Жылыой ауданындағы «Теңіз» кенішінде өндірілетін «қара алтын» құрамында күкірттің үлесі аз емес. Сол себептен, мұнда күкіртті түйіршік түрінде шығаратын зауыт жұмысын бастады. Жаңа зауытты қазақстандық Caspian Group Construction ЖШС екі жылға жетпейтін мерзімде іске қосты. Зауытта жергілікті 60-тан аса адам үшін жұмыс орны ашылды. Айына 40 мың тонна түйіршіктелген күкірт өндіріледі.
– «Теңіз кенішінің түйіршіктелген күкірті Африка, Еуропа, Қытай және басқа елдердің нарығына экспортталады. Осы орайда күкіртті басқару жоспары аясында жергілікті компанияның мүмкіндігін дамыту көзделді. Сондықтан күкіртті өңдеу қуатын кеңейтетін жоба жүзеге асырылды, – дейді «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лайон.
Оның айтуынша, жергілікті компанияларды дамыту – компанияның негізгі стратегияларының бірі. Бұл жоба экологиялық қауіпсіздікті жақсартып, өндірістік тәуекелдерді азайтады.
– Жаңа зауыт портативті және оңай жиналатын GXM3 қондырғысымен жабдықталды. Түйіршіктелген күкірт шығару үшін әлемдегі ең озық технологиялар қолданылып отыр, – дейді түйіршіктелген күкірт зауытының менеджері Ғалиасқар Итишев.
Атырау облысы