Спорт • 13 Маусым, 2021

Дзюдодан қай елдің көші ілгері?

595 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дзюдодан Мажарстанның астанасында өткен әлем чемпионатында Жапония құрамасы ең көп жүлдеге иелік етіп, жалпы командалық есепте көш бастады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Дзюдодан қай елдің көші ілгері?

Ерлер сайысында Жапония құрмасы озды. Күншығыс елінің жігіттері 2 алтын мен 1 қола медальді олжалады. Осы орайда, жапондардың бірінші нөмірлі балуандары Будапештке келмегенін айта кетуге тиіспіз. Олар елде қалып, келесі айда алауы тұтанатын Олимпия ойындарына еш алаңсыз даярлануды құп көрді. Соған қарамастан, айтулы мемлекет өрендерінің қарқынына ешкім шыдай алмады. Екінші орында – Грузия. Қап тауынан келген қырандар 1 алтын, 1 күміс және 2 қоланы еншіледі. Ресей құрамасы үшінші сатыға жайғасты. Олар 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медальді қоржынға салды. Сондай-ақ, Бельгия, Испания және Португалияның дзюдошылары бір-бір реттен жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Әйелдер арасында да Жапония құрамасына тең келер команда табылмады. Олар 3 алтын, 4 күміс және 1 қола жүлдені қоржынға салды. Бір айта кетерлігі, жапон қыздары екі салмақ дәрежесі бойынша финалдық сайыста өзара күш сынасты. Екінші орында – Франция. Осыдан екі жыл бұрын Токиода өткен әлем чемпионатында өз елінің әнұранын үш мәрте шырқатқан француздар бұл жолы 1 алтын пен 1 күмісті қанағат тұтты. Үшінші орынды Германия құрамасы иеленді. Немістің бұрымдылары 1 алтын мен 1 қолаға қол созды. Сонымен қатар, Канада мен Хорватияның арулары да Мажарстанның астанасында алтыннан алқа тағынды.

Ал қоржынында жалғыз күміс медалі бар Қазақстан құрамасы осы жарыстың жалпы командалық есебінде Италия, Словения және Өзбекстанның дзюдошыларымен бірге 13-16 орындарды бөлісті.