Парламент • 11 Маусым, 2021

Сенаторлар дайындаған заң жобасы мұқтаж жандарға қолдауды күшейтеді

251 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында сенаторлар бірқатар маңызды заң жобасын талқылады.

Сенаторлар дайындаған заң жобасы мұқтаж жандарға қолдауды күшейтеді

Атап айтқанда, «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік, әлеуметтік кәсіпкерлік және міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды. Оған Парламент депутаттары бастамашы болған. Құжатта еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлікті заңнамалық реттеу және дамыту тетіктерін жүйелеу көзделген.

Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған сенатор Ерік Сұлтановтың айтуын­ша, алғаш рет заңнамалық деңгейде әлеу­меттік кәсіпкерлік ұғымы анықталып отыр. 

«Әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі үш міндеті заңнамалық түрде бекітілген. Біріншісі – әлеуметтік проблемаларды шешу, оның ішінде әлеуметтік инновация­ларды енгізу және әлеуметтік қызметтер көрсетуге жәрдемдесу арқылы шешу. Екіншісі – халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және олардың қоғамдық пайдалы қызметке қатысуы үшін басқа азаматтармен тең мүмкіндіктер жасау. Үшіншісі – әлеуметтік кәсіпкерлік субъек­тілері өндіретін тауарларды, орындайтын жұмыстарды, көрсететін қызметтерді нарыққа шығару», деді депутат.

Заң жобасындағы тағы бір жаңа­шыл­дық – халықтың әлеуметтік әлжуаз топ­тарын анықтау. Бұған 9 санат кірген. Олардың қатарында мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар мен басқа да заңды өкілдер бар. Сон­дай-ақ тізімге зейнеткерлер және зейнет­алды жастағы азаматтар, балалар ауыл­дарының тәрбиеленушілері және бала­лар үйлерінің, жетім балалар мен ата-ана­сының қамқорлығынсыз қалған ба­лаларға арналған мектеп-интернат­тардың түлектері (29 жасқа дейін) кірген. Бұдан бөлек, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен жазасын өтеуден босатылған адамдар (боса­тыл­ғаннан ке­йінгі 12 ай ішінде), белгілі бір тұрғы­лықты жері жоқ адамдар әлеумет­тік әлжуаз топқа жатқызылады. Аз қам­тылған, көп балалы немесе толық емес отбасыларға жататын ата-аналар және басқа да заңды өкілдер, сондай-ақ «Ал­тын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен, «Ба­тыр ана» атағымен немесе I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен мара­патталған көп балалы аналар да осы тізімге енгізілді. Наркологиялық нау­қастарды медициналық-әлеуметтік оңалтудан немесе психикаға белсенді заттарға тәуелділікті емдеуден өткен адамдар (оңалту немесе емдеу жүргізілгеннен кейінгі 12 жыл ішінде) және қандастар да әлжуаз топ қатарына жатқызылады.

Сенатордың Е.Сұлтановтың айтуынша, мемлекеттік қолдау шаралары әлеуметтік кәсіпкерлер үшін үлкен демеу болмақ. Оларға қаржылық қолдау, гранттар беру және салық жеңілдіктері секілді қолдау шаралары қарастырылып отыр.

Заң жобасына сәйкес енді әлеуметтік кәсіпкерлер әлеуметтік жағынан аз қам­тыл­ғандар қатарына жататын өз қызмет­керлерін оқытып, олардың біліктілігін арттыратын болса, салық жеңілдіктеріне ие болады. Сондай-ақ мемлекет әлеуметтік кәсіп­керлік субъектілерін қолдау мақса­тымен оларды инфрақұрылыммен қамта­масыз етеді және осы саладағы кәсіпкер­лерге қаржылық, ақпараттық, консуль­тациялық, әдістемелік көмек көрсетеді.

«Мемлекет басшысы әлеуметтік мәсе­лелерді шешуге, сондай-ақ аз қамтыл­ған және мүмкіндігі шектеулі азамат­тарға қолдау көрсетуге үнемі баса мән беріп келеді. Бұл ретте әлеуметтік кәсіп­кер­лікті дамытудың маңызы зор. Соның аясында заңдарға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға Сенат депутаттары бастамашы болды. Осы ретте отан­дық заңнамада алғаш рет әлеуметтік кәсіп­кер­лік деген бағытқа анықтама беріліп отырғанын айта кеткен жөн», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Мем­лекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатымен заң аясында эко­номикалық өсімді қалпына келтіруге және пандемиядан зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдауға арналған қосымша шаралар қарастырылғанын тілге тиек етті.

«Өңдеу өнеркәсібінің жаңа кәсіп­орындары үшін қосылған құн салығын 70 пайызға азайту, өңдеу өнеркәсібінің жаңа негізгі қорларына қайта инвестицияланған табысты корпоративтік табыс салығынан босату сияқты шаралар қарастырылған. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлікті қолдау үшін арнайы мобильді қосымшаны пайдалану арқылы жүргізілетін арнаулы салық режі­мі енгізілуде. Бұл жеке кәсіпкерлер қызме­тінің жекелеген процестерін және олардың салық органдарымен өзара іс-қимылын жеңілдетеді», деді Сенат Спикері.

Отырыс барысында Сенат депутаттары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын қабылдады.

Одан бөлек сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық акті­леріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарап, қа­был­дады. Бұл заңға да Парламент депутаттары бастамашы болған.

Аталған заң ерекше білім беруді қажет ететін азаматтардың қолжетімді білім алу­ға құқықтарын іске асыруға және оқы­тудың барлық деңгейінде оларды инклю­зивті білім берумен қамтамасыз етуге арналған.

Депутат Нариман Төреғалиевтің айтуын­ша, заң жобасында мүмкіндігі шектеу­лі балаларды әлеуметтік және меди­ци­на­лық-педагогикалық түзеу арқылы қол­дау мәселелерін мемлекеттік реттеу тұр­ғысынан құзыретті органдардың функциялары нақтыланады.

«Заң жобасында білім берудің бар­лық деңгейлерінде оқыту үшін арнайы жағдайлар жасау есебінен ерекше бі­лім беруді қажет ететін балалар үшін мем­лекеттік кепілдіктер қарастырылған.

Бұған қоса мемлекет ерекше білім беруді қажет ететін балаларға, білім алу нысандарын таңдау құқығын беруді қоса алғанда, білім беру жүйесі ұсынған шекте, олардың жеке даму ерекшеліктерін ескере отырып, олардың өзін-өзі жетілдіруіне, білім берудің барлық деңгейінде өмір бойы оқуын жалғастыруына, өздерінің қабілеттерін еркін дамытуға жағдай жасайды», деді сенатор.

Соған сәйкес бұдан былай ерекше қажеттіліктері бар балаларды оқытатын ұйымдар білім беру бағдарламаларын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жеке даму ерекшеліктеріне және әлеу­ет­ті мүмкіндіктеріне сай бейімдеуі тиіс. Мүмкіндігі шектеулі балаларды бала­бақ­шалар мен мектептерге қабылдау тәртібі заңмен нақтыланады.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға білім алу үшін тиісті жағдай жасауды тапсырды. Соның аясында Парламент депутаттары осы заңды арнайы әзірледі. Алдағы уақытта бұл заң мемлекеттің білім беру саясатын жетілдіреді және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кемсітусіз білім алуларына тең мүмкіндіктер туғызады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат отырысында депутаттар «1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Рес­публикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ын­ты­мақтастық туралы келісімді ратификация­лау туралы» заң жобаларын қабылдады.

Бұл құжаттарда тараптардың ха­лық­тың және аумақтың экологиялық қауіп­сіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мін­деттемелері айқындалған. Заң жобалары бұрынғы міндеттемелерді үйлестіруге, сондай-ақ «Байқоңыр» кешенінің ғылыми-техникалық, өндірістік және әлеуметтік-мәдени әлеуеті мен инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.

«Республикалық бюджетке жыл са­йын Ресей тарапынан «Байқоңыр» кешенін пайдаланғаны үшін 115 млн доллар сомасында қаражат түседі. «Байқоңыр» кешенін жалға алған 27 жыл ішінде республикалық бюджетке шамамен 3,1 млрд доллар қаржы түсті. Тараптардың өзара мүдделерін ескере отырып, 2004 жылы «Байқоңыр» кешенін жалға алу мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды.

Бұл ретте 2004 жылғы 9 қаңтардағы «Байқоңыр» кешенін тиімді пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты дамыту туралы мемлекетаралық келісімде Қазақстанның ғарыш айлағында бірлес­кен жобаларды іске асыруға қатысу мүм­кіндіктері қарастырылған. Сондай-ақ ға­рыш айлағын жаңғырту, жаңа эколо­гиялық қауіпсіз ғарыш зымыран ке­шен­дері арқылы ғарыш айлағы қызметінің эколо­гиялық қауіпсіздігін арттыру көзделген.

2020 жылғы қаңтарда қол қойылған Бай­қоңыр қаласын дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасы әзірленді. Оған сәйкес кәсіпкерлікті, туризмді дамыту, инженерлік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту жөніндегі жұмыстарды жүргізу, қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету қарастырылған», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

«Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымыран­дарды ұшыру жөніндегі ын­тымақ­тастық туралы Келісімде зымы­ран­ның бөліктері құлайтын арнайы аудан қарастырылған. Мұның өтемі ретінде 460 мың доллар төлемақы белгіленді. Бұл – үш рет ұшыру ақысының құны. Қосымша зымыран ұшырылса, 50 мың доллар көлемінде төлемақы беріледі.

«Байқоңыр – адамзатқа ғарыш әлемінің қақпасын ашқан алғашқы ғарыш айлағы. Қазіргі таңда да Байқоңырдың ғарышты игерудегі орны бөлек. Сондықтан оны тиімді пайдалану аса маңызды. Соған байланысты қабылданған бұл заң жобалары осы салада екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік береді», деді Мәулен Әшімбаев заң жобасын талқылау кезінде.

Палата отырысында депутаттар Қа­зақ­стан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау және қызметінен босату туралы мәселені қарады. Ел Президентінің ұсынуы бойынша Қанат Му­син Жоғарғы Сот судьясы болып сайланып, ант берді. Сондай-ақ сенаторлар Мем­лекет басшысының ұсынуы негізінде және Конституцияға сәйкес Жоғарғы Сот Ке­ңесінің Төрағасы қызметіне тағайын­да­луына байланысты Денис Шиппті Жо­ғарғы Соттың судьясы лауазымынан босатты.

Сенат отырысында депутаттық са­уалдар да жолданды. Жолданған екі са­уал да Атырау облысындағы мәселелерге қатысты болды. Сенатор Ғұмар Дүйсем­баев өңірдегі екі балық өсіру зауыты­ның материалдық-техникалық базасын қайта құру, жаңарту және олардың қыз­мет­керлерінің жалақысын көтеру қажет еке­нін айтты. Депутат Сағындық Лұқпанов облысқа «Бизнестің жол картасы-2025» жә­не «Қарапайым заттар экономикасы» мем­ле­кеттік бағдарламалары аясында бөлін­ген қаражаттың жеткіліксіздігіне назар аударды.