Ел өңірлеріндегі эпидемиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша «қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан қаласы қалды. Ал «сары аймақта» Алматы қаласы, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстары тұр. Қалған Шымкент қаласы, Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары – «жасыл аймақта».
Қызарып тұрған жалғыз өңір – елордада соңғы уақытта КВИ-мен сырқаттану төмендегені байқалады. Дегенмен бұл оң көрсеткіш әлі баяу болып тұр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова баяндады.
– Сырқаттанудың төмендеу қарқыны баяу өсіп келе жатқанын және соңғы үш аптада орта есеппен аптасына 10%-дан 19%-ға дейін төмендегенін атап өткім келеді. Бірақ қазір Сovid-19 індеті бойынша нақты тіркелген жағдайлар қолайсыз эпидемиялық жағдайды көрсетуде және қала «қызыл аймақта» қала береді. Күніне 70-тен 200-ге дейін Сovid-19 жұқтыру жағдайы тіркеледі. Жыл басынан бері елордада сырқаттанғандар саны 38 мыңнан асты, пандемия басталғаннан бері 57 168 жағдай тіркелді. Мамыр айының басымен салыстырғанда 100 мың тұрғынға шаққанда апталық сырқаттану көрсеткіші 210-нан 110-ға дейін төмендеді. Бір аптада Сovid-19 бойынша 1 315 жағдай тіркелді, сырқаттану көрсеткіші алдыңғы аптадан 18%-ға төмен (алдыңғы аптада – 1 617 жағдай), 100 мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіш 110,7-ні құрады. Репродуктивті саны – 0,88, – дейді астананың бас санитары.
Соңғы тәулікте елордада 203 КВИ жағдай тіркелген. Қазір қалада инфекцияның белсенді 1 551 ошағы бар. Медициналық бақылауда байланыста болған 4 116 адам бар.
Ashyq қосымшасымен жұмыс істейтін нысандарда жоба енгізілген сәттен 7 маусымға дейін үй карантинін бұзған 3 140 адам анықталды, оның ішінде 1 436 науқас және 1 704 байланыста болған адам бар. Ал 101 келуші «қызыл/сары» мәртебесі бола тұра мекемеге бірнеше рет келген. С.Бейсенованың айтуынша, коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі КВИ-мен ауыратын науқастар мен байланыста болған адамдар үшін оқшаулаудың міндетті режімін көздейтін санитарлық қағидаларды бекітті. 10 маусымнан бастап оқшаулау режімін бұзған тұрғындарға 87 510 теңге айыппұл салынады.
«Қызыл аймақтағы» қалада вакциналау қарқыны да күшеймей тұр. Соңғы бір айда бұл көрсеткіш 46%-ға төмендеген екен. Бүгінде астанада 100-ден аса екпе кабинеті жұмыс істеп тұр. 9 маусымдағы жағдай бойынша қала халқының 9,4%-ы немесе 111 683 адам екі компонентті вакцинаны толық алды. Бірінші компонентпен 169 632 адам немесе 14,3% қамтылған. Сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері жанындағы уақытша егу пункттерінде бірінші компонентпен 19 742 адам немесе барлық егілген халықтың 11,6%-ы, екінші компонентпен 9 109 адам немесе 8,1%-ы вакцина салдырды.