Ф.Могеринидің пікірінше, Қазақстан мен ЕО тиімді серіктестік құруға ұмтылатын екіжақты мүддеге негізделген сенімді диалог құра алды.
Ф. Могеринидің ҚР-ЕО қарым-қатынастарын дамытуға қосқан үлесі ерекше екенін атап өткен жөн. ЕО сыртқы саяси ведомствосының басшысы ретінде ол Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді талқылауға қатысты және оған қол қойды. Бұл келісім өңірдегі осы іспеттес алғашқы құжат болып табылады. Бүгінгі таңда Келісім Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарып, екіжақты қатынастардың кең ауқымын қамтиды.
Сондай-ақ 2019 жылы ЕО-Орталық Азия форматындағы қатынастарға жаңа серпін берген, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша жаңа Стратегиясы қабылданды.
Кездесу барысында Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалар, ҚР және ЕО аумағындағы вакцинациялау үрдісінің ерекшеліктері, Қазақстандық «QazVac» вакцинасын өндіру және пайдалану мәселелері талқыланды.
Тараптар ядролық қаруға қарсы қозғалысты ілгерілету және жаңа халықаралық бастамаға – ядролық қауіпсіздік пен ядролық қарудан азат әлем үшін Жаһандық Көшбасшылар Альянсын құруға ерекше тоқталды. БҰҰ жоғары деңгейдегі тобының тең төрағасы және ядролық қаруды таратпау мәселелерімен белсенді айналысқан бұрынғы парламентарий ретінде Ф.Могерини бастамаға қызығушылық білдіріп, осы бағыттағы өз тәжірибесімен бөлісті.
Тараптар қазақстандық жоғары оқу орындары, сарапшылар қоғамдастығы және «Еуропа колледжі» арасында жемісті ынтымақтастық орнату және бірлескен білім беру жобаларын іске асыру мүмкіндігін егжей-тегжейлі зерделеуге уағдаласты.