіз.

«Алдымызда тұрған міндет – сынықтардың астында қалған жолаушыларды тез арада құтқару», дейді У.Абдулла. Оның айтуынша, қазірдің өзінде 30 адам қаза тапқан. Темір жол өкілдері екі пойызда шамамен мыңға жуық жолаушы болғанын айтып отыр. Сондай-ақ аман қалғандарды орналастыру жұмыстары да жүріп жатыр.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, жолаушы­лардың бір бөлігі Millat Express пойызымен үйлену тойына бара жатқан. Бірақ қайтыс болғандар мен жарақат алғандардың арасында олардың бар-жоғы белгісіз.

Теледидар кадрларында жарақат алған жолаушыларды ауруханаларға жеткізіп жатқан жедел жәрдем машиналары көрсетілген. Пәкістан телеарналарының мәліметінше, апаттан кейін төрт сағат өтсе де ауыр техника оқиға орнына жетпеген.

Пәкістан теміржол қызметі өкілдері тергеуге тапсырыс бергендерін және құтқару жұмыстары әлі жалғаса беретінін айтты. Жарақат алған жолау­шы­лардың кейбіреулері ауруханада ауыр халде жатыр.

Пәкістанда пойыз апаттары жиі кездеседі. Соған қарамастан, билік ескірген сигнал жүйесін жаңартуға, тозған темір жолдарды ауыстыруға көңіл бөлмейді. Мәселен, Пәкістанның оңтүстігінде 1990 жылы жолаушылар толы пойыз жүк пойызына соқтығысып, осы ел тарихындағы ең ауыр теміржол апатында 210 адам қаза тапқан.