Өнер • 10 Маусым, 2021

Мергенов мүсіндері

696 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сіз Қазақстанның халық суретшісі, қайталанбас талант иесі Еркін Мергеновтің мүсіндерін көрдіңіз бе? Көрсеңіз, ғажа­йып бір күйге бөленіп, шынайы өнердің үлгісін көрер едіңіз.

Мергенов мүсіндері

Осыдан үш жыл бұрын бас шаһардағы Ұлттық музей­де көрнекті мүсіншінің өзі өмір­ден өткеннен кейін «Уақыт­­­ты сезіну» атты көрмесі ұйым­дас­­тырылды. Оған өрелі өнер иесінің бірнеше туындысы қо­йылып, оны жиылған жұрт қызыға қарап, тамсанып жатты. Жалпы, Мергенов мү­сін­дері өнертанушылардың сөзі­мен айтқанда, жаһан­дық тарихи өзгерістер дәуірінің көр­кем символдары саналады. Автордың ұлттық бояуға бай шы­ғармаларынан тың ракурс­тар мен соны идеяларды бай­қайсыз. Ол көнеден жалғасып келе жатқан қазақ оюларынан да өзгеше өрнек таба білген. Негізінен, Еркін ағамыздың портрет жанрында айрықша қолтаңбасы қалыптасқан. Оның шебер қолынан шыққан мү­сін­дері замандастер бейнесін айшық­таған шынайылығы­мен ғана емес, өмір мен уақыт тыны­сын тап баса білген шы­мыр­лығымен ерекшеленеді. Мә­се­лен, мүсіншінің өткен ға­­сыр­дың 70-80-ші жылдары жасаған «Махамбет», «Әке», «Елубай Өмірзақов», «Ол­­жас Сүлейменов» порт­рет­те­рінен тұлғалардың ғана емес, қоғамның болмысын аша біл­­гендігін көресіз. Әсіресе ав­тор­дың 1988 жылы туған «XX ғасыр» деген портреттер топ­тамасы ұлттық мү­сін­деме өнерін байытқан сү­­­бе­­лі дүниелер болды.

Тамаша таланттың шығар­машылығын АҚШ, Англия, Ре­сей өнертанушылары жоға­ры бағалаған. Мәскеулік сын­шы Алим Сабитов Еркін Мер­геновтің екі мәдениеттің сурет­шісі екендігін айтады. «Оның көптеген жұмысы ХХ ғасыр­дағы еуропалық пластиканы зерделеуге жатады. Алайда мү­­сіншінің негізгі тақырыбы­на кел­генде көкейкестілігі басым болып, Шығыс пен дала мәдениеті бөлек көрініс табады. Мен ол кісіні кеңестік бейнелеу өнерінің бағаланбаған классигі немесе жаңа Қазақстанның «ашыл­май қалған» алғашқы мү­сін­шісі деп айтар едім», деген парасатты пікірін білдіреді.

Марқұм Еркін ағамыз – бейнелеу өнеріне алпысыншы жыл­дардың соңын ала келген талантты буынның өкілі. Жалпы, осы жылдары ұлттық өнердің қай саласы да жаңаша түрле­ніп, биікке өрледі. Алматыдағы көркемсурет училищесін аяқта­ғаннан кейін ол В.Суриков атын­дағы Мәскеу мемлекет­тік көркемсурет институтында оқып, білікті ұстаздардан тәлім алды. Соның да әсері болар, ол әп дегеннен өнердегі өз соқ­­пағын таба білді. Ол бір сұх­­батында Батыстың атақты су­рет­шілерінен көп үйренгенін айтады.

«Еркін Мергенов − екі үл­кен мәдениеттің басын бі­рік­тіріп, еуропалық пластика мен далалық мәдениеттің сұлу синтезін тапқан суреткер. Ол Батыс пен Шығыс өне­рінің қоспасынан өзіндік ой түйе білген хас шебер еді. Абай­дан басталған филосо­фия­ны сурет пен мүсін өне­рінде өрнектей білуімен жүре­гі­мізде сақталатын ағамыз ар­тына өшпес із қалдырға­ны дау­сыз. Ерекең өзінің бір көр­ме­сін «Еркіндік» деп атап еді. Бекер атаған жоқ. Оның жаны да, оның ойы да, оның шы­ғармашылығы да өз атына сай еркіндікке құрылған еді. Қазақтан Мергеновтей әлем­дік деңгейдегі суреткердің шы­ғуы – біздің қазақ екенімізді мақ­таныш тұтуымызға, жаһандық мәдениеттен тысқары қалма­ғанымызды сенімді айтуымызға мүмкіндік береді», дейді танымал қылқалам шебері Ерболат Төлепбай.

Ол кісі шығармашылығы­мен бірге қоғамдық жұмысты да қатар алып, біраз жылдар Қазақстан Суретшілер одағын басқарып, отандық бейнелеу өнерінің ілгерілеуіне көп еңбек сіңірді. Қазіргі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында оқытушы болып, шәкірт тәрбиеледі. Бір жылдары дарынды азаматты шетелдік ғалымдар Оксфорд университетіне шақырып, студенттерге бейнелеу өнерінен дәріс оқытқан. Бұл жайында белгілі суретші Алпысбай Қазы­ғұлов: «Қазақ тарихында Оксфорд университетінде екі адам дәріс оқыса, олардың бірі – біздің Еркін Тілекұлы, екіншісі – ертеректе дәріс оқы­ған ұлы Мұхтар Әуезов еді. Оксфордта дәріс оқу екінің бірі­нің маңдайына жазыла бер­мейтін бақ деп айтуға болады», депті өз естелігінде.

Бүгінде айтулы азаматтың мо­нументалды мүсіндерін елі­міздің бірқатар қаласынан кез­дестіруге болады. Мәселен, со­ның бір белгісі ретінде жұрт­шылықтың көңілінен шыққан Алматыдағы үш метрлік «Екеу» немесе «Сағым» композициясын айтуға болады.

Ұлттық бейнелеу мен мү­сін өнерін дамытуға зор үлес қос­қан Еркін ағамыз 2015 жы­лы, дәл жетпіс бес жасында дү­ниеден озды. Былтыр туға­нына сексен жыл толды. Ту­ған халқына қаншама құнды мұ­ра қалдырған талантты тұл­ға­ның туындылары бүгінде Ұлттық музей, Ә.Қастеев атын­дағы мемлекеттік өнер му­зейі мен Ресейдегі Третьяков га­лереясы, Украинадағы орыс өнерінің мемлекеттік му­зе­йі, Қырғызстан мемле­кеттік өнер музейінің топтамаларын­да және алыс-жақын шет мем­лекеттердің коллекцияларында сақтаулы тұр.