Аймақтар • 10 Маусым, 2021

СҚО-да аса ірі көлемдегі есірткі тәркіленді

255 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылжар ауданының 40 жастағы тұрғынын Петропавл қаласында «Subaru Legacy» көлігімен кетіп бара жатқанда Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері оны жедел деректің көрсетуімен ұстаған, деп хабарлайды Egemen.kz.

СҚО-да аса ірі көлемдегі есірткі тәркіленді

Көліктің жүксалғышынан өзіне тән ерекше иісі бар, аузы скотчпен оралған полимерлі пакеттен өсімдік тектес зат шығады. Сараптамаға салғанда оның салмағы 4 кг 960 гр есірткі құралы –кептірілген марихуана екені анықталған. Бұл аса ірі көлемдегі есірткіге жатады. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігі

«Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Қазір ұсталған адамның есірткі сатуға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Оның аудан орталығы - Бескөлде тұратын үйін тексерген кезде өсімдік тектес зат оралған екі полимерлі пакет пен таразы табылды. Алынған заттар сот-химиялық сараптамасына жіберілді. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды», дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Басыбаев.

Адамнан аса ірі көлемдегі есірткі табылса 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал егер ол сату мақсатына қолданылғаны дәлелденсе 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері есірткіні заңсыз сатумен байланысты 10 күдіктіге қатысты 13 қылмыстық істі сотқа жіберді. Есірткінің заңсыз айналымына байланысты ауыр және аса ауыр қылмыс үшін 16 адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.