Әлем • 08 Маусым, 2021

Байденнің ойыны

290 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

СТЭНФОРД. Джо Байден АҚШ президенті ретінде Еуропаға алғашқы сапарына аттанбақ. Англиядағы G7 саммитінен кейін ол Бельгиядағы НАТО саммитіне, содан кейін Женевада Ресей президенті Владимир Путинмен екіжақты кездесуге қатысады. Бірақ Еуропада жергілікті мәселелер талқыланғанымен, сайып келгенде, Қытайға баса назар аударылады. Өйткені Байденнің стратегиялық басымдығы – Қытайға қарсы Батыстың біріккен жауабы болмақ. 

Байденнің ойыны

Қытайдың Еуропаға қатысты өктем мінезі мен менсінбестігінің артуы көптеген еуропалық көшбас­шылардың Си Цзиньпиннің режіміне деген көзқарасын нашарлатып жі­берді. Ал мұндай мүмкіндікті Бай­ден жіберіп алмауы тиіс. Қалай деген­мен, Германияны Ресеймен бай­ла­ныстыратын «Солтүстік ағын – 2» газ құбыры жобасын қазір Байден Еу­ро­паны, атап айтқанда, Герма­ния­ны Қытайдан алшақтататын құрал ретінде көреді.

Байден бірнеше жыл бойы «Солтүс­тік ағын – 2» жобасын Еуропа үшін тиімсіз келісім деп мәлімдеп, кәрі құр­лықтың, әсіресе Польша, Украина және Балтық елдерінің қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін айтып келген. Қаңтар айында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Антоний Блинкен кезекті тыңдау кезінде жаңа әкімшілік құбыр бәсекесін тоқтату үшін бәрін жасайтынын хабарлады.

Бірақ АҚШ-тың «Солтүстік ағын – 2» жобасын тоқтатуға тыры­суы трансатлантикалық одақтың келе­шегіне қауіп төндіруі мүмкін еді. Өйт­кені Германия канцлері Ангела Мер­кельдің үкіметі Ресейдің газын Гер­маниядағы көмірге тәуелділікті біртіндеп жоюға бастайтын жол деп санайды. АҚШ өткен айда күтпеген жерден құбыр салушы компанияға салынған санкцияларды алып тастады. Содан бері Германияның Сыртқы істер министрі Хейко Маас Байден әкімшілігімен орнатылған өте жақсы қарым-қатынас туралы жиі айтады.

Шындығында, қазіргі таңда мұн­дағы басты жеңімпаздардың бірі – Путин. «Солтүстік ағын – 2» Ресей газын Балтық теңізі арқылы Гер­ма­нияға тікелей жеткізген кезде Кремль Украина сияқты транзиттік елдер­­ге газ беруін тоқтата алады. Бірақ Ук­раи­наның қауіпсіздігі, қаржысы және тіпті тәуелсіздігіне күмән туып тұр­ғанын жоққа шығармасақ та, Бай­ден әкімшілігі газ құбырын тоқта­та ал­май­тынын мойындаған жөн. Сон­дық­тан АҚШ жобаны қабылдап, Қытай­ға қатысты саясатында қолдауға ие болу үшін Германиямен кеңірек ынты­мақ­тастыққа қол жеткізуге тырысады.

Қытай өз кезегінде Еуропаны АҚШ-қа қарағанда үмітсіз әрі ұмытшақ деп санайды. Сондықтан кәрі құрлыққа қарсы қатаң саясатын күшейтіп келеді. Тіпті Нидерланд заң шығарушылары мен Еуропалық Парламенттің мүше­леріне жеке санкциялар салды. Бұ­ған жауап ретінде Еуропалық Пар­ла­мент былтырғы желтоқсанда Еуро­па­лық Комиссия мен Қытай арасында жасалған Инвестициялар туралы жан-жақты келісім жобасын (CAI) ратификациялауға тосқауыл қойды. Келісім жасалғанда Байден әкімшілігінің аталған мәселе бойынша алдын ала консультация жүргізу туралы өтінішіне құлақ аспаған еді.

Қытайдың табандылығы нәтиже­сін­де Германия да, АҚШ та Батыс ел­дерін біріктіретін келісім жасасуға ұмтылды. Қазірдің өзінде оның негіз­гі шарттары белгілі. Германия газ құ­бырын жалғастырады. Сайып келгенде, өзіне қолайлы  климат саясатын жүр­­­гізеді. Ал АҚШ Германияның қол­­­­дауына ие болып, Қытайдың жаңа стра­т­егиясын жүзеге асыруға қарсы тұ­рып, ережелерге негізделген халық­ар­а­лық тәртіпті қорғайды.

Демек, Байденнің «Солтүстік ағын – 2» жобасын қолдауы тегін кел­ді деп айта аламыз. Алда-жалда неміс­тер бұл жобаны аяқтауға бел буған­да АҚШ-тың қарсылығы Батыс ел­дерінің одақтастығына сызат түсіріп, алауыз­дықты тереңдете түсер еді. Бұ­рынғы президент Дональд Трамптан айырмашылығы сол, Байден өзінің мәмілегерлігімен және ұстамды қаты­нас орнатуымен шындықты мойындады. Сондай-ақ бұдан пайда көріп отыр. Енді еуропалықтар Инвестициялар туралы жан-жақты келісім жобасын іске асыруға жақын арада жол бермейді.

Путин мен Ресей мәселесіне келсек, Батыстың оларды ырқына көндіріп қоймай, Қытаймен ауыз жаласуына жол бермеуіне Байденнің сенімі мол секілді. Қытайға тәуелділіктің ар­туы – Ресейдің ұлттық қауіпсіздік мүд­десіне сәйкес келмейтіні басы ашық мәселе. Женевадағы кездесуде Байден Путинге осыны жеткізетіні түсінікті.

Трамп Америка экономикалық және саяси мақсаттарына жету үшін еуропалық одақтастар қажет емес деп есептеді. Байден трансатлантикалық одақ АҚШ-тың экономикалық және ұлттық қауіпсіздігінің негізі екенін түсінеді. Сондықтан ол Батыстың Қытай­ға қатысты позициясын нығай­ту үшін Ресейдің экономикалық мүдде­лерін бәске тігуге дайын.

Eurointelligence-тің сарапшысы Вольфганг Мюнхау секілді сын­шылар Байденнің саясатын «Гер­ма­ния саясатының бұрыс шешіміне негізделген, осылайша оның әкімші­лігінің сыртқы саясатты табысты жүр­гізу мүмкіндігіне зиян келтіреді» деп санайды. Шын мәнінде, Германияға иек арту арқылы Батыстың Қытайға қарсы тұру қабілетін арттырады. Бұл Байденнің басты дипломатиялық жетістіктерінің бірі болуы мүмкін. Тіпті «өлді» дегеннің өзінде АҚШ-тың сыртқы саясатын «трампизмнен» құтқарады.

 

Мелвин Б.КРАУСС,

Нью-Йорк университетінің

экономика профессоры

 

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org