Бұл да кезекті рөл алдындағы дайындық па? Жалпы, «бір терінің ішінде бірде толып, бірде арып» жүргеніңізге қарап өнер үшін құрбандыққа жиі барасыз ба деймін...
– Кез келген жобаны қолға алатын кезде режиссер болашақ туындысы туралы ұзақ толғанады. Көз көрмеген, тек тарихи сана, туабітті түйсікпен тұспалдап білетін бейнені тірілтудің өзегінде оның соңына қалдырған мұрасы мен еңбегінен өзге ақпарат болмайды. Балуан Шолақ үшін он алты кило салмақ қосқаным рас. Он кило 21 күн ішінде қосылды, ол аз болған соң, тағы да тырысуға тура келді. Ал әлі жарыққа шықпаған, әзірге аты құпия сақталуы тиіс, түсірілімі енді аяқталған соңғы түскен фильм үшін 22 кило салмақ тастадым. Кәсіби спортшылар секілді бірде салмақ қуалап, бірде тастау бүгінде актерлердің де қалыпты көп кәсіби міндетінің біріне айналды. Денеме күш түсіп, психологиялық жағынан қиналғаныммен, моральдық жағынан мұның ғажап әсері бар.
Ойнаған рөлдерімнің дені тарихи персонаждар болғандықтан, тағдырын ұлттың өркендеуі жолына арнаған зиялылардың азаматтық ұстанымы, ойы, бізге аманаттап кеткен мұраты менің де жаныма жақын. Рас, біз әр кезеңнің ұрпағымыз, алайда олардың арман-аңсарымен өзімнің де мүдделес екенімді, көзқарасымыздың ұштасып жатқанын жан-тәніммен сезінгендіктен, ықыласпен ізденемін.
Тарих сахнасында қазақтың қазақ болып қалып қалуы үшін тер төккен тұлғаларды өнер тілімен сөйлету барысында өзімді өзім аямай қамшылайтыным да сол жауапкершілікті сезінуден. Себебі көпшілік ол тарихи тұлғаның кім екенін, қандай болғанын сен сомдаған бейнеге қарап топшылайды. Өтірік болып шықса, кешірілуі қиын. Сондықтан биік өнердің бағасы үшін құрбандыққа бару, олардың аманатын арқалаушы ұрпағы ретінде ұлы мұратты алып жүру мен үшін үлкен мәртебе.
– Балуан Шолақ, Бауыржан Момышұлы, Жәнібек хан, Мұстафа Шоқай сияқты ірі тұлғаларды сомдау арқылы көрерменнің көз алдында батыр болып қалыптасып келесіз. Сізге қайсысының рухы көбірек жақын?
– Ой жүгіртіп қарағанда, өзім үшін ішінара ұқсастықтарды бәлкім табуға болатын шығар. Бірақ «жан дүниеме жақыны дәл мынау» деп тап басып айта алмаймын. Мен үшін осы батыр аталарымыздың қайраткерлігі, ел үшін жасаған еңбегі әрдайым басты орында тұрады. Бұл – тілмен айтып жеткізе алмайтын тылсым дүние. Бүгінгі жігіттердің көпшілігі «бәленше батырдың ұрпағымын» деп мақтанып, кеуде соғып айғайлағанды жақсы көреді, бірақ сол батыр атасының қасиеті өз бойында бар ма, солар секілді тірілік, ірілік танытуға даяр ма? Мәселе – осында. Арыға бармай-ақ, берідегі Алаш арыстарын ғана алайықшы. Бәрі де шетінен білімді, дұшпанға ұлт үшін қаймықпай қарсы тұра алатын батыл, еңбекқор. Күресіп жүрген идеясының жеңіліс табатынын, кейбірі ұрпақсыз өтетінін, абақтыға қамалатынын білді. Біле тұра, құрбандыққа барды. Солардың образын жасау үшін ізденісте жүріп, жақсы қасиетіне қайран қалып, таңырқап, тебіренсем, өз бойыма өлшеп көріп, үйренуге тырысамын. Сол себепті мен оларды өзімнен емес, өзімді солардан іздегім келеді.
– Біз батырлық туралы сөз қозғап отырмыз ғой, айтыңызшы, жүрегінің түгі бар көзсіз батырды айтпағанда, қарапайым адамның бойында болуы тиіс намыс пен жігер неге өлді? Тарихта талай есеміз кетсе де, кешірім сұрайтын да, иілетін де, жол беретін де, сабыр қылатын да – біз, қазақтың есебінен түгенделіп жатқан ұпай әлсіреген рухты көтере ала ма?
– Сонау Әбілқайыр заманынан бергі ғасырларға жалғасқан орысқа бодандық санамызды «шайып» тастауға толықтай жетті. «Әлхамдуллах, алты миллионбыз» деп Ахаң сүйіншілеген қазақтың үштен бір бөлігі, тіпті жартысы шыбындай қырылып, ұлтымыз әлемдегі ең ауыр геноцидті бастан өткерді. Қазанның бетіндегі қаймағы түгілі түбіндегі қаспағына дейін қырып алды. Тірі қалғаны бойын үмітке емес, үрейге алдырды, көргені аштық, ату, айдау, тұқырту болғаннан кейін қорқаққа айналмағанда қайтеміз? Осыдан да аман қалдық, бірақ зардабын әлі тартып келеміз. Арғы бір атасы темірден түйін түйген ұста болса, тоғызыншы әлде он екінші ұрпағынан тағы бір ұста қайтсе шығады, осы заңдылықпен қисындағанда, ұлтын сүйетін азаматтар арамызда жоқ деп айта алмаймын. Ақынды да, әкімді де, саясаткерді де ширықтырып, қай кезеңде де алға қарай сүйрейтін қозғаушы күш – елге деген сүйіспеншілік, ұлтына деген махаббат.
Қазір мына бір жайттың төңірегінде ұдайы ойланамын. Талантты, білімді, сауатты «алтын бастарымыз» елін, жерін тастап, жақсы өмір аңсап, жат жұрттарды жағалай бастағалы біраз уақыт болды. Иә, «Қазақстанда олар үшін қолайлы жағдай жоқ қой» дерсіз. Бірақ Әлихандар мен Ахметтердің заманы қолайлы болды деп кім айтты? Кеңес саясатымен келіспесе, шетелге кетуге олардың мүмкіндігі болмады емес, болды ғой? Сонда оларды тұсаулап жібермей қалған қандай күш? Елі мен жерінің алдындағы борыш, Отанына деген махаббат емес пе еді? Бүгінгі заман білім жарыстыратын ақыл-ой заманы болғандықтан, оқығаны рәсуа болып, жинаған білімін жүзеге асыра алмай, уақыт өтіп бара жатқан соң ол жастар амалсыз Отанын тастап кетіп жатқан да болар. Оларды кінәлауға менің хақым жоқ. Бірақ деймін, шіркін, менің замандастарымның жүрегінде әлгі айтқан қозғаушы күш – ұлтына деген махаббат болса, олар жерін тастап кетпеген болар ма еді?
Рух деген – ұлтқа деген махаббат емес пе? Олар Отанын шын сүйсе, аз жалақыға, жайлаған жемқорлыққа, аяқ бастырмайтын әділетсіздік пен өсек-аяңға қарамас еді, кеудесін желге, басын қатерге тігіп, бойындағы бары мен нәрін туған жерінің гүлденуіне жұмсар еді. Тастап кету оңай, ал сонда ел қалай өркендеп, жер қалай көркеймек?
Білімділер көп, бірақ алдымызда тау көтерер толағайлар жоқ. Бұл әңгіменің саясатқа түк қатысы жоқ, бар болғаны, әр адам жеке тұлға ретінде дамудың, санасын, ой-өрісін, отаншылдығын жастайынан тәрбиелеудің жолдарын білуі керек. Әркім өз ісін адал атқарса, айналасына әділ қарай алса, талай дүниеміз өз-өзінен түгенделіп тұрар ма еді. Мысалы, мен актермін бе, өз рөліме жауапкершілікпен қарап, шынайы кейіпкер жасап шығару – міндетім. Сол сияқты кез келген адам – мен, сен, ол, жалпы олар, өзінің, кәсібінің алдында адал болса, таныс іздеп мәселе шешетін заңсыздық өз-өзінен тыйылады. Бәріміздің аңсайтынымыз осы, ендеше оны жасауды өзімізден бастасақ, кім біздің қолымыздан қағады?
– Сөз орайы келген соң әңгіме батырлыққа байланысты өрбіп кетті, негізі, сізге рөл берілді делік, жұмысты неден бастайсыз?
– Театр мен кинодағы рөлдердің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Кинода көбінесе сыртқы образ, кейіпкермен ұқсастық, тіпті «бірге-бір» дәл үйлесім табу басты орынға қойылады. Бірақ екеуіне де ортақ нәрсе – кейіпкердің ішіне үңілу керек. Маған қызығы – осы. Сценарийді бастап оқығанда-ақ кейіпкер сахна немесе экран арқылы не айтқысы келді? Оның ой-өресі қандай, кім болған, өзіңше схемасын құрып, қиялмен кейіпкеріңнің өмірбаяндық портретін жасап аласың. Рөлге ену үшін ең алдымен кейіпкеріңнің жүрісін табу маңызды. Себебі қозғалысы арқылы кейіпкердің психологиясын табу оңай. Яғни адамның жүрісі оның психикасына байланысты қалыптасқан, сыртқы физикалық қозғалыс арқылы ішкі дүниені іздейсің. Көрерменді баурап алатын құдірет – актердің сыртқы сұлулығы емес, көзіндегі ой. Егер мен сахнадағы серіктесімнен «Сен бүгін ауылға жол жүресің бе?» деп сұрасам, ол сұрақ менің сөзімде емес, көзімде тұруы керек. Тереңірек үңілуді қажет ететін бұл шеберліктің сырын, әрине кітапты көбірек оқысаң, табасың.
– Мұны сұрап отырған себебім, сізді Чеховтің «Сүйікті менің ағатайым» спектакліндегі Ваняның рөлінен көрген кезде кейіпкеріңіздің образымен біте қайнасып, бір адамға айналып кеткен сізге қарап актерлік кәсіптің сырын шын ұққандай болдық. Сіз үшін Ваня кім, неге ол қайта-қайта қазақ сахнасына орала береді?
– «Сүйікті менің ағатайым» – классика, ал классика дәуірлер алмасса да, кез келген кезең мен уақыттың құрдасы болып қала береді. Чеховтің өлмес туындысы алдағы жүздеген жылдан кейін де сол заманның сұрағына айна-қатесіз жауап берері анық. Классиканың айтар ойы биік, сынбайтын, иілмейтін құдіреті болса да, сен оны өз табиғатыңа тез-ақ икемдей аласың. Ваня көршіңнің, көшедегі, базардағы адамдардың көшірмесін көрсетіп, көмекші құралдар арқылы жасай салуға көнетін образ емес. Академияның студенті болып жүргенімде Ваня туралы дәріс тыңдадым, ол туралы ұстаздардан, аға буын әртістерден көп естідім, бірақ екеуміз алғаш сахнада бетпе-бет кездескен кезде, сасқалақтап қалғанымды жасырмаймын. Ваня – өте білімді адам. Ол жездесіне алданып қалдым деп отырған жоқ, ол өмірге алданып қалып отыр. Ол өкіметке, тағдырға алданып қалған адам. Ол өзінің арманының құрбаны болған адам. Ваняның заманындағы небір ақсүйек, білімді азаматтар өкіметке алданып, тағдырдың тәлкегіне айналды. Бұл – қайратсыздық емес, бұл – тағдыр. Біздің ұрпақ оны көрмеді ме?
1990 жылдары талай әкелердің ғылымдағы, өнердегі мансабын тәрк етіп, Ваня болып кеткенін көзіміз көрді ғой. Қарап отырсақ, Ваняның айналасында болып жатқан оқиғалар қай қоғамның да ащы шындығы. Ең соңында Ваня қашып құтыла алмайтын тағдырға бас ұрады. Қинала-қинала келіседі. Бірақ оның басындағы қиындықтың бәрін жиып алып бір-ақ күнге сыйдырып, бір кештің ішінде ойнасаң, көтере алмай, омақасып құлайсың. Сондықтан оны ойнаған кезде айтқың келген ойыңды кезектестіріп, түрлендіріп отыру керек: бүгінгі ойында жердің проблемасын айт, келесі жолы феминистердің мәселесін қозға, арғы жолы жемқорлықты айт. Осының бәрін толғауға бір Ваня жетеді. Ваняның тұла бойы тұнып тұрған қазақ, бірақ оны ойнағанда ескеретін бір жайт, образды қатты қазақиландырмау керек.
– Екі сағаттан артық Ваняның рөлінде ойнап, спектакль аяқталған соң көрермен алдына шыққан кезіңізді рингтегі боксшыға ұқсаттым. Үш раунд бойы қарсыласпен айқасып, асқан шеберлікпен айқын жеңіске жеткен, бірақ масаттануға, жанкүйерлерінің қолпашын сезінуге шамасы жоқ қалжыраған боксшы аяғын әрең басып кетіп барады. Премьера күні сахнада құрметке бөленіп жатқан сіздің көрерменнен тым жырақта, әлі өз-өзіңізге келе алмай, өң мен түстей халде тұрғаныңыз тым қорқынышты көрінді. Жүрекке салып ойнау қауіпті ғой, әр рөліңіз үшін осылай қатерге бас тіге бересіз бе?
– Кез келген спектакльдің алғашқы премьерасының рухы қашанда бөлек болады. Спектакль тірі жүреді. Актерлер сахнада жан алып, жан береді. Бұрын көлікті 120-мен айдасаң, сол күні жылдамдықты 200-ге көтерген сияқты, спектакльдің ырғағын арттырмасаң, бір сәт бәсеңдетпейсің. Актер қаласа да, қаламаса да, осылай ойнайды. Себебі көрермен сенен сол энергетиканы көргісі келіп күтіп отыр. Амал жоқ, «оталасың». Сахнадағы өмір бәйге сияқты, бастапқыда тізгінді тарта-тарта соңына қарай мәреге жақындағанда қамшыны басып, аттың басын жіберу керек.
Ваняның басындағы проблеманы көрерменмен бөлісу ғажап әсер сыйлады. Оны залдағы көпшілік сезді. Шымылдық жабылды. Аяқ-қолым дірілдеп, тамағыма тығылған ащы жас не әрі кетпейді, не бері шықпайды. Осы сәттен шығып кететін есік іздеп тұрмын, бірақ шыға алмаймын. Жүрегімді қысып, езіп бара жатқан зіл батпан ойдан құтылғым келеді, бірақ босана алмаймын. Кенет қолымды алып құшақтап жатқан әріптестерімнің, гүл көтеріп келген көрермендердің әтірінің иісін сезіп, гүл оралған қағаздың шытырлаған дыбысын естіп, киімдерді ұстағанда барып, осы өмірге оралғаныма, есімді жинағаныма қуанып, көзімнен жас ыршып кетті. Бірақ күн сайын жүретін спектакльдердің бәрінің әсері бұлай бола бермейді. Қатал ұстанатын қағидам бар – спектакль ойнап болған соң бәрін ұмыту керек. Ойнаған кейіпкеріңнің проблемасымен үйге баруға болмайды. Салқын душ қабылдап, жуынып-шайынып, бойдағының бәрін қағып-сілкіп тастамасаң, денсаулығыңа зиян келеді.
– Өмір шындығы бар және өнер шындығы бар. Бұл екеуінің жолы қай жерде бірігіп, қай жерден ажырайды?
– Өнер деген не? Өнер деген, ең алдымен, өмірді тану. Бұл – сұлулық. Бұл – тазалық. Бұл – тәрбие. Өнер – ұлтқа, дінге, нәсілге бөлінбейді, бәріне түсінікті, бәрінен биік. Өнер адамды және адамға қатысты дүниені жырлайды. Өмірдің көріністерін, қоғамдағы оқиғаларды баяндағанымен, оны сол күйінде өнерге көшіретін болсақ, онда шындық емес, қарабайырлық белең алып кетеді. Кітаптағы өмір басқа, ал өмірдің шындығы бөлек. Бірақ екеуін ұштастыратын суреткер шығармаға бәрібір өзінің ойын, сезімін, аңсарын үстемелемей тұрмайды. Ендеше туындыны жазған автордың да, көрерменге жеткізетін актердің де, музыкамен көркемдейтін композитордың да жан-жүрегі ақ қағаздай таза болуы тиіс. Оқырман, көрермен сол тазалықты ғана сезінуі тиіс, сондықтан суреткер тарапынан олардың алдындағы жауапкершілік бір сәтке ұмытылмауы керек.
– Еркебұлан, әр әртістің тасы өрге домалаған өркендеу кезеңі болады. Батыр біткенді ойнап атаққа да, танымалдылыққа да қатарыңыздың алды болып ерте қол жеткіздіңіз. Иммунитетіңіз қалай еді, сіз жұлдыз болып, кешегі құрдастарыңыздың қолы жете алмай, достарыңыздың қатары сиреп қалған жоқ па?
– Атаққа да, қызметке де бауыр басуға болмайтынын ерте түсінгенмін. Сол себепті иммунитетім мықты деп ойлаймын. Өткенімді ой елегінен өткізіп бажайлап қарасам, азды-көпті абырой маған оңайлықпен келмеген екен. Кей әріптестерім кастингке барады да, өнерін көрсетіп, өтіп кете салады. Дұрыс, ешкімнің бағын күндеп керек емес. Өз қателіктерім – өзіме сабақ. Жастықтың буымен желпілдеп бара жатсам, шебер Алла шыр айналдырып әкеліп, орныма қояды. Дереу сабама түсіп, сабыр табамын.
Иә, актер болған соң, танымал болғың келеді, сахнадан да, кинодан да көрініп, өзіңді дәлелдегің келеді. Бастапқыда театрдың ғана отымен кіріп, күлімен шығып, күндіз-түні спектакльдер мен репетицияларда жүрдік. Біз театрдан шықпай жұмыс істеп жүргенде экран бетін кездейсоқ шақырылған әуесқой актерлер жаулап алды. Бірақ бас-аяғы үш-төрт жылдың ішінде бәрі де су бетіне қалқып шыққандай болды – киноға кәсіби актерлер керек екен.
Рас, режиссерлер қалтасынан артығырақ ақша шығаратынын, бірақ сапалы дүние жасалатынын түсінді. Киноның сапасы – қазақ өнерінің сапасы.
Іштей жақсы рөлді, басты рөлді армандап жүргеніммен, кинода көп тәжірибесі жоқ маған Бауыржан Момышұлының рөлі ұсынылғанда, сенер-сенбесімді білмедім. Жан-жағымдағы кәсіби актерлердің жұмысына қарап, режиссердің жәрдеміне сүйеніп, тілін, ділін жанымен сүйген ұлтжанды батырдың аруағынан қорқа-қорқа буынымды бекіткендей болдым. Тарихи рөлдерді ойнау үшін алдымен актер тарихты білуі керек, қажет болса, тарихпен ауыру керек, тарих туралы айтып жатқаным да сондықтан. Мұны мен Жәнібек ханды ойнағанда тіпті терең сезіндім. Керей туралы да, Жәнібек жөнінде де дерек аз. Кино үшін мәлімет өте жұтаң. Тіпті туған жылы да жобамен белгіленген. Сонда олар туралы материалдар қайда, әйтеуір бір елдің мұрағатында жатқаны анық, енді соларды елдің архивіне жеткізетін азаматтар табылса игі.
– Балуан Шолақ, Бауыржан сияқты геройларды ойнағаныңызбен, ән атасы Әміренің рөлі уыстан шығып кетті. Кастингке Әміренің рөліне барып, экранға Шоқай болып шықтыңыз. Өкініш бар ма?
– Жоқ, еш өкінбеймін және ешкімге өкпе артпаймын. Кінә тек өзімде. Тіл білмеймін. Ал фильм ағылшын тілінде түсірілді. Режиссер – ағылшын, бүкіл түсіру тобы шетелдіктер, олар тек ағылшын тілінде сөйледі. Сондықтан ол жерге мен өте алмадым. Бірақ Мұстафа Шоқайдың рөліне қабылдандым. Соған да тәубе дедім. Шоқайдың өмірін зерттеу барысында, шын қайран қалдым. Құдай қазаққа қандай ұл сыйлаған, шіркін! Қазақ ұлтын жүз жылдар бойы билеген екі басты құзғын құстың шеңгелінен босататын дәл сондай қанаты қатты құстың керек екенін сол кезде түсінген ұлы тұлғаны біздің әлі тани алмай жатқанымыз өкінішті.
– Режиссерге басыбайлы бағынатын, тек белгілеген мақсатты ғана орындайтын тілалғыш актерлер болады. Сахнадағы, камера алдындағы еркіндігіңіз қай шамада?
– Сахна мен камера алдындағы импровизация жағдайға байланысты жасалады. Режиссердің белгілеп берген мақсаты орындалуы керек. Өйткені туынды тағдырының толық көрінісі ең алдымен сол кісінің санасы мен көңілінде пісіп жетіледі. Режиссер пайымын актер дұрыс түсініп, оны өз ойымен ұштастыра алса, фильм мазмұны артып, материал молая түседі. Ол халыққа да сөзсіз ұнайды. Режиссермен келісе алмаған, оның мақсатына түбегейлі қарсылық танытқан кездерім де болды. Түсіру алаңында, сахнада тіл табыса алмаған режиссер мен актердің қолайсыз қарым-қатынасы басқалардың жұмысына да кері әсерін тигізеді. Неге екенін қайдам, бір-екі рет сахнаға шыққан соң сол спектакльдер әрі қарай жүрмеді. Яғни оның нашар дүние болып шығатынын әу бастан сезгенмін, шамасы.
– Рөлден бас тартқан кезіңіз болды ма?
– Рөлден бас тартқан кезім болған емес. Актерлік – менің жұмысым. Қандай рөл берілсе де, жауапкершілікпен қарап, ізденіп, тер төгіп аяғына дейін атқарып, алып шығу міндетім. Бірақ кинода қызтекенің рөлі берілсе, ойнамас едім. Ал театрда комедия жанрындағы рөл болса, ойланып көруге болады. Ең бастысы, ол рөлді көрсетудегі түпкі мақсатына, насихатына зер салып қарау керек. Режиссер бұл рөл арқылы нені дәріптегелі тұр? Саясаты қандай? Осыған үңілу керек.
– Мыңдаған түлек мектеп бітіріп жатыр. Бүгінгі балалар бесіктен белі шықпай жатып әртіс болуды армандайды, өсе келе ол арманы ұлғайып, өзін жұлдызға ұқсатады. Әртіс болғысы келетін іні-қарындастарыңызға нені ескерткен болар едіңіз?
– Тамаша театр суреткері Болат Атабаевтың бір сұхбатында: «Сен қазақ болмай-ақ қойшы, сен адам болшы» дейтіні бар, режиссер ағамыз айтпақшы, алдымен әртіс болуға қажетті негізгі қасиетті бала күннен бойға сіңіре берген дұрыс. Олар бұл арманын, сөз жоқ, экраннан жиі көрінген аға-әпкелерінің өнерін көріп қалыптастырғаны анық. Сондықтан алдымен Академияға түссін, өнерге келсін. Көрсін. Құласын. Тұрсын. Қайта жүгірсін. Тұрып, ішінен қайта жүгіруге күш тапса, өнер оны өгейсімейді. Жеңіс еңбекпен келеді. «Тарих тек жеңімпаздарды ғана есіне сақтайды». Өз басым қиындыққа бірден беріле салуды бойыма ар санаймын. Бала кезімнен жеңілгенді жек көремін. Шамаң келетін дүниені істегеннен жеңіліп қалған жаман. Соңына дейін күресіп, қансырап барып жеңілсең, жігіттік деген, міне, осы.
– Әңгімеңізге рахмет.