Қоғам • 09 Маусым, 2021

Алматылықтар әл-Фараби бойындағы құрылысқа наразы

139 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматылықтар әл-Фараби даңғылы маңында салынып жатқан ірі құрылысқа шағымданды. Тұрғындар онда құрылыс салу ережелері бұзылған деп санайды. Шағымдарға құрылыс компаниясы жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматылықтар әл-Фараби бойындағы құрылысқа наразы

Қала тұрғындары Марков - Сейфуллин - әл-Фараби - Попов көшелері шаршысында салынып жатқан тұрғын үй кешеніне қатысты шағым айтты. Экобелсенді Салтанат Тәшімова Facebook-парақшасында құрылыс салушы компания  ережелерді бұзып қана қоймай, қала тұрғындарын алдағанын жазды.

«Сайтта бес үйдің суреті көрсетілген. Бірақ сату бөлімінде 27 үйдің құрылысы туралы айтылады. Құрылыс жақын маңдағы үйлердің бәрін жауып қалады. Тұрғындарға таулардың көрінісі бұрынғыдай көрінбейді. Оның үстіне таудан түсетін жолға тым жақын салынып жатыр...», деп жазды экобелсенді Ташимова

Құрылыс салушы компанияның мәліметі бойынша, тоғыз гектар аумақта үш кіреберісі бар үш, екі кіреберісі бар төрт және 12-ден 19 қабатқа дейінгі тоғыз бір кіреберісті үйлер салынып жатыр.

«Кешен аумағындағы ғимараттар ауа ағынына кедергі келтірмейтіндей орналасқан. Қазіргі уақытта құрылыстың бірінші кезегінде екі үйі салынды. 2-ші және 3-ші кезектің құрылысы жалғасып жатыр. Қала әкімдігі қол қойған меморандумға сәйкес, қалалық мектеп құрылысын салуға кірістік. Жаңа ғимарат екі ауысымда 600 орынды қамтамасыз етеді. Аумақта екі балабақша салынады, мұнда спорт кешендері, денсаулық сақтау орталықтары мен балалар студиялары, street retail бөлмелері қарастырылған», деді компания өкілі.

Ұйым мәліметіне сүйенсек, жобаның ерекшелігі - көгалдандыру жүйесінде. Сондай-ақ құрылыс компаниясы ғимараттардың сейсмикалық төзімділігіне ерекше назар аударған.

Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов тұрғын үй кешені 2018 жылы келісілгенін айтты.