Спорт • 13 Маусым, 2021

Футболдан ел чемпионатындағы төрт ойында да бір-бір голдан соғылды

204 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері футболдан Қазақстан чемпионатының 15 тур ойындары өтуде. Осы кезеңдегі алғашқы төрт бәсекенің барлығында бірдей есеп тіркелді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Футболдан ел чемпионатындағы төрт ойында да бір-бір голдан соғылды

Талдықорғанда «Жетісу» Ақтаудың «Каспий» клубын қабылдады. Бәсеке тағдырын 18-минутта Шафик Тигруджа салған жалғыз гол шешті.  Оның алыстан бағыттаған добы тура «тоғыздықтан» табылды.  Есеп – 0:1. Соңғы кездері жеңілістен бас көтермей жүрген «Ақтөбе» өз алаңында әупірімдеп жүріп, «Атырауды» ұтты – 1:0. Жеңіс голын 30-минутта Боян Бубайич соқты. Оралда жергілікті «Ақжайық» пен Шымкентттің «Ордабасы» әбден тіресті. Қос команданың ойыншылары қанша жанталасқанымен, ұзақ уақыт бойы бір-бірінің қақпа кілтін таба алмады. Тек 92-минутта қонақтардың бағы жанды – 0:1. Бұл голдың авторы – Жоан Пауло. Дәл сондай жағдай «Шахтер» мен «Қызылжар» арасындағы ойында да орын алды. 90-минутта Руслан Есімов нысананы дәл көздеп, Петропавлдан келген командаға жеңіс сыйлады – 0:1.  

Бүгін «Астана» (Нұр-Сұлтан) мен «Тобыл» (Қостанай), «Тараз» (Тараз) бен «Қайрат» (Алматы) және «Қайсар» (Қызылорда) мен «Тұран» (Түркістан) шеберлік байқасты. Бұл кездесулердің қалай өрбіген жайында газетіміздің келесі санында баяндайтын боламыз.