Құжатта Орал қаласының әкімінің шешімімен Орал қаласында күшті әсер ететін улы зат табылуына байланысты жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланғаны, төтенше жағдайдың салдарын жою тобының басшысы болып - Орал қаласы әкімінің орынбасары М.Мүлкәй тағайындалғаны жөнінде жазылған.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, маусымның 2-сі күні Желтау биігіндегі қалалық зират аумағынан резина контейнерге құйылған салмағы 1 келідей белгісіз зат табылған. Алдын ала болжам бойынша бұл аса қауіпті сұйық металл – сынап болуы мүмкін. Оны бұл жерге кім әкелгені белгісіз.
Осы оқиғадан кейін қауіпті аймаққа Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары келіп, күдікті нәрсе табылған жерді химиялық өңдеуден өткізген. Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау орындары оқиға орнында сынап буы мөлшерін өлшеп, ауа құрамы қалыпты жағдайдан ауытқымағанын анықтаған. Яғни адам мен табиғатқа төнген қауіп жоқ.
Күдікті контейнер Батыс Қазақстан облыстық Экология департаментіне уақытша сақтауға берілді, оны одан әрі қауіпсіз жою шаралары жасалып жатыр екен.
Бұл жөнінде Орал қаласы әкімінің кеңесшісі А.Қадыров пен Орал қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы бастығы А.Ешмұханов журналистерге түсінік берді.
«Жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялау шешімі «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңы мен «Азаматтық қорғаныс туралы» Заңға, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 2 шілдедегі №756 «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың сыныптамасын белгілеу туралы» қаулысына сәйкес шығарылып отыр.
Мұндай құжат табылған қауіпті затты тасымалдау және жою шараларын ұйымдастыру үшін міндетті, стандартты процедура» делінген Орал қалалық әкімдігі таратқан ақпарат парағында.