Аймақтар • 09 Маусым, 2021

Елордада әр сенбі сайын «Ашық аспан астындағы кітапхана» өтеді

342 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда өткен аптада алғаш рет «Ашық аспан астындағы кітапхана» жобасы бастау алған болатын. Енді бұл іс-шара әр демалыс сайын ұйымдастырылып тұратын болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Елордада әр сенбі сайын «Ашық аспан астындағы кітапхана» өтеді

Жобаның ұйымдастырушысы – «Байқоңыр» ауданы әкімінің аппараты. Алдағы жаз маусымына арнайы ұйымдастырылған бұл іс-шара әр сенбі сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болады. Пайдасы мол бастаманың мақсаты – жазғы демалыста оқушыларды, студенттерді және аудан тұрғындарын оқуға тарту, уақыттарын тиімді өткізу, сонымен қатар кітапханаға тұрақты оқырман ретінде жазылуға мүмкіндік жасау.

Аспан астындағы кітапханада көбіне балаларға арналған әдебиеттер, әйгілі жазушылардың поэмалары, шығармалары қойылады.

«Ашық аспан астындағы кітапхана» жобасы осы аптада 12 маусым күні сағат 11:00-де Абай даңғылы мен Ә.Сембинов көшесінің қиылысында орналасқан Қаламгерлер аллеясында өтеді.

Іс-шараға ақын, әдебиеттанушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы қатысады. Шара барысында ақынның өлеңдері оқылып, ән де айтылмақ. 

Айта кетейік, іс-шара санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып өтеді.