Аймақтар • 10 Маусым, 2021

Нұр-Сұлтанда дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр

350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның 300-ден астам үздік дзюдошысы 2018 жылдан бері алғаш рет ел чемпионаты аясында татамиге шықты. Нұр-Сұлтанда 23 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан біріншілігі басталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Нұр-Сұлтанда дзюдодан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр

Чемпионаттың ашылуында Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қайрат Қожамжаров 2021 жыл Токио Олимпиадасына байланысты спортшылар үшін өте маңызды екенін атап өтіп, спортшыларға алдағы жарыста сәттілік пен жеңіс тіледі.

«Соңғы бір жарым жыл ішінде жарыстарға, әсіресе шетелдегі бәсекелерге қатысу қиынға соқты. Дегенмен соңғы уақытта құрамамыз әлемдік жарыстарға қатысып жүр. Бүгін 23 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер арасында ел біріншілігі өтіп жатыр. Жаттығуға қайта оралғаннан кейін дзюдошыларымыз Токио олимпиадасына белсенді дайындалуда. Жастарымыз әйгілі спортшыларымыз сияқты артылған үмітті ақтайды деп сенеміз», деді Қайрат Қожамжаров.

Айта кетейік, дзюдодан Қазақстан чемпионаты 2018 жылы өткен болатын. Дзюдошыларымыз былтыр пандемияға байланысты жарысқа қатыса алмады. Ал биыл чемпионат санитарлық нормаларды сақтай отырып, көрерменсіз өтеді.

«23 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдерге арналған дзюдодан ҚР чемпионаты жыл сайын өткізіледі. Бұл жастардың ересектер санатына ауысатын чемпионаты болып саналады. Бүгінгі таңда жарысқа барлық өңірден 300-ден астам спортшы келді. Дайындық деңгейі жақсы. Мұнда әлем чемпиондары да, Азия чемпиондары да қатысады. Әр өңірден әр салмақта 2 спортшы келді. Чемпионат былтыр да өтуі керек еді, бірақ пандемияға байланысты өткізбеуге мәжбүр болдық. Биыл санитарлық нормаларды сақтай отырып, елордада өткізіп отырмыз», деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Олимпиадалық спорт түрлері бойынша спортты дамыту дирекциясы» КММ басшысы Бағдат Данияров.

60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі біріншілік чемпиондарының бірі Жамбыл облысының спортшысы Ернұр Сүлеймен болды. Финалдық жекпе-жектен кейін чемпион өз әсерімен бөлісті.

«Бүгін чемпион атанғаным үшін жаттықтырушыларыма үлкен алғысымды білдіремін. Қарсыласым менен жас болғанмен мықты дзюдошылардың бірі екен. Оны жеңуім қиын болды. Чемпиондық жолдағы жекпе-жектің біреуі де оңай болған жоқ. Келесі мақсат — әлем чемпионы және Олимпиада чемпионы болу», деді Ернұр Сүлеймен.