Аймақтар • 13 Маусым, 2021

Елордалық екі тұрғын әйелдердің алтын алқаларын жұлып әкетіп отырған

113 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының тәртіп сақшылары бірнеше мәрте ұрлық жасаған екі ер адамды ұстады. Олар кешкі уақытта әйелдерді аңдып, алтын алқаларын жұлып әкетіп отырған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елордалық екі тұрғын әйелдердің алтын алқаларын жұлып әкетіп отырған

Қарақшылардың үш қылмысқа қатысы бары дәлелденген. Қаскөйлер кезекпе-кезек әрекет етіп отырған. Олар көшеде алтын алқасы бар әйелдің артынан аңдып, ұрымтал сәтте әшекейді мойынынан жұлып әкетіп отырған.

Мәселен, кешкі уақытта Молдағұлова көшесінде 52 жастағы әйелдің алтын алқасы осындай әрекетпен ұрланған. Әйел екі ер адам артынан аңдып келе жатқанын байқамаған. Қылмыскерлердің бірі оның жанынан өтіп бара жатып, 240 мың теңге тұратын алтын алқасын жұлып алған. Екеуі де дереу бой тасалаған.

Зардап шегушілердің тағы бірі – елорданың 28 жастағы тұрғыны. Ол кешкі уақытта жұмыстан үйіне қайтып бара жатқан. Жұбанов көшесінің бойында оған кенет ер адам шабуыл жасап, мойнындағы алқасын алып кеткен.

Абай-Бейсекбаев көшелерінің қиылысында да осыған ұқсас қылмыс жасалған. Арыз беруші 38 жастағы әйелдің айтуынша, сағат 21.00 шамасында белгісіз екі ер адам алтын алқасын үзіп әкеткен. Оқиғаны жақын маңда велосипедпен кетіп бара жатқан жас жігіт көріп, дереу көмекке ұмтылған. Ол велосипедін тастай салып, ұрылардың артынан жүгірген. Бірақ қарақшылар қашып үлгереді. Жас жігіттің батыл әрекеті видеобақылау камераларына жазылып қалған.

Қылмыскерлер ақыры полицейлердің қолына түсті.

«Олар астананың 24 және 32 жастағы тұрғындары. Онымен қоса, қаскөйлер алтындарды өзге адамның атынан өткізіп жатқаны жазылған видео бар. «Ұрлық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамалды», деді Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Дмитрий Демидов.