Президент • 10 Маусым, 2021

Сапалы шетелдік инвестиция тартуға жағдай жасауымыз керек – Қ.Тоқаев

600 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан шетел инвестициясын тартуға барынша қолайлы жағдай жасау саясатын жалғастырады. Бұл туралы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 33-ші жалпы отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сапалы шетелдік инвестиция тартуға жағдай жасауымыз керек – Қ.Тоқаев

«Бүгінгі жалпы отырыстың тақырыбы шикізаттық емес секторды дамытуға арналған. Ұзаққа созылған шикізаттық суперциклдің аяқталатындығын бірнеше рет атап еткен едім. Мұнайға сұраныс пен оның бағасының осыған дейін ауытқуына қарағанда бұл жолғы конъюнктура ахуалға байланысты нарықтық себептермен ғана айқындалмайды.

Ол біздің көз алдымызда өтіп жатқан терең технологиялық қозғалысқа бағынады. Ұлттық экономиканы жасылдандыру бойынша жоспарлар мен болжамдар мемлекеттік саясаттың нақты іс-шараларына айналуда. Бұл қазақстандық экономиканың технологиялық күрделенуі мен ауқымды жасылдануын әртараптандыруда баламасыз екендігін дәлелдейді», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикалық жүйе ретінде ішкі инвестицияға, ішкі сұраныс пен шикізат экспортына ғана арқа сүйей алмайтындығын баса айтты.

«Еліміз сапалы шетелдік инвестиция тартуға барынша қолайлы жағдай жасау саясатын жалғастырады. Біз өңірдегі және ТМД-дағы көшбасшылығымызды сақтап қалуға ниеттеміз. Қазақстандық локальді құн құру бойынша ішкі сұраныс пен өндіріс бөлігіндегі саясатымыз өзгеріссіз қалады. Бұған қоса, мұндай іс-шаралар барынша нарықтық болуы тиіс. Олар бұрмаланбауы керек. Олай болған жағдайда жаһандық немесе өңірлік бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізу мүмкін емес», деді ҚР Президенті.