Бурабай ауданында еріктілер қозғалысына жетекшілік ететін Олеся Баимова дәл осындай бастаманы қолға алған болатын. Жастар бірден жұмыла кетті. Бір-бірінен құлақтанып, аудандағы кәсіпкерлер, әсіресе азық-түлік дүкендерінің иелері бұл бір қысылтаяңда қажет қадам екен десіп, қолұшын созуда. Әншейінде болар-болмас дүние көрінетін аз ғана көмек кісі көңілін демеп, жанын жадыратады. Бағалы бастаманың көмегін әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылары мен жалғызілікті жандар көріп отыр. Оларға қайырымдылық есебінде берілген азық-түлік емес, замандастарының жанашырлық ниеті қымбат. Қазір аудандағы 11 азық-түлік дүкенінде қайырымдылық сөресі бар. Адамдар таңертең осы дүкендерге соғып, әлдекімге қажет болады-ау деген азық-түлікті өз қаражатына сатып алып, жақсылық сөресіне қойып кетеді. Бәрі бір-бірімен уәделесіп қойғандай аты-жөндерін атамауды өтінеді. Шынында да жақсылық жасаған адамның жарнамаға үйір емес екені белгілі. Осы жерден мұқтаж адамдар өздеріне керек тауарларын тегін алып кетіп жатыр. Әрине, қайырымды жандарға ақ алғыстарын да жолдайды. Мұның арғы жағында бір-біріне деген ізетті көңіл, ізгілікті пейіл жатыр. Айналып келгенде қоғам жақсылық діңгегінің төңірегінде топтасып, бірлік бекем бола түседі.
Жекелеген адамдарға да қайырымдылық көрсету кең өріс алуда. Өткен апта ішінде ұзын-ырғасы 90-ға жуық жалғызілікті адамға қаржылай көмек көрсетіліпті. Ауданның іскер азаматтары еріктілердің өтініштерін мұқият тыңдап, қолұшын беруге құба-құп. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған, ауыр сырқатқа душар болған адамдар да атымтай жомарттардың жақсылығын көріп, үміт отын лаулата түсуде. Осы арада бір мысал келтіре кетелік, Кәмеш Қамалжан есімді сырқатқа көмек көрсету барысында еріктілер 4,2 млн теңге жинап, жан жылуына бөлеген. Дәл осындай мысалды іргедегі Бұланды ауданынан да кезіктірдік. Ауданның жомарт жандары Илья Чернышовтың емделуіне 1,3 млн теңге қаражат жинап беріпті. Атпал азаматтар ғана емес, зейнеткерлердің де осы бір игілікті іске үлес қосқанын естігенде, көңілің бүрлеп кетеді.
Жақсылық жарысы аудан орталықтарында ғана емес, ауылдық жерлерде де жиілеген. Айталық, Ақкөл ауданына қарасты Новорыбинск ауылдық округінде көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен жалғызілікті адамдарға азық-түлік себеті таратылған. Бұл жұмысқа негізінен облыстық «Қызыл Жарты Ай» қоғамының филиалы мұрындық болған екен. Нәтижесінде, қаншама отбасы қамқор көңілдің ізетті жәрдеміне көңіл тоғайтып қалды. Олар үшін ең бастысы, көңіл еді. Өздерінің кешегі карантин күндері қиындықпен жалғыз алыспай, көппен көрген сынақ екенін жете түсініп отыр.
– Дәм-тұздарына рахмет, – дейді ауыл тұрғыны Валентина Байбатырова. – Ас-суымыз жеткілікті. Біз үшін бағалысы – елдің ізгі тілегі. Әйтеуір санатта болғанымызға қуандық емес пе?!
Осы ауданның Жалғызқарағай ауылдық округінің жастары да ел ішіндегі егде адамдардың амандықтарын біліп, әдейілеп іздеп барып сәлем беріп, хал-ахуалдарын білген. Ізінен жақсылық ілесе келетін қайырымдылығы мол жастардың қарекетіне аға буын әбден разы болып, алғыстарын айтып, баталарын беріпті. Жастар болса құр қол бармай, азық-түлік себетін ала барған. Сөйтіп екі буынның арасындағы адамгершілікке негізделген сыйластықтың алтын арқауы барынша беки түскен.
Ел ішіндегі бауырмалдық артқан сайын адамдардың бойындағы болашаққа деген сенім де нығая түспек. Соның бір парасы еріктілердің қолымен, қолымен ғана емес, ақ көңіл, адал ниетімен жасалып жатыр.
Ақмола облысы