Осы орайда Қарағанды облысындағы «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық паркін Мемлекет басшысы назар аударған мәселенің шешімін табуға жол сілтейтін игілікті жобаның бірі ретінде атауға болады. Осакаров ауданының аумағында орын тепкен бұл қорықтың іргетасы даланың таңғажайып экологиялық жүйесін сақтап қалу мақсатында 2011 жылы қаланған болатын. Нақты айтқанда, БҰҰ Даму бағдарламасының жобасы аясында «Далалық экожүйені сақтау мен тұрақты дамыту» ғаламдық экологиялық қорының қолдауымен 2011-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» салалық бағдарламасына сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің пәрменімен құрылды. Мұндағы мақсат-міндеттің бірі – қара қандыағаш ормандары мен қайың шоғырларын аман сақтап қалу еді.
«Бұйратаудың» басқа қорықтардан бір айырмашылығы, мұнда саяхатшылар мен демалушыларға аумақты аралай жүріп тамашалауға рұқсат етілген. Әрине, мұндай жағдайда белгіленген тәртіпті қатаң сақтау мен табиғатқа деген жанашырлық ерекше талап етіледі.
«Бұйратау» табиғат паркінің басты байлығы – арқарлар. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген бұл жануарлардың мұндағы түрін ғалымдар «солтүстікқазақстандық тау қойы» деп атайды. Кейінгі санақ мәліметіне қарағанда, қорықтағы арқарлардың саны бұл күнде 400 бастан асқан. Иір мүйізді жануарлар парк аумағындағы ең биік шыңы теңіз деңгейінен 901 метр болатын «Ақдым» тау сілемдерін мекен етеді.
Жалпы, «Бұйратауды» аң патшалығы десе де артықтық етпейді. Бұл құтты мекенде қасқыр, түлкі, қарсақ, қоянның бірнеше түрі, борсық, сілеусін, бұғы, бұлан, қабан, сасықсүзен, құндыз сияқты аңдар кездеседі. Мамандар қазіргі уақытта табиғи парктегі аң түрлерінің саны 55-тен асқанын мақтанышпен айтады.
«Бұйратауда» өсімдіктің Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген үлпілдек жанаргүл, еділ жанаргүлі, қызғалдақтың сирек түрі, қарғакөз, түкті селеу, қырғыз қайыңы және ашық кестежусан сияқты түрлері бар. Жалпы, мұнда өсімдік атаулының 610 түрі кездеседі.
Мемлекеттік парктің ажарын ашқан ғаламаттың бірі – Әжібай көлі. Мұндағы ең үлкен су қоймасы саналатын бұл көлдің жағалауы қамыс-құрақ қаптап өскен құмды-тастақты болып келеді. Жағалауы аласа көлді қар суы мен жер асты көздері толықтырып отырады.
Анығында, «Бұйратау» табиғи паркі екі бірдей облыстың аумағында жатыр. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктің 88 968 гектарды қамтитын аумағының солтүстік бөлігі Ақмола облысының Ерейментау, ал оңтүстік бөлігі Қарағанды облысының Осакаров аудандарына тиесілі. Ал оның орталық кеңсесі аудандағы Молодежный кентінде орналасқан. Осынша аумақты алып жатқан қорықтың құрамына айрықша қорғау табиғи аймағына жататын жергілікті маңызы бар «Бұйратау» табиғи паркі, «Белодымовский» және Ерейментау мемлекеттік зоологиялық қорықшасы мен бұрын Ерейментау мемлекеттік қорығының төңірегінде резервтелген аумақ енеді.
«Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне республикалық маңызы бар табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесі берілген. Нақтырақ айтқанда, екінші санаттағы айрықша қорғау табиғи аймағына жатады. Бұл биологиялық және ландшафттық алуандықты сақтау үшін табиғат қорғау, экологиялық-ағартушылық, ғылыми, туристік және рекреациялық мақсатта мемлекеттік табиғи-қорық қорындағы ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық маңызы бар бірегей табиғи кешендер мен нысандарды пайдаланады. Ал айрықша қорғау табиғи аймағының қорына орман, геологиялық, гидрогеологиялық, геоморфологиялық, зоологиялық және ботаникалық нысандар жатады.
«Бұйратау» ұлттық паркі климатының күрт құбылмалылығымен ерекшеленеді. Ыстық жаз, аязды қыс, атмосфералық ылғалдың жеткіліксіздігі мен тұрақсыздығы, жыл бойы соғатын аңызғақ жел мұндағы тіршілікке қиындық туғызатыны рас. Дегенмен, бұл ұлттық парк қызметін ел игілігіне жарату тұрғысында кедергі келтіре алмайды дегенді айтады мамандар.
Ұлттық парк аумағында Әжібай және Бозайғыр өзендері бар. Онша терең емес бұл өзендер аңдардың су ішуіне ғана жарамды. Негізінен бұл жерде суы кермек тұйық қазаншұңқырлар көптеп кездеседі. Жазда жоғарыда аталған өзендер тартылып қалғанымен, ұлттық парктің аумағы судан зәрулік көрген емес.
Парк экологиялық туризмді дамытуға мақсатты бағыт алған. Нақтырақ айтқанда, бірнеше жыл бұрын Осакаров ауданында аумағы 400 гектар болатын далалық сафари паркі ашылған болатын. Яғни бұл территория темір тормен қоршалып, оның ішіне асыл тұқымды маралдар жіберілген. Қазіргі уақытта осы маралдардан өрген төл парк аумағына жерсініп, жергілікті экотуризмнің ауыз толтырып айтар негізгі мақтанышына айналған.
Паркке саяхат құрып келген туристер осы маралдарды, сонымен қатар арқар, бұлан, елік, қабан, түлкі, қоян, қарсақ, сілеусін және жанат тектес ит сияқты жануарлар түрін табиғи ортада сырттай бақылап, тіпті селфи жасап суретке де түсе алады. Сондай-ақ олардың табиғат аясына шатыр тігіп, Әжібай мен Бозайғыр өзеніне қармақ салып, балық аулауына да болады. Бір сөзбен айтқанда, мұнда келген ағайын тынығып, бойына ұзақ уақытқа жететін күш-қуат жинап қайтары сөзсіз.
«Бұйратау» паркіндегі «Белодымовский» туристік маршрутының бағытымен жүріп отырып, «Қараағаш» бұлағына баруға болады. Бұл жердегі мөлдір және мұздай су күн ыстықта қаталаған туристердің жанын жадыратары сөзсіз. Аталған бұлақтың басында алты қанат киіз үй тігілген. Көшпелі өмірдің дәмін татқысы келген саяхатшылардың бұл жерде түнеуіне де болады. Олар үшін алтыбақан құрылған, таза ауада отқа ет қақтауға, самаурынмен шай ішуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, бұл жерде туристер үшін ыстық шай, жаңа піскен бауырсақ тарту ету ісі ұйымдастырылған. Жалпы, парктегі «Белодымовский» бөлімшесіне бір маусымда орташа есеппен алғанда 250-300 саяхатшы келеді екен.
Парктің бас директоры Жанат Хасеновтің айтуынша, «Бұйратаудың» аумағына аптасына 50 саяхатшыны ғана жіберу туралы шешім қабылданған. Неге десеңіз, туристердің санын реттеп отырмаса, олардың шамадан тыс көптігі мұндағы аң мен құстың тыныштығына теріс әсерін тигізуі әбден мүмкін. Негізінде, «Бұйратау» паркінің аумағына кім көрінген кіре бермейді. Бұл жағынан тәртіп қатаң қадағаланады. Қорықтың аумағына кіру үшін әрбір саяхатшы 0,1 АЕК мөлшерінде ақы төлейді.
Бұдан бөлек, археолог-ғалымдардың «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағынан VІ-VІІ ғасырлардағы сақ мәдениетінің ескерткіштерін тапқанын да айта кеткен ләзім. Яғни қызығушылық танытқан туристердің археологиялық қазбаларға куә болуына да мүмкіндік бар. Бір сөзбен айтқанда, табиғат сыйға тартқан сырлы өлке – Бұйратауға алтын уақытын қиып барған саяхатшының еш өкінбесі айдан анық.
Қазіргі таңда «Бұйратау» паркі аумағында байланыс пен интернет жоқ. Алайда аудан әкімі Нұркен Қобжанов алдағы уақытта бұл мәселенің оң шешім табатынын айтады. «Бұйратау – ауданымыздың мақтанышы. Туризм саласының дамуына тікелей ықпал ететін мұндай нысанның қанат жаюына біз тікелей мүдделіміз. Бүгінде парк аумағында он төсектік қонақүйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жалпы, туризмді дамыту бойынша біздің алға қойған жоспарларымыз, қолға алмақшы жобаларымыз сәтімен іске асады деп сеніммен айта аламыз», дейді Осакаров ауданының әкімі Нұркен Қобжанов.
Қарағанды облысы,
Осакаров ауданы