Аймақтар • 11 Маусым, 2021

Мультфильмнің атасы қалдырған бұйымдар ұлттық киностудия мұражайын толықтырды

382 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әйгілі Әмен Қайдаровтың туған күнінде «Қазақфильм» киностудиясы маңызды оқиғаға мұрындық болды. Ұлттық мультипликациямыздың негізін қалаушының немересі Данияр Хасанов Ш.Айманов атындағы Қазақ киносының мұражайына аты аңызға айналған атасының жеке құжаттары, бұйымдары мен мемлекеттік марапаттарын тапсырды. Іс-шараға әр жылдары киностудияда мэтрмен бірге жұмыс істеген анимация ардагерлері қатысты.

Мультфильмнің атасы қалдырған бұйымдар ұлттық киностудия мұражайын толықтырды

– Қазақ анимациясының жандануы мен дамуы Әмен Қайдаровтың есімімен тығыз байланысты. Әмен Әб­жанұлының әріптестері мен шә­кірттері, сондай-ақ көптеген жас киногер оны әрқашан үлкен құрметпен, жылы ризашылықпен еске алады. Отбасылық мұраларды сыйға тарту – бұл таңғаларлық игі іс. Сондықтан мен Әмен Әбжанұлының отбасына үлкен алғысымды білдіремін. Қазақ киносы мұражайының қорын толықтыра алатын басқа кино қайраткерлерінің туыс­тары мен жақындарына сізді үлгі еткім келеді. Біздің мақсатымыз – ұлттық кинематографқа байланысты баға жетпес мұрағаттық экспонаттарды, оның бірегей тарихын сақтау, – деді вице-президент Айдархан Әділбаев.

– Әмен Әбжанұлының есімін ардақ­тағандарыңызға мың алғыс! Ол киностудияны өте жақсы көретін және қазақ анимациясымен байланысты барлық дүние «Қазақфильмге» тиесілі екенін жиі айтатын, сондықтан да отбасымызбен оның заттарын киностудия жанындағы Қазақ киносы мұражайына беруге шешім қабылдадық. Бұл өске­лең ұр­пақты тәрбиелеу үшін де өте ма­ңызды, – деді немересі Данияр Хасанов.

Сондай-ақ мұражайға Әмен Әбжан­ұлының қылқаламынан шыққан Кәрім Қайдаровтың (Ә.Қайдаровтың ұлы) портреті тапсырылды.

Көзкөргендер 1948 жылы студент ке­зінде танысқан Әмен мен Ва­лен­­­­тина Қайдаровтардың махаббат хикая­­­сына қанық болса керек. Ұлт­тық студияға Әмен Әбжанұлының жұбайы – Валентина Қайдарованың медаль­дары мен құжаттары тұрақты сақтауға берілді. Әріптестері Валентина Конс­тантиновна Әмен Әбжанұлы үшін ең үлкен махаббат пен адал дос қана емес, сонымен бірге жанқиярлық көмекші, әрине сосын музасы болғанын еске алды.

Әмен Қайдаров Алматы көркем­сурет училищесінде, Валентина Конс­тантиновна ҚазМУ-дің филология фа­­культетінде оқиды. Оларды Әмен Әб­­жанұлының апасы – Райхан таныс­тырады. Үш жылдан кейін олар отау құрып, аниматор қайтыс болғанға дейін 60 жылдан астам уақыт бірге өмір сүреді.

 

АЛМАТЫ