Аймақтар • 13 Маусым, 2021

«Бұйратау» – туристерге бұйырған сый

1127 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды еліміздің сұлу табиғатын сақтап қалу ісіне барынша атсалысуға, сонымен бірге туризм мен демалыстың сан түрлі бағытын дамытуға көңіл бөлуге шақырып келеді. «Еліміздің таңғажайып жерлерінің әрқайсысын дамыту үлкен ыждаһаттылықты, тиісті қаржы қорын қажет етеді. Сонымен бірге туризмге жұмсалған әрбір теңге он есе табыс әкелетінін де ұмытпаған жөн. Сондықтан біз қажетті инвестицияны салып, еліміздегі барлық туристік жерлерде қолайлы жағдай тудыруымыз керек», деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Бұйратау» – туристерге бұйырған сый

Осы орайда Қарағанды облы­сындағы «Бұйратау» мемлекеттік ұлт­тық паркін Мемлекет басшы­сы назар аударған мәселенің ше­шімін табуға жол сілтейтін игілікті жобаның бірі ретінде атауға бо­лады. Осакаров ауданының аума­ғында орын тепкен бұл қорықтың іргетасы даланың таңғажайып экологиялық жүйесін сақтап қалу мақсатында 2011 жылы қаланған болатын. Нақты айтқанда, БҰҰ Даму бағдарламасының жобасы аясында «Далалық экожүйені сақ­тау мен тұрақты дамыту» ға­ламдық экологиялық қорының қол­дауымен 2011-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» салалық бағдарламасына сәйкес, Ауыл ша­руашылығы министрлігінің Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің пәрменімен құрылды. Мұндағы мақсат-міндеттің бірі – қара қандыағаш ормандары мен қайың шоғырларын аман сақтап қалу еді.

«Бұйратаудың» басқа қорық­тардан бір айырмашылығы, мұнда саяхатшылар мен демалушыларға аумақты аралай жүріп тамашалауға рұқсат етілген. Әрине, мұндай жағдайда белгіленген тәртіпті қатаң сақтау мен табиғатқа деген жанашырлық ерекше талап етіледі.

«Бұйратау» табиғат паркінің басты байлығы – арқарлар. Қазақстанның «Қызыл кітабы­на» енген бұл жануарлардың мұн­дағы түрін ғалымдар «солтүс­тік­­­қазақстандық тау қойы» деп атай­ды. Кейінгі санақ мәліме­ті­не қа­рағанда, қорықтағы арқар­лар­дың саны бұл күнде 400 бастан асқан. Иір мүйізді жануарлар парк аумағындағы ең биік шыңы теңіз деңгейінен 901 метр болатын «Ақдым» тау сілемдерін мекен етеді.

Жалпы, «Бұйратауды» аң пат­ша­лығы десе де артықтық етпейді. Бұл құтты мекенде қасқыр, түлкі, қарсақ, қоянның бірнеше түрі, бор­сық, сілеусін, бұғы, бұлан, қа­бан, сасықсүзен, құндыз сияқты аңдар кездеседі. Мамандар қазір­гі уақытта табиғи парктегі аң түр­лерінің саны 55-тен асқанын мақтанышпен айтады.

«Бұйратауда» өсімдіктің Қа­зақ­станның «Қызыл кітабына» ен­ген үлпілдек жанаргүл, еділ жа­нар­гүлі, қызғалдақтың сирек тү­рі, қарғакөз, түкті селеу, қырғыз қа­йыңы және ашық кестежусан сияқты түрлері бар. Жалпы, мұнда өсімдік атаулының 610 түрі кездеседі.

Мемлекеттік парктің ажарын ашқан ғаламаттың бірі – Әжі­бай көлі. Мұндағы ең үлкен су қой­масы саналатын бұл көлдің жаға­лауы қамыс-құрақ қаптап өскен құмды-тастақты болып келеді. Жа­ғалауы аласа көлді қар суы мен жер асты көздері толықтырып отырады.

Анығында, «Бұйратау» таби­ғи паркі екі бірдей облыстың аума­ғында жатыр. Мемлекеттік ұлттық табиғи парктің 88 968 гектарды қамтитын аумағының солтүстік бөлігі Ақмола облысының Ерей­ментау, ал оңтүстік бөлігі Қара­ған­ды облысының Осакаров аудандарына тиесілі. Ал оның орталық кеңсесі аудандағы Молодежный кентінде орналасқан. Осынша аумақты алып жатқан қорықтың құрамына айрықша қорғау таби­ғи аймағына жататын жергілікті маңызы бар «Бұйратау» табиғи паркі, «Белодымовский» және Ерейментау мемлекеттік зооло­гия­лық қорықшасы мен бұрын Ерей­ментау мемлекеттік қорығының төңірегінде резервтелген аумақ енеді.

«Бұйратау» мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркіне республика­лық маңызы бар табиғат қорғау және ғылыми мекеме мәртебесі берілген. Нақтырақ айтқанда, екін­ші санаттағы айрықша қор­ғау табиғи аймағына жатады. Бұл биологиялық және ланд­шафт­тық алуандықты сақтау үшін та­биғат қорғау, экологиялық-ағар­тушылық, ғылыми, туристік және рек­реациялық мақсатта мемле­кет­тік табиғи-қорық қорындағы ерек­ше экологиялық, ғылыми, та­рихи-мәдени және рекреациялық маңызы бар бірегей табиғи кешендер мен нысандарды пайдаланады. Ал айрықша қорғау та­биғи аймағының қорына орман, геологиялық, гидрогеологиялық, геоморфологиялық, зоологиялық және ботаникалық нысандар жатады.

«Бұйратау» ұлттық пар­кі кли­матының күрт құбылмалы­лығымен ерекшеленеді. Ыстық жаз, аязды қыс, атмосфералық ылғалдың жет­­кіліксіздігі мен тұрақсыздығы, жыл бойы соғатын аңызғақ жел мұндағы тіршілікке қиындық туғызатыны рас. Дегенмен, бұл ұлттық парк қызметін ел игілігіне жарату тұрғысында кедергі келтіре алмайды дегенді айтады мамандар.

Ұлттық парк аумағында Әжі­бай және Бозайғыр өзендері бар. Онша терең емес бұл өзендер аңдардың су ішуіне ғана жарамды. Негізінен бұл жерде суы кермек тұйық қазаншұңқырлар көптеп кездеседі. Жазда жоғарыда аталған өзендер тартылып қалғанымен, ұлттық парктің аумағы судан зәру­лік көрген емес.

Парк экологиялық туризмді дамытуға мақсатты бағыт алған. Нақтырақ айтқанда, бірнеше жыл бұрын Осакаров ауданында аумағы 400 гектар болатын далалық сафари паркі ашылған болатын. Яғни бұл территория темір тормен қоршалып, оның ішіне асыл тұқымды маралдар жіберілген. Қазіргі уақытта осы маралдардан өрген төл парк аумағына жерсініп, жергілікті экотуризмнің ауыз толтырып айтар негізгі мақтанышына айналған.

Паркке саяхат құрып келген туристер осы маралдарды, соны­мен қатар арқар, бұлан, елік, қабан, түлкі, қоян, қарсақ, сілеусін және жанат тектес ит сияқты жануарлар түрін табиғи ортада сырттай бақылап, тіпті селфи жасап суретке де түсе алады. Сондай-ақ олардың табиғат аясына шатыр тігіп, Әжібай мен Бозайғыр өзеніне қармақ салып, балық аулауына да болады. Бір сөзбен айтқанда, мұнда келген ағайын тынығып, бойына ұзақ уақытқа жететін күш-қуат жинап қайтары сөзсіз.

«Бұйратау» паркіндегі «Бело­­ды­мовский» туристік маршру­тының бағытымен жүріп отырып, «Қараағаш» бұлағына баруға болады. Бұл жердегі мөлдір және мұз­дай су күн ыстықта қаталаған туристердің жанын жадыратары сөзсіз. Аталған бұлақтың басында алты қанат киіз үй тігілген. Көшпелі өмірдің дәмін татқысы келген саяхатшылардың бұл жерде түнеуіне де болады. Олар үшін алтыбақан құрылған, таза ауада отқа ет қақтауға, самаурынмен шай ішуге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, бұл жерде туристер үшін ыстық шай, жаңа піскен бауырсақ тарту ету ісі ұйымдастырылған. Жалпы, парктегі «Белодымовский» бө­лім­шесіне бір маусымда орташа есеппен алғанда 250-300 саяхатшы келеді екен.

Парктің бас директоры Жа­нат Хасеновтің айтуынша, «Бұйра­таудың» аумағына аптасына 50 саяхатшыны ғана жіберу туралы шешім қабылданған. Неге десеңіз, туристердің санын реттеп отырмаса, олардың шама­дан тыс көптігі мұндағы аң мен құс­тың тыныштығына теріс әсе­рін тигізуі әбден мүмкін. Негі­зінде, «Бұйратау» паркінің аума­ғына кім көрінген кіре бер­мейді. Бұл жағынан тәртіп қа­таң қадағаланады. Қорықтың аума­ғына кіру үшін әрбір саяхатшы 0,1 АЕК мөлшерінде ақы төлейді.

Бұдан бөлек, археолог-ғалым­дардың «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағынан VІ-VІІ ғасырлардағы сақ мәдениеті­нің ескерткіштерін тапқанын да айта кеткен ләзім. Яғни қызығушылық танытқан туристердің археоло­гия­лық қазбаларға куә болуына да мүм­кіндік бар. Бір сөзбен айтқанда, табиғат сыйға тартқан сырлы өлке – Бұйратауға алтын уақытын ­қиып барған саяхатшының еш өкінбесі айдан анық.

Қазіргі таңда «Бұйратау» паркі аумағында байланыс пен интернет жоқ. Алайда аудан әкімі Нұркен Қобжанов алдағы уақытта бұл мә­се­ленің оң шешім табатынын айтады. «Бұйратау – ауданымыз­дың мақтанышы. Туризм саласының дамуына тікелей ықпал ететін мұн­дай нысанның қанат жаюына біз тікелей мүдделіміз. Бүгінде парк аумағында он төсектік қонақүй­­дің құрылысы қарқынды жүргізілу­­де. Жалпы, туризмді дамыту бо­йынша біздің алға қойған жоспар­ларымыз, қолға алмақшы жобаларымыз сәтімен іске асады деп сеніммен айта аламыз», дейді Оса­каров ауданының әкімі Нұркен Қобжанов.

 

Қарағанды облысы,

Осакаров ауданы